Азаматтар кейбір аймақтарда жүйелі сипатқа ие болатын пойыздардың едәуір уақытқа кешігу фактілеріне бірнеше рет наразы болды.
Осыған байланысты көлік прокурорлары туындаған жағдайлардың себептеріне үнемі назар аударады.
Мәселен, Жамбыл көлік аймағы бойынша прокурорлар магистральдық жолдарда 600-ден астам ауытқуды, ҚТЖ филиалдары уақтылы шаралар қабылдамаған ақаулықтары бар 300 учаскені анықтады.
Магистральдардағы жолдардың тиісті деңгейде ұсталмауы салдарынан поездардың жылдамдығына ұзақ уақыт шектеулер енгізіліп, бұл 300-ден астам жолаушылар поездарының кідірісіне әкелді.
Прокуратураның қадағалау актісі бойынша Жамбыл магистральдық желі, Шу және Сарышаған жол дистанциясы бөлімшелерінің басшылары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Магистральдық инфрақұрылым операторы заңдылықты бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледі.
Басқа жағдайда, ҚТЖ филиалдарының жекелеген лауазымды тұлғалары азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін темір жол оқыс оқиғаларын жасыру әрекеттерін тоқтатпауда.
03.12.2020 ж. Шалқар станциясы бойынша «Маңғышлақ-Алматы»" қатынасындағы жолаушылар поезы жөнелтілгеннен кейін машинист вагонның поездан өздігінен ағытылуы себебінен мәжбүрлі шұғыл тежеу қолданды.
Осы факті бойынша ереже бойынша уәкілетті органға жағдайды есепке алу және жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту үшін дереу хабарлау керек еді.
Оның орнына, жоғарыда аталған жағдайды жасыру мақсатында «ҚТЖ-Жүк тасымалдау» ЖШС – «Ақтөбе ЖТ бөлімшесі» филиалының жауапты лауазымды тұлғалары артқы вагонның соңғы кранының тұтқасы өздігінен ашылуы туралы жалған акт жасады.
Қандыағаш көлік прокурорының араласуынан кейін ғана уәкілетті орган заңды тұлғаға қатысты 2 әкімшілік хаттама толтырылды.
Сондай-ақ, 15 лауазымды тұлға (соның ішінде басшының бірінші орынбасары, вагон депосы мен станциясының бастықтары) тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 2 қызметкер төмен ақы төленетін лауазымдарға ауыстырылды, вагон депосының орынбасарына қатысты еңбек шартын бұзу түрінде шешім қабылданды.
Бас көлік прокуратурасы