Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп нормалары мен мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы

Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік бейнесіне және іскерлік қасиеттеріне қойылатын талаптарды арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қоса беріліп отырған:

1) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі (Мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасының қағидалары);

2) Әдеп жөніндегі уәкіл туралы ереже бекітілсін.

2. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.

3. Осы Жарлық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.


Қазақстан президенті
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев

Бекітілді
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен
2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі
(Мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасының қағидалары))
1. Жалпы ережелер

1. Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық бейнесіне жоғары талаптар қояды.

Қоғам мемлекеттік қызметшілер өздерінің барлық күш – жігерін, білімі мен тәжірибесін өздері жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өз Отаны-Қазақстан Республикасына бейтарап және адал қызмет етеді деп үміттенеді.

Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын ұстануы және оны дәйекті түрде жүзеге асыруы тиіс.

Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді-ҚР Президентінің 05.05.2017 № 471 Жарлығымен.


2. Осы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі (Мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасы қағидалары) (бұдан әрі – Кодекс) Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының заңдарына, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларға сәйкес мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық бейнесіне қойылатын негізгі талаптарды, сондай-ақ олардың мінез-құлқының базалық стандарттарын белгілейді.

Кодекс қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастардың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.

3. Мемлекеттік органдардың басшылары, орталық атқарушы органдарда – орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары немесе белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының өкілеттіктері жүктелген лауазымды адамдар, ал орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары немесе көрсетілген лауазымды адамдар болмаған жағдайларда – орталық атқарушы органдардың басшылары осы Кодекс талаптарының орындалуын, осы Кодекстің мәтінін мемлекеттік органдардың ғимараттарында баршаға көрінетіндей жерлерде орналастыруды қамтамасыз етеді.

4. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметке кіргеннен кейін үш күн мерзімде осы Кодекстің мәтінімен жазбаша нысанда таныстырылуға тиіс.

2. Жалпы мінез-құлық стандарттары

5. Мемлекеттік қызметшілер:

1) Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік және басқа тілдерге, Қазақстан халқының салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауға;

2) адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға;

3) өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз ету;

4) жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын шешімдер қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету;

5) мемлекет мүдделеріне нұқсан келтіретін, мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тиімділігіне кедергі келтіретін немесе төмендететін іс-әрекеттерге қарсы тұру;

6) қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін өзінің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыруға, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға; ;

7) өзінің іс-әрекеттерімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан сынға себепкер болмауға, сынағаны үшін қудалауға жол бермеуге, сындарлы сынды кемшіліктерді жою және өз қызметін жақсарту үшін пайдалануға;

8) жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың қызметіне ықпал ету үшін қызметтік жағдайын пайдаланбауға;;

9) шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпау;

10) мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, автокөлік құралдарын қоса алғанда, сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті ұтымды, тиімді және тек қызметтік мақсатта ғана пайдалануға;

11) қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, өзінің қызметтік міндеттерін адал, әділ және сапалы орындауға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалануға;

12) Мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың сұраныстарына толық бағдарлай отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру жөнінде тұрақты негізде шаралар қабылдау;

13) заңда тәртіптік, әкімшілік не қылмыстық жауаптылық көзделген теріс қылықтар мен өзге де құқық бұзушылықтардың жасалуына жол бермеуге міндетті.

14) іскерлік этикет пен ресми мінез-құлық ережелерін сақтауға міндетті.

Мемлекеттік қызметшінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде оның сыртқы келбеті мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуі, ресми, ұстамдылық пен ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік стильге сәйкес келуі тиіс.

Ескерту. 5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтін өзгермейді: ҚР Президентінің 24.01.2019 № 828 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).


6. Мемлекеттік қызметшілер қызметтік жағдайын және онымен байланысты мүмкіндіктерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүдделеріне, оның ішінде оларға өзінің көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбауға тиіс.

Мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде басшы лауазымдар атқаратын мемлекеттік қызметшілер ұжымда өздерінің діни нанымдарын ашық көрсете алмайды, бағынысты қызметшілерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне қатысуға мәжбүрлей алмайды.

3. Қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттары

7. Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта:

1) жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық жағдайларына, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиетін және қоғамдық имандылықты қорлайтын масаң күйде болуға жол бермеуге; ;

2) қарапайымдылық танытуға, тиісті қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға; ;

3) өз тарапынан қоғамдық имандылыққа, тәртіп пен қауіпсіздікке қол сұғушылықпен ұштасқан заңнама талаптарын бұзуға жол бермеуге және құқыққа қарсы, қоғамға қарсы іс-әрекеттер жасауға басқа азаматтарды тартпауға міндетті.

4. Қызметтік қатынастардағы мінез-құлық стандарттары

8. Мемлекеттік қызметшілер әріптестерімен қызметтік қарым-қатынаста:

1) ұжымда іскерлік және достық өзара қарым-қатынастар мен сындарлы ынтымақтастықты орнату мен нығайтуға ықпал ету;

2) басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызметтік әдеп нормаларын бұзудың жолын кесуге не оған жол бермеу жөнінде өзге де шаралар қолдануға; ;

3) ұжымдағы әріптестерінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жеке және кәсіби қасиеттерін талқылаудан бас тартуға;;

4) әріптестерінің лауазымдық міндеттерін орындауына кедергі келтіретін әрекеттерге (әрекетсіздікке) жол бермеуге міндетті.

9. Бағынышты қызметкерлермен қарым-қатынаста басшылар:

1) өзінің мінез-құлқымен бейтараптықтың, әділдіктің, риясыздықтың, жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне құрметпен қараудың үлгісі болуға;

2) меритократия қағидаттарын сақтауды қамтамасыз етуге, кадр мәселелерін шешу кезінде туыстық, жерлестік және жеке басына берілгендік белгілері бойынша артықшылық көрсетпеуге;

3) олардың қызметінің нәтижелерін бағалау, сондай-ақ көтермелеу және жазалау шараларын қолдану кезінде әділдік пен объективтілік таныту;

4) Еңбекті, денсаулықты қорғауға, тиімді қызмет үшін қауіпсіз және қажетті жағдайлар жасауға, сондай-ақ қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетіне кемсітушіліктің және қол сұғушылықтың кез келген нысандарын болдырмайтын қолайлы моральдық-психологиялық ахуал жасауға бағытталған шаралар қабылдауға;;

5) қызметтік емес сипаттағы мәселелерді шешу кезінде олардың қызметіне ықпал ету үшін қызметтік жағдайын пайдаланбауға;

6) құқыққа қарсы әрекеттер, сондай-ақ жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормалармен үйлеспейтін әрекеттер жасауға мәжбүрлемеуге;

7) оларға қатысты негізсіз айыптауларға, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және әдепсіз мінез-құлық фактілеріне жол бермеуге міндетті.

10. Төмен тұрған лауазымдарды атқаратын мемлекеттік қызметшілер:

1) басшылардың тапсырмаларын орындау кезінде тек объективті және дұрыс мәліметтерді ұсыну;

2) өздеріне мәлім болған қызметтік әдеп нормаларын бұзу жағдайлары және Мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар туралы басшылыққа және Әдеп жөніндегі уәкілге дереу хабарлауға;;

3) басшының заңды тапсырмаларын орындауға кедергі келтіретін әрекеттерге (әрекетсіздікке) жол бермеу;

4) басшылыққа қатысты жеке берілгендік көріністеріне, олардың лауазымдық мүмкіндіктері есебінен пайда мен артықшылықтар алуға ұмтылуға жол бермеуге міндетті.

5. Көпшілік алдында сөйлеуге байланысты мінез-құлық стандарттары,
оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында

11. Мемлекеттік орган қызметінің мәселелері бойынша көпшілік алдында сөйлеуді оның басшысы немесе мемлекеттік органның осыған уәкілеттік берілген лауазымды адамдары жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп нормалары мен мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы
Дата публикации
29 декабря 2015