
Мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін одан әрі қысқарту мақсатында 2020 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы реформалар жөніндегі Жоғары Кеңес мақұлдаған және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № 908 қаулысымен бекітілген Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары (бұдан әрі – кешенді жоспар) қабылданды.
Қазіргі уақытта кешенді жоспарға 637 мемлекеттік меншік және квазимемлекеттік сектор объектілері кіреді, оның ішінде 5 республикалық меншік объектілері, 219 коммуналдық меншік объектілері, 265 ұлттық холдингтер мен компаниялар объектілері, 148 ӘКК объектілері.
Мемлекеттік мүлік тізілімі веб-порталының деректеріне сәйкес 2025 жылғы 17 наурыздағы жағдай бойынша Кешенді жоспардың 637 объектісінің ішінен:
918,3 млрд. теңге сомасына 392 объекті бәсекелес ортаға берілді (6,4 млрд. теңге сомасына 3 республикалық меншік объектісі, 9,5 млрд. теңге сомасына 144 коммуналдық меншік объектісі, 900,6 млрд. теңге сомасына 129 ұлттық холдингтер мен компаниялар объектісі («ҚазМұнайГаз «ҰК» АҚ IPO/ SPO, «Эйр Астана» АҚ және «KEGOC» АҚ қоса алғанда), ӘКК-нің 1,8 млрд. теңге сомасына 116 объектісі);
69 нысан қайта ұйымдастыруға/таратуға бағытталған;
21 нысан сауда саттықта;
155 нысан сатылымға дейінгі дайындықта.
Іске асыру, қайта ұйымдастыру және тарату бөлігінде кешенді жоспардың орындалуы 72% . құрайды.