Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Cыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болу қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы
28 қыркүйектегі № 1103 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Cыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болу қағидасы (бұдан әрі – Қағида) осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
Қағиданың 15-тармағы 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«15. Ақша түріндегі мүлік бюджеттің кірісіне немесе Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес Арнаулы мемлекеттік қорға есепке жатқызылады. Шетел валютасы осы Қағиданың 7-тармағында көзделген шешім қабылданған күні не меншік иесінің болашақта мүлік құқығын мемлекеттік меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шартында белгіленген беру күні айқындалған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми валюта айырбастау бағамы бойынша тиісті бюджеттің кірісіне немесе Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес Арнаулы мемлекеттік қорға есепке жатқызылады.
Бюджетке салықтық емес түсімдер болып табылатын көрсетілген ақшалай қаражатты тиісті бюджетке аударуды меншік иесі осы Қағиданың 7-тармағында көзделген шешім қабылданғаннан кейін күнтізбелік жиырма күн ішінде «Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасының кейбір мәселелері» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы
4 сәуірдегі № 149 бұйрығымен бекітілген Бірыңғай бюджеттік сыныптаманың тиісті кодтарына жүргізеді. Меншік иесінің болашақта мүлік құқығын мемлекеттік меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шарты бойынша ақшалай қаражатты аудару сыйға тарту шартында белгіленген мерзімде жүзеге асырылады.».
Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілетін осы қаулының 2-тармағын қоспағанда,
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі О. Бектенов