Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Республикалық мемлекеттік заңды тұлғалармен жұмыс басқармасы туралы ереже

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Төрағасының
2015 жылғы 12 қаңтардағы
№ Л-5
бұйрығымен
БЕКІТІЛГЕН

 

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің

Республикалық мемлекеттік заңды тұлғалармен жұмыс басқармасы туралы ереже

 

 

  1. Жалпы ережелер

 

  1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Республикалық мемлекеттік заңды тұлғалармен жұмыс басқармасы (бұдан әрі – Басқарма) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің (бұдан әрі – Комитет) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
  2. Басқарма өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 11 қарашадағы № 489 бұйрығымен бекітілген Комитет туралы ережені (бұдан әрі – Комитет туралы ереже), сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
  3. Басқарманың штат саны Комитет туралы ережеге сәйкес бекітілген штат санының лимиті шегінде Комитеттің Төрағасы бекітеді.

 

 

  1. Басқарманың негізгі міндеттері, функциялары,
    құқықтары және міндеттемелері

 

  1. Міндет: республикалық мемлекеттік мүлікке билік ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу.

Жүктелген міндетке сәйкес Басқарма мынадай функцияларды жүзеге асырады:

1) республикалық мемлекеттік заңды тұлғаларды тарату, қайта ұйымдастыру немесе жекешелендіру туралы Комитет ұсыныстарының жобаларын дайындау;

2) мемлекеттік заңды тұлғаларды мүліктік кешендер ретінде мемлекеттік мүліктің бір түрінен екіншісіне қабылдау-беру мәселелері бойынша Комитет ұсыныстарының жобаларын дайындау;

3) републикалық мемлекеттік заңды тұлғалардың жұмыс істеуі мен оларды басқару мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар дайындау;

4) мынадай:

республикалық мемлекеттік мекемелердің жарғыларын бекіту, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың филиалдар мен өкілдіктер құруы;

шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың үшiншi тұлғалардың мiндеттемелерi бойынша кепiлгер болуы немесе кепiлдiк беруі;

шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың қарыз беруі;

шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорындарға тиесілі акцияларға билік ету;

республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың дебиторлық берешекті беруі немесе есептен шығаруы бөлігінде республикалық мүлікке қатысты республикалық меншік құқығы субъектісінің (мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның) құқықтарын іске асыру мәселелері бойынша Комитет шешімдерінің жобаларын дайындау;

5) мемлекеттік басқару органының ұсынуы бойынша республикалық мемлекеттік кәсіпорын қызметінің нысанасы мен мақсатын, сондай-ақ республикалық мемлекеттік кәсіпорынның түрін айқындауға қатысу;

6) республикалық мемлекеттік кәсіпорындарды және мекемелерді құру, қайта құру, тарату және жекешелендіру, республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың басқа заңды тұлғаны құру, сондай-ақ оның құрылтайшысы (қатысушысы) болу мәселелері бойынша тиісті саланың уәкілетті органдарының ұсыныстарын қарауға қатысу;

7) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу.

  1. Міндеттерді іске асыру және жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін Басқарма мынадай құқықтар мен міндеттерге ие:

1) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Комитет шешімдерінің жобаларын әзірлеу;

2) Басқармаға жүктелген міндеттерді орындауға қажетті құжаттарды, есептерді, анықтамаларды және басқа да материалдарды мемлекеттік басқару органдарынан, жергілікті атқарушы органдардан, Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінен сұрату және алу;

3) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша семинарларға, кеңестерге және басқа да іс-шараларға қатысу;

4) өз құзыреті шегінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;

5) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік және мемлекеттік емес органдармен және ұйымдармен қызметтік хат алмасуды жүргізу;

6) Басқармаға жүктелген міндеттер мен функцияларды іске асыру үшін Комитеттің құзыреті шегінде өзге де құқықтарды жүзеге асыру.

 

 

  1. Басқарманың қызметін ұйымдастыру

 

  1. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік актілеріне сәйкес өзінің негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыруға қажетті өкілеттіктерге ие.
  2. Басқарманы Комитеттің Төрағасы лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын басшы басқарады.
  3. Басқарма басшысы Басқарманың қызметіне жалпы жетекшілікті жүзеге асырады және Басқармаға жүктелген міндеттер мен функцияларды орындау мен жүзеге асыруға дербес жауапты болады.
  4. Басқарма басшысы:

1) Басқарма қызметкерлерінің өз қызметтік міндеттері мен Комитет басшылығының тапсырмаларын тиісті түрде орындауына бақылауды жүзеге асырады;

2) өз құзыреті шегінде өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

  1. Басқарма басшысы болмаған кезде оның міндеттерін бас сарапшылардың бірі атқарады.
  2. Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Басқарманың атынан Комитеттің басқа Басқармаларына жіберілетін құжаттарға Басқарма басшысы, ал болмаған жағдайда оның міндетін атқаратын адам қол қояды.
Дата публикации
06 января 2020