«Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) мүлікті есепке алудың, сақтаудың, бағалаудың және одан әрі пайдаланудың кейбір мәселелері» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 шілдедегі № 833 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

  

         Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

  1. «Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алудың, сақтаудың, бағалаудың және одан әрi пайдаланудың кейбiр мәселелерi» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 шілдедегі № 833 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

          көрсетілген қаулымен бекітілген Жекелеген негiздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрi пайдалану қағидаларында:

          9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«9. Тізімдеу актілерін есепке алу үшін осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мүлікті тізімдеу, бағалау және (немесе) қабылдау – беру актілерін есепке алудың электрондық кітабы (бұдан әрі - есепке алу кітабы) жүргізіледі.

Есепке алу кітабын уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган мемлекеттік мүлік тізілімінде жүргізеді.

Уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органның басшысы есепке алу кітабын жүргізуге жауапты қызметкерлерді айқындайды.

Есепке алу кітабында тізімдеу актілері түсуіне қарай тіркеледі. Есепке алу кітабындағы жазбалар уақтылы жүргізілуі және уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органның есепке алу кітабын жүргізуге жауапты қызметкерлердің электрондық цифрлық қолтаңбасымен бекітілуге тиіс.»;

10-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Түгендеу карточкасының тақырыбы мүліктің кімге берілгені, мүлікті беру күні туралы мәліметтерді қамтиды. Мүлікті сатқан кезде түгендеу карточкасында бюджетпен немесе Арнаулы мемлекеттік қормен есеп айырысу мерзімдері, төлем құжатының (құжаттарының) нөмірі мен күні көрсетіледі.»;

мынадай мазмұндағы 12-1-тармақпен толықтырылсын:

«12-1. Уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органның теңгерімінде стандарттарда, техникалық талаптарда, технологиялық нұсқаулықтарда, сақтау жөнiндегi нұсқаулықтарда, тауарлардың жекелеген түрлерiн сақтау ережелерiнде, қойма үшiн мiндеттi өзге де арнайы нормативтiк құжаттарда белгiленген сақтау талаптарына (режимiне) сәйкес келетін қойма үй-жайлары болған кезде, мүлікті сақтау аталған үй-жайларда жүзеге асырылады.»;

18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«18. Тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени құндылығы болуы мүмкін мүлікті Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» және «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңдарына сәйкес құрылатын тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссия және ұлттық мәдени игілік объектілерінің айрықша режимі жөніндегі сараптама комиссиясы қарайды.

Тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени құндылыққа жатқызылған мүлiк тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкiлеттi органмен келiсу бойынша мемлекеттік музейлерге өтеусiз берiлуі мүмкін.»;

20 және 21-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«20. Ақша түрiндегі мүлiк бюджет кiрiсiнің есебіне немесе Арнаулы мемлекеттік қорға есептелінеді. Шетел валютасы операция жасалған күнi белгiленген валюта айырбастаудың ресми бағамы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң филиалдары арқылы бюджет кiрiсiнің есебіне немесе Арнаулы мемлекеттік қорға есептеледі. Жекелеген негiздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған, айырбасталмайтын шетел валютасын қабылдау, сақтау, өткізу тәртібін, сондай-ақ оларды өткізуден түскен ақшаны бюджет есебіне немесе Арнаулы мемлекеттік қорға есептеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлейдi.

Ақша түрiндегi мүлiктi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне және оның филиалдарына берудi осындай мүлiктi алған орган мүлiктiң сомасы, берілу уақыты және алушысы көрсетілген беру туралы хабарламаны уәкiлетті органға жiбере отырып жүргiзедi.

  1. Мемлекеттік мүліктің құрамына түскен салымдар (депозиттер) сомасын банктер толық көлемде номиналды түрде бюджеттің кiрiсiне немесе Арнаулы мемлекеттік қорға аударады.»;

29-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Мүлік туралы ақпаратты шешім қабылданған күннен бастап он бес күнтізбелік күн ішінде уәкілетті орган не жергілікті атқарушы орган мүлікті есепке алу және өткізу бойынша электрондық сервиске бірыңғай қолжетімділік нүктесін беретін www.e-qazyna.kz мекенжайы бойынша Интернет желісінде орналасқан интернет-ресурста (бұдан әрі – тізілім веб-порталы) жариялайды.»;

33-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«33. Сот мүліктің мемлекет меншігіне түсуіне негіз болған актінің күшін жойған (тиісті бөлігін өзгерткен) кезде уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органдар мүлікті заттай қайтаруды жүргізеді. Мүлік Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өткізілген болса, оның құнын өтеу Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес оны өткізуден алынған қаражат шегінде тиісті бюджет қаражаты немесе Арнаулы мемлекеттік қоры есебінен жүргізіледі.

Залалдар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 9-бабының                     4-тармағына сәйкес өтелуге жатады.»;

көрсетілген Қағидаларға 1 және 2-қосымшалар осы қаулыға 1 және                        2-қосымшаларға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

  1. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

 

Қазақстан Республикасының

         Премьер-Министрі                                                     О. Бектенов

Дата публикации
08 апреля 2024