
Жекешелендіру объектісінде мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтары болған жағдайда, сату туралы шешім қабылданғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органға және тиісті орталық атқарушы органдарға олар объектіні жекешелендiргенге дейін осы материалдық құндылықтарды бұдан әрі орналастыру туралы шешім қабылдау үшін хабарлау;
сатып алушының талап етуі бойынша жекешелендiру объектiлерiнiң ауыртпалықтары туралы, сондай-ақ кредиторлық және дебиторлық берешектер сомасы, егер жекешелендiру объектiсi мүлiктiк кешен ретіндегі кәсiпорын болып табылса, жекешелендірілетін кәсіпорынның жасасқан шарттары туралы ақпаратты дайындауды және ұсынуды жүзеге асыру;
республикалық мүлікті жекешелендіруді жүзеге асыру, оның ішінде республикалық мүлікті, сондай-ақ нарықта үстем немесе монополиялық жағдайға ие табиғи монополия субъектілері немесе нарық субъектілері болып табылмайтын мүліктік кешен ретінде кәсіпорындарды жекешелендіру туралы шешім қабылдау, объектіні жекешелендіруге дайындау процесінде республикалық мүліктің сақталуын қамтамасыз ету, жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тарту, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз ету, жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру;
«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 100-1-бабына сәйкес баланстық құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 2 500 000 еселенген мөлшерінен асатын Жекешелендіру объектілерін бағалауды халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес тәуелсіз консультанттар жүзеге асырады.
Баланстық құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 2 500 000 еселенген мөлшерінен кем болатын Жекешелендіру объектілерін бағалау Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Тәуелсіз консультантты тарту Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 маусымдағы №382 қаулысымен бекітілген тәуелсіз консультантты тарту қағидаларында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
Жекешелендіру объектілерін бағалау үшін көрсетілетін қызметтерді берушіні (бағалаушыны) таңдау «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес конкурс өткізу арқылы жүзеге асырылады
«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 99-бабына сәйкес жылжымайтын мүлікті жекешелендіру кезінде Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жер учаскесіне құқық сатып алушыға өтеді.
Жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын сатып алушы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жеке төлейді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы №920 қаулысымен бекітілген Жекешелендіру объектілерін сату Қағидаларының 31-тармағына сәйкес сатушы мен Бірыңғай операторға, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, сауда-саттықты дайындау мен өткізудің бүкіл кезеңі ішінде сауда-саттыққа қатысушыларға қатысы бар ақпаратты жария етуге жол берілмейді.
Объектіні сату бағасы Мемлекеттік мүлік Тізілімінің веб-порталының электрондық сауда алаңында көрсетіледі және барлық пайдаланушыларға қолжетімді.