Астана, 2026 жылғы 30 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі және сингапурлық OXUS METALS AI PTE. LTD. технологиялық компаниясы жер қойнауын геологиялық зерттеу кезінде жасанды интеллектті қолдану саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумға Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Дархан Мырзабаев, Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мухаметкалиев және OXUS METALS AI PTE. LTD. компаниясының негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры David Zhen Yin қол қойды.
OXUS Metals AI перспективалы кен орындарын іздеу және геологиялық деректерді талдау үшін жасанды интеллектті қолдануға маманданған. Компанияның технологиялық командасы Stanford University және MIT секілді әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында жұмыс істеген және зерттеу жүргізген мамандарды біріктіреді әрі геологиялық барлау мен аса маңызды минералдық ресурстарды іздеуге арналған ЖИ-шешімдерді дамытады.
Ынтымақтастық аясында перспективалы учаскелерді іздеу және барлау мақсатында геологиялық, геофизикалық және геохимиялық деректерді кешенді талдау үшін жасанды интеллект технологиялары қолданылатын болады.
Геологиялық деректерді геологиялық ЖИ-модельдерінде пайдалану үшін машинада оқылатын форматқа көшіруге, сондай-ақ кернді цифрландыруға ерекше назар аударылады. Тараптар қазақстандық мамандарды даярлауды және геологияда жасанды интеллектті пайдалану саласындағы құзыреттерді беруді ұйымдастырады.
Мұндай ынтымақтастық жасанды интеллектті пайдалану арқылы жаңа кен орындарын іздеу және барлау саласындағы құзыреттерді дамытуға бағытталған.
Мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заңнама талаптары мен қызметтік әдеп нормаларын сақтау мәдениетін қалыптастыру мақсатында түсіндіру семинары өткізілді.
Іс-шара барысында мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптары, Әдеп кодексінің нормалары және мемлекеттік қызметшілердің ресми мінез-құлық қағидалары жан-жақты түсіндірілді.
Семинардың бірінші бөлімінде мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттері, қызметтік тәртіп пен әдеп талаптары, әлеуметтік кепілдіктер, мемлекеттік қызметті тоқтатудың негіздері, қаржылық бақылау шаралары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қаралды. Сонымен қатар мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілік мәселелеріне назар аударылды.
Екінші бөлімде мемлекеттік қызметшілердің іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауы талқыланды. Атап айтқанда, ойын мекемелеріне баруға жол бермеу, діни сенімдерді өзгелерге таңбау және бағынысты қызметшілерді діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға мәжбүрлемеу талаптары түсіндірілді.
Семинар барысында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік міндеттерін орындау кезінде заң талаптарын қатаң сақтауы, әдеп нормаларын ұстануы және кәсіби жауапкершілік танытуы мемлекеттік қызметтің сапасы мен қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтудың маңызды факторлары екені атап өтілді.
Түсіндіру іс-шаралары мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, қызметтік әдеп мәдениетін қалыптастыруға және заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Минск қаласында (Беларусь Республикасы) ТМД Жер қойнауын барлау, пайдалану және қорғау жөніндегі үкіметаралық кеңесінің XXIX сессиясында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің төрағасы Қанат Ерубаев төрағалық етуші тараптың өкілі ретінде аталған құрылымның өткен кезеңдегі қызметі туралы есеп берді.
Сондай-ақ Қазақстан тарапынан Қ.И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Саида Нигматова және геология және геофизика жөніндегі сарапшы Дулат Әжғалиев сөз сөйледі. Сонымен қатар Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғыз Республикасы, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның геологиялық қызметтері басшыларының 2025-2026 жылдардағы жұмыс нәтижелері және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жер қойнауын барлау, пайдалану және қорғау жөніндегі бірлескен жұмыстардың перспективалық жоспарын іске асыру барысы туралы баяндамалары тыңдалды.
«Mineral Museum» (Қазақстан) қоғамдық қоры мен «Геологиялық музей» (Өзбекстан) мемлекеттік мекемесінің басшылары Геологиялық және минералогиялық музейлердің халықаралық қауымдастығын құру туралы бастама көтерді. Бұдан басқа, ТМД-ға мүше мемлекеттердің жер қойнауын аймақтық зерттеу, геологиялық картаға түсіру және шекаралас аумақтардың минералдық-шикізаттық әлеуетін зерделеу мен бағалау жөніндегі халықаралық жобаларды іске асыру салаларындағы ынтымақтастығының келешегі талқыланды.
Қолданбалы минералого-геохимиялық және заманауи зертханалық-талдамалық зерттеулер саласында тәжірибе алмасуға, ақпараттық технологияларды дамыту мен енгізуге, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жер қойнауын барлау, пайдалану және қорғау жөніндегі 2023-2030 жылдарға арналған бірлескен жұмыстардың перспективалық жоспары іс-шараларын іске асыруға қатысты өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды.
Сессия қорытындысы бойынша Үкіметаралық кеңеске келесі жылға төрағалық ету өкілеттігін Беларусь тарапына беру рәсімі өтті.
Қазақстанның жас геологтар құрамасы Италияның Турин қаласында өткен Жер туралы ғылымдар жөніндегі 19-шы халықаралық олимпиадада (International Earth Science Olympiad — IESO 2026) 9 медаль жеңіп алды.
Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Мансур Турсунғалиев, Әмір Дарынов, Сара Мұхтарханова және Нурия Мұханбетали ел намысын қорғады.
Олимпиада қорытындысы бойынша қазақстандық оқушылар 1 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль иеленді.
Жер туралы ғылымдар жөніндегі халықаралық олимпиада әлемнің әртүрлі елдерінен келген оқушылардың басын қосып, геология, география, қоршаған орта туралы ғылымдар және Жерді зерттеуге қатысты басқа да ғылыми бағыттар бойынша білім мен практикалық дағдыларды дамытуға бағытталған. Байқау бағдарламасы теориялық дайындықпен қатар, алған білімді практикада қолдана білуді талап ететін жеке және командалық кезеңдерді қамтиды.
Командалық кезеңдердің бірі — Earth Science Project (ESP). Оның қорытындысы бойынша:
Халықаралық командалық ITFI кезеңінде де Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетті:
Ал жеке Written Test кезеңінде Әмір Дарынов қола медальға ие болды.
Осылайша, IESO 2026 олимпиадасының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында 9 медаль: 1 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль бар.
Қазақстандық оқушылардың жоғары нәтижесі жүйелі дайындықтың нәтижесі болды. Дайындық барысында олар оқытушылар мен сарапшылардан дәріс алып, практикалық және далалық жаттығулардан өтті, сондай-ақ командалық жұмыс дағдыларын жетілдірді. Халықаралық олимпиадаға қатысу жас зерттеушілерге Жер туралы ғылымдар саласындағы білім деңгейін ғана емес, талдау жасау, практикалық міндеттерді шешу және командада жұмыс істеу қабілеттерін де көрсетуге мүмкіндік берді.
Қазақстан құрамасының бұл жетістігі мектеп оқушылары арасында Жер туралы ғылымдарды кеңінен насихаттау, сондай-ақ жас ұрпақтың геология, география, экология және басқа да жаратылыстану-ғылыми бағыттарға қызығушылығын арттыру тұрғысынан маңызды.
Қазақстан құрамасының IESO 2026 олимпиадасына қатысуы команданың бас демеушісі болған Шахмардан Есенов атындағы қордың қолдауының арқасында мүмкін болды.
IESO 2026 олимпиадасындағы нәтиже қазақстандық оқушылардың халықаралық зияткерлік жарыстардағы жоғары әлеуетін көрсетіп, олардың Жер туралы ғылымдар саласындағы алдағы ғылыми-білім беру жобалары мен олимпиадаларға қатысуына берік негіз қалыптастырады.
Қазақстанда пайдалы қазбаларды геологиялық барлау және өндіру үшін қолжетімді аумақтардың көлемі кеңейтілді. Тиісті өзгерістер қатты пайдалы қазбаларды (ҚПҚ) барлау және өндіру бағыттары бойынша жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына енгізілді.
Енгізілген өзгерістер аясында қатты пайдалы қазбаларды геологиялық барлау үшін қосымша 327 мың шаршы шақырым аумақ ашылды. Осылайша, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге қолжетімді аумақтың жалпы көлемі 1,7 млн шаршы шақырымға жетті.
Сонымен қатар перспективалы аумақтарды неғұрлым егжей-тегжейлі геологиялық зерттеуге және пайдалы қазбалардың жаңа нысандарын анықтауға бағытталған 1:50 000 масштабындағы геологиялық түсірілім (ГС-50) жұмыстарын жүргізу үшін жалпы ауданы 103,6 мың шаршы шақырым аумақ айқындалды.
Бағдарламада қатты пайдалы қазбаларды барлау құқығын аукцион арқылы беру үшін арналған аумақтар да қарастырылған. Олардың қатарында жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу нәтижелері бойынша айқындалған 26 учаске, сондай-ақ бұрын жер қойнауын пайдалануға жасалған келісімшарттар тоқтатылған, жалпы ауданы 14,6 мың шаршы шақырым болатын аумақтар бар.
Пайдалы қазбаларды өндіруге арналған учаскелерді ұсыну мүмкіндіктері де кеңейтілді. Аукцион арқылы 34 қатты пайдалы қазбалар учаскесін және 269 кең таралған пайдалы қазбалар (КПҚ) учаскесін ұсыну көзделген. Бұған дейін Бағдарламаға енгізілген учаскелерді қоса алғанда, өндіруге ұсынылатын учаскелердің жалпы саны ҚПҚ бойынша 119-ға, ал КПҚ бойынша шамамен 1600-ге жетеді.
Бұдан бөлек, ұлттық компаниялар үшін де аумақтар қарастырылған. Атап айтқанда, ҚПҚ бойынша барлау жұмыстарын жүргізуге жалпы көлемі 800 шаршы шақырым аумақ және ҚПҚ өндіруге арналған үш учаске ұлттық компанияларға бекітілді.
Енгізілген өзгерістер Қазақстанның минералдық-шикізат базасына қолжетімділікті айтарлықтай кеңейтеді. Бұл ретте инвесторларға геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу және кейіннен пайдалы қазбаларды өндіру үшін ұсынылуы мүмкін учаскелердің тізбесі де кеңейтіледі.
Жаңа учаскелер бойынша барлауға өтінімдер қабылдау ашық және 2026 жылғы 11 қыркүйекке дейін жалғасады.
Қазақстанда ел аумағының геологиялық-геофизикалық зерттелу деңгейін арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу шеңберінде 1:200 000 масштабтағы өңірлік зерттеулер жүргізілуде.
2026 жылдың соңына дейін геологиялық-геофизикалық зерттелген аумақты 2,2 млн шаршы километрге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар негізгі бағыттардың бірі — 1:50 000 масштабтағы неғұрлым егжей-тегжейлі геологиялық түсірілімге (ГС-50) көшу. 2026 жылы алтын, мыс, полиметалдар, сирек жер элементтері, литий, вольфрам, молибден және басқа да стратегиялық пайдалы қазбалардың перспективалы учаскелерін анықтауға бағытталған 20 ГС-50 жобасын іске асыру басталды.
Жобалар аэро-геофизикалық, геохимиялық және зертханалық жұмыстарды, Жерді қашықтан зондтау деректерін дешифрлеуді, бұрғылау жұмыстарын және ұңғымалардағы геофизикалық зерттеулерді қамтитын кешенді зерттеулерді қарастырады.
Сонымен қатар аз зерттелген Солтүстік Торғай және Шу-Сарысу мұнай-газды шөгінді бассейндерінде 2Д сейсмикалық барлау жұмыстарының алты жобасын іске қосу жоспарланған.
Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында заңнамалық тұрғыда аукцион қорытындысы бойынша түсетін қол қою бонусы түсімдерінің кемінде 50%-ын осы мақсаттарға бағыттау бекітілді.
Қазақстан Республикасы өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығымен Қанат Бақытбекұлы Ерубаев Геология комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалды. Бұл туралы ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметі хабарлады.
1986 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Томск политехникалық университетін, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетін бітірген.
2012–2017 жылдары — жеке секторда геолог, бас геолог, атқарушы директор.
2017–2020 жылдары — «Қазгеоақпарат» республикалық геологиялық ақпарат орталығы» ЖШС инженері, бас менеджері, Астана қаласы.
2020–2024 жылдары — ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитетінде салалық басқармалардың басшысы.
2024 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы
Геология комитеті геологиялық қорларда қағаз түрінде сақталған, басымдыққа ие бастапқы геологиялық ақпаратты цифрландыру жұмыстарын толық аяқтады.
Ондаған жылдар бойы жүргізілген геологиялық зерттеулердің нәтижелері есептер, карталар, сызбалар және өзге де архивтік материалдар түрінде жинақталып келді. Бұл бастапқы геологиялық ақпарат жер қойнауын зерттеу, жаңа кен орындарын іздестіру және елдің минералдық ресурстарын одан әрі игеру жөніндегі шешімдерді қабылдау барысында кеңінен пайдаланылады.
Бүгінгі таңда жоспарланған көлем 100% орындалып, жалпы саны 4 818 836 бірлік материал цифрлық форматқа көшірілді. Оның ішінде:
Нәтижесінде геологиялық зерттеулердің материалдарын, есептерді, картографиялық және өзге де архивтік құжаттарды қамтитын басымдыққа ие бастапқы геологиялық ақпараттың бірыңғай цифрлық қоры қалыптастырылды.
Материалдарды цифрлық форматқа көшіру оларды ұзақ мерзімді сақтауға мүмкіндік береді, мұрағаттық құжаттардың жоғалу және бүліну қаупін азайтады. Сондай-ақ жер қойнауын геологиялық тұрғыда зерттеу кезінде пайдаланылатын ақпаратты іздеу мен өңдеу үдерістерін жеделдетеді.
Цифрлық архивтің құрылуы Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын да арттырады. Инвесторлар геологиялық ақпаратқа неғұрлым жылдам әрі ыңғайлы қол жеткізсе, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу және жаңа жобаларды іске асыру жөніндегі шешімдер де соғұрлым жедел қабылданады.
Келесі кезеңде мәтіндік материалдарды автоматты түрде тану, геологиялық деректердің ауқымды көлемін талдау, ақпаратты іздеу және түрлі дереккөздер арасындағы өзара байланыстарды анықтау үшін жасанды интеллект технологияларын енгізу жоспарланып отыр.
Алдағы уақытта цифрландырылған материалдар Жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасымен (ЖҚПБП) біріктіріледі. Бұл құрылымдалған геологиялық ақпаратқа бірыңғай цифрлық сервис арқылы электрондық форматта қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Аталған жобаны іске асыру геология саласын цифрлық тұрғыдан трансформациялаудың маңызды кезеңдерінің бірі саналады. Ол мемлекеттік геологиялық ақпараттық ресурстарды басқару тиімділігін арттыруға, жер қойнауын геологиялық тұрғыда зерттеу үдерістерін жетілдіруге, сондай-ақ инвесторлардың, жер қойнауын пайдаланушылардың және сала мамандарының геологиялық маңызды деректерге қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Астанада VIII Халықаралық жас геологтардың далалық олимпиадасының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Ауқымды халықаралық білім беру жобасы Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінен келген 140 мектеп оқушысын бір алаңға тоғыстырды.
Бір апта бойы қатысушылар геолог мамандарының нақты жұмыс жағдайына барынша жақындатылған тәжірибелік сынақтардан өтті. Жас зерттеушілер геологиялық маршруттарды өту, минералогия, петрография, палеонтология, гидрология, магнитометрия, шлихтық сынама алу, мұнай-газ геологиясы, геологиялық есептерді дайындау, сондай-ақ далалық лагерьді ұйымдастыру және еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша білімдері мен дағдыларын көрсетті.
Олимпиада қорытындысы бойынша жеке есепте «Прикамье жас геологтары» командасының мүшесі Алёна Варлашова жеңімпаз атанды. Екінші орынды Ярослава Береснева («Прикамье жас геологтары»), үшінші орынды «Geo Museum» командасының қатысушысы Әмір Маратов иеленді.
Командалық есепте бірінші орынды Ресей Федерациясының Пермь қаласынан келген «Прикамье жас геологтары» командасы жеңіп алды. Қазақстан құрамасының «Аспан» командасы күміс жүлдеге ие болса, Беларусь Республикасының «Беларусь Республикасының жас геологтары» командасы үшінші орынды иеленді.
Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан-Британ техникалық университетінің білім гранттары Виктория Вильянова («Георуд» командасы) мен Амирхан Исатаевқа («ЖасОникс» командасы) табысталды. Ал Satbayev University ректорының гранттары Бекнұр Оразбайға, Илья Авдеевке және Юлия Першинаға берілді.
Олимпиаданың бас ұйымдастырушысы – «Жас геолог» корпоративтік қоры. Іс-шара Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебімен (физика-математика бағыты) серіктестікте ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті мен Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің қолдауымен өтті.
VIII Халықаралық жас геологтардың далалық олимпиадасы геология ғылымына қызығушылық танытқан дарынды жастарды қолдаудың, геология саласын дәріптеудің және болашақ білікті мамандарды даярлаудың маңызды алаңы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сынақ жүргізу, инспекция, сертификаттау және зертханалық талдау саласындағы әлемдік көшбасшы SGS халықаралық компаниясының делегациясымен Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде кездесу өтті. Келіссөздерге ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан, SGS компаниясының металлургия және консалтинг жөніндегі вице-президенті Стивен Макки, SGS-ның геохимия жөніндегі жаһандық вице-президенті Эндрю Пикеринг, осы компанияның Қазақстан және Каспий өңірі бойынша басқарушы директоры Азер Маммадов, сондай-ақ «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басшылығы қатысты.
Кездесу барысында геология саласындағы, оның ішінде Астана геологиялық хабын дамыту аясындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Қазақстанда зертханалық талдау мен техникалық сараптаманың халықаралық стандарттарын енгізуге және елдің минералдық-шикізат кешенінің инвестициялық тартымдылығын арттыруға назар аударылды.
Кездесу қорытындысында «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ мен SGS компаниясы арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат геология, зертханалық зерттеулер, тәжірибе алмасу және озық халықаралық тәжірибелерді енгізу салаларындағы әріптестікті дамытуды көздейді.
Тараптар кездесу қорытындысы бойынша барлық перспективалы бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделі екендерін растады.