Қазақстан мен Ұлыбритания өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі

 Қазақстан мен Ұлыбритания өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі

Бүгін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ерлан Хаиров Қазақстан Республикасындағы Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі Халықаралық сауда министрлігінің Инвестициялар министрі Грэм Стюартпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар сауда және инвестициялар, транзиттік-көліктік әлеует, жер қойнауын пайдалану және тау-кен өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Ерлан Хаиров Ұлыбритания Қазақстанның стратегиялық әріптестерінің және ірі инвесторларының бірі екенін айтты. Ол сондай-ақ экспортты өзара қолдаудың оң динамикасы бар екенін атап өтіп, сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға, өзара мүдделі салаларда екі жақты ынтымақтастықты кеңейтуге ниет білдірді.

Министр Грэм Стюарт екіжақты және көпжақты іс-шараларды өткізу арқылы оның ішінде қазақстандық, британдық және қытайлық өкілдердің қатысуымен «Бір белдеу – Бір жол» бастамасы бойынша қарым қатынасты тереңдетудің маңыздылығына тоқталды.

Тараптар тау-кен және металлургия, жаңа технологиялар, көлік және өнеркәсіп салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады және Астана қаласында Қазақстан-Британ сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 5-ші отырысын өткізуге өзара қызығушылық танытты.

Кездесу соңында тараптар өткізілген сұхбат үшін бір-бірлеріне алғыс білдіріп, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытудың маңыздылығын айрықша атап өтті.

1

2

3

4

4

5