Қазақстандық геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері, минералдық ресурстар және минералдық қорлар туралы жария есептілік кодексіне сәйкес пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке енгізу алгоритмі (KAZRC кодексі)

1. Есепті дайындау

Қатты пайдалы қазбалардың минералдық ресурстары мен минералдық қорларын бағалау туралы есеп KAZRC кодексінің талаптарына сәйкес Құзыретті тұлға - лицензияланған ұйым немесе білікті маман тарапынан дайындалады.

Есепте KAZRC кодексінің талаптарын сақтай отырып дайындалған шынайы, тексерілетін және құжаттармен расталған деректер қамтылуы тиіс. Сонымен қатар есеп ұсынылған қорытындылар мен бағалауларды тәуелсіз тексеру үшін жеткілікті деңгейде ашықтықты қамтамасыз етуі қажет.

2.Есептерді тексеру

KAZRC кодексіне сәйкес есептілікті дайындаудың тиісті тәжірибесін қамтамасыз ету, сондай-ақ Құзыретті тұлғалар дайындайтын есептердің сапасы мен сенімділігін арттыру мақсатында мынадай ішкі құжаттар бекітілген:

  • KAZRC стандарты бойынша Құзыретті тұлғалар дайындаған есептердің KAZRC кодексіне сәйкестігін тексеру туралы ереже, «Жер туралы ғылымдар саласындағы тәуелсіз мамандар қоғамдастығы» қоғамдық бірлестігінің Атқарушы комитетімен бекітілген
    (CIG, Community of Independent Geoscientists).
  • KAZRC стандарттары бойынша Құзыретті тұлғалар дайындаған есептерді тексеру туралы ереже, ПОНЭН Атқарушы комитеті жанындағы 2023 жылғы 20 ақпандағы № 2 хаттамамен бекітілген.

KAZRC кодексіне сәйкес дайындалған есептерді тексеруді Жер туралы ғылымдар саласындағы тәуелсіз мамандар қоғамдастығының және ПОНЭН-нің Атқарушы комитеттері жанындағы ридерлер тобы жүзеге асырады. Бұл топтың құрамына халықаралық есептілік стандарттарымен жұмыс тәжірибесі бар және Жер туралы ғылымдар саласындағы тәуелсіз мамандар қоғамдастығының, ПОНЭН-нің немесе өзге де танылған кәсіби ұйымдардың мүшелері болып табылатын мамандар тартылады.

KAZRC есептерін тексеру алгоритмі ресми сайттарда орналастырылған:

https://cig.org.kz/reports
https://ponen.kz/reports

  1. Есепті ұсыну

Есепті жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға, яғни ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитетіне жолдайды.

  • KAZRC кодексінің стандарттары бойынша пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке енгізу жер қойнауын пайдаланушылардың өтініші негізінде жүзеге асырылады. Өтініш жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға еркін нысанда қағаз және/немесе электрондық түрде ұсынылады.
  • Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі: KAZRC кодексіне сәйкес Құзыретті тұлға дайындаған және растаған қатты пайдалы қазбалардың минералдық ресурстарын және/немесе минералдық қорларын бағалау туралы есеп; KAZRC кодексінде көзделген кәсіби ұйымға мүшелігін растайтын құжаттың көшірмесі; есеп бойынша ридердің оң қорытындысы; ресурстардың және/немесе қорлардың контурларының координаттары; ұсынылған ресурстар мен/немесе қорлар бойынша деректерді мемлекеттік есепте тұрған ресурстар және/немесе қорлар деректерімен салыстыру кестесі, егер мұндай ресурстар және/немесе қорлар мемлекеттік есепте болса.
  1. Сараптама
  • Уәкілетті орган есептің толықтығын, дұрыстығын және KAZRC нормаларына сәйкестігін тексереді.
  • Егер KAZRC кодексіне сәйкес Құзыретті тұлға дайындаған және растаған қатты пайдалы қазбалардың минералдық ресурстарын және/немесе минералдық қорларын бағалау туралы есепте өндірілген пайдалы қазба көлемі мен шығындарды ескере отырып есептелген ресурстар көлемі бұрын бекітілген өнеркәсіптік санаттардағы қорлармен салыстырғанда жиырма бес пайыздан астамға азайса, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган мұндай өзгерістердің негізділігін қарау мақсатында жер қойнауын пайдаланушыны, минералдық ресурстарды және/немесе минералдық қорларды бағалау туралы есепті дайындаған және тексерген Құзыретті тұлғаларды тыңдауды өткізеді. Қажет болған жағдайда тәуелсіз сарапшылар тартылады.
  1. Мемлекеттік есепке енгізу
  • Тексеру және сараптама сәтті аяқталғаннан кейін есептегі деректер пайдалы қазбалардың мемлекеттік есебіне енгізіледі.
  • Лицензиялау, кен орнын игеру және өзге де шешімдер қабылдау үшін пайдаланылуы мүмкін минералдық қорлар ресми түрде бекітіледі.
  1. Жер қойнауын пайдаланушыны хабардар ету
  • Уәкілетті орган өтініш берушіні деректердің мемлекеттік есепке енгізілгені туралы хабардар етеді. KAZRC кодексіне сәйкес Құзыретті тұлға дайындаған қатты пайдалы қазбалардың минералдық ресурстарын және/немесе минералдық қорларын бағалау туралы есепті қабылдау туралы шешім негізгі және олармен бірге жатқан пайдалы қазбалардың саны мен сапасы туралы мәліметтерді мемлекеттік есепке енгізуге немесе оларға өзгерістер енгізуге, сондай-ақ жер қойнауына мемлекеттік сараптама нәтижелері бойынша бұрын енгізілген мәліметтерді есептен шығаруға негіз болып табылады. Бұл туралы өтініш берушіге хабарланады.
  • Ескертулер анықталған жағдайда есепті пысықтау және ақпаратты қайта ұсыну туралы шешім қабылданады.
Дата публикации
30 июня 2026