
«Жақсы басшы адамдарды қалаған жеріне апарады. Керемет көшбасшы оларды барғысы келмейтін жерге апарады» демекші, өз еңбек жолын орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болудан бастаған Рахметова Айгуль Тлеубердиновнаны бүгінгі күні ұлағатты ұстаз, тәжірибелі мұғалім, керемет көшбасшы ретінде танимыз. Рахметова Айгуль Тлеубердиновна 1961 жылы 31 қазанда Семей облысы, Жарма ауданы, Георгиевка ауылында дүниеге келген. Білімі – жоғары. 1983 жылы Талдықорған облысы Сарқант ауданы Аманбөктер орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып қабылданды. 1985 жылы Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Шар қаласында №62 орта мектебінің тәрбиешісі қызметін атқарды. Мектеп директоры болғанға дейін тәрбие ісінің меңгерушісі, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерінде болды. 1994 жылы 1 қыркүйектен бастап осы мектептің директоры болып тағайындалды. 29 жыл директорлық қызмет атқарған Айгуль Тлеубердиновна сол мектепте ұстаздық қызмет атқарған барлық ұстаздар қауымының, қызметкерлердің көз алдында жақсы басшы ретінде қалыптасты. «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Халыққа білім беру ісінің үздігі» марапаттарының иегері. Оқушыларының жүлделі орындары туралы айтсақ, оның өзі бір үлкен еңбек. Басшы қандай болса, оның қарамағындағы қызметкерлер де сондай болмақ. Қазіргі таңда ол кісі басқарған П.Г.Карелин атындағы орта мектебінің ұстаздары да, оқушылары да аудандық, облыстық, республикалық сайыстардың жүлдегерлері. Көшбасшылар туылмайды, олар жаратылады және барлық басқалар сияқты олар да қажырлы еңбек арқылы танылады.