Ұстаздардың ұстазы атанған білікті педагог – Гульназ Слямовна Тунгатова

Ұстаздардың ұстазы атанған білікті педагог – Гульназ Слямовна Тунгатова

Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім – тәрбие, адамгершілік, адалдық тәрізді ізгі қасиеттерді бойына дарытып, дұрыс бағыт – бағдар беруде ұстаздың еңбегі өлшеусіз. Сондықтан да ұстаз әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Шындығында мұғалім мамандығы сырттай қарапайым болғанымен, ұлағатты ұстаз мәртебесі кез келген жанның маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Осындай білім берудің барлық сатысынан өткен, ұстаздардың ұстазы атанған білікті педагог – Гульназ Слямовна Тунгатова.
1963 жылы 10 тамызда Кезеңсу ауылында дүниеге келген. 1985 жылы Өскемен педагогикалық институтын ойдағыдай тәмамдаған. Содан бері Кезеңсу орта мектебінде шәкірттерге география, биология пәнінен сабақ беріп, оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарған. Бүгінгі таңда «Абай атындағы мектеп – балабақша кешені» КММ – де білім алушыларға тәлім – тәрбие беріп, білім нәрімен сусындатып, өзінің кәсіби шеберлігін, педагогикалық іс – тәжірибесінің озық үлгісін көрсетіп, пәнге деген оқушы қызығушылығын арттырып келеді. Үнемі ізденіс үстінде жүретін, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын ұстаздың атқарған жұмыстарынан мін таппайсың. Ақыл – парасаты өмірде көрген – білгендігімен ұштасып жатады. Әріптестері арасында құрметке бөленіп, керек кезінде көмегін беруге әрдайым дайын тұрады.
Шығыс ойшылы Жүсіп Баласағұн: «Адамның мәңгі болмағы оның ары мен елі үшін еткен еңбегінде» дегендей, Гульназ Слямовна шәкірттерді тәрбиелеуде бар білім – білігін, қажыр – қайратын аянып қалған емес. Осындай жауапкершілікті мойымай көтеріп, 38 жыл бойы ұлы жолда еңбегімен дараланып келе жатқан ұлағатты мамандық иесі. Жүзінен шуақ, сөздерінен жылылық төгіліп тұратын тәжірибелі мұғалімнің білім саласын жандандыруға қосқан өлшеусіз еңбегі облыс және аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталған. Қаншама шәкірті аудандық, облыстық, республикалық білім сайыстары мен олимпиадаларда топ жарып, ұстаз мерейін асқақтатты. Қаншама түлектерді өмір жолына бағыт-бағдар беріп, баптап ұшырды. Бүгінде олар еліміздің түкпір – түкпірінде әртүрлі салада еңбек етуде.
Ол білім беру саласында қарапайым мұғалімнен бастап, лауазымды қызмет атқара жүріп, мамандығына деген сүйіспеншілігі, ерекше құрметі бойына қуат, жанына жігер берді. «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» дегенді ұстанымына айналдырған ұстаз әрбір оқушының тәртібіне айрықша көңіл бөле білді.
Ауыртпалыққа мойымайтын қайсарлығы мен табандылығының арқасында қиындықты жеңе білді, биік белестерді бағындырды. Шәкірттерінің сүйіспеншілігіне бөленген, олардың бойына білім нәрін құйып, өзі де бақытты, өзгелерді де бақытқа жеткізген Гульназ Слямовнаға ұзақ ғұмыр тілейміз