
Ұстаздың мәртебесі, алар асуы биік болғай!
«Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс – тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді» - деген екен әйгілі жазушы Мәлік Ғабдуллин. Бұл сөз құрметті мамандық иесі саналатын ұстаздың бүкіл болмысын байқатып, қадірін арттырып тұрғандай. Осындай өнегелі ісімен, білім беру шеберлігімен ерекшеленген ұстаздың бірі Жарма ауданының Үшбиік ауылында тұрады.
Үлгілі ұстаз, химия және биология пәнінің білгірі Манханова Алтын Қанағатқызы білім беру саласында жемісті еңбек етіп келеді. Теориялық білімі мол, үнемі ізденісте жүретін ұстаз – cаясы кең бәйтерек сынды. Сондай – ақ, дарынды оқушыларды қалыптастыруда өзіндік орны бар талапшыл ұстаз егеменді еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, интеллектуалдық деңгейі биік, азамат тәрбиелеуге бар күш – жігерін жұмсауда.
Манханова Алтын Қанағатқызы 1992-1996 жж Семей қаласындағы педагогикалық институтында оқыған. 1996жылдан бастап «Ақтайлақ би атындағы орта мектебі» КММ – сінде жұмыс жасап келеді. Ол еңбек еткен 27 жылда талай жетістіктерге жетті.
8-11 сынып оқушылары арасында жылма-жыл өтетін республикалық ғылыми жобалар конкурсының, «Зерде» зерттеу жұмысының аудандық, облыстық жүлдегерлері мен республикалық кезеңдерінің қатысушыларын дайындап келеді. Жакула Күшікұлы атындағы химия және биология пәндерінен облыстық олимпиадасында оқушылары 2022 – 2023 жылдары қатарынан II, III орынды иеленді. 2022 жылы облыстық «Химиялық калейдоскоп» турнирінде оқушылары бас жүлде алды. 9 – 11 сынып арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық Олимпиаданың химия және биология пәні бойынша аудандық, облыстық кезеңдердің жүлдегерлерін дайындап, жоғары нәтиже көрсетіп жүрген білікті маман.
Ұстаздық жолын алдыңғы кезекке қоятын, өзгенің уақытын аялап, өз уақытын аямайтын ұстаздың мәртебесі, алар асуы биік болғай!