
«Ұлылықтың басында ұстаз тұрар» - деген халық даналығында. Расында, ұстаз тәлімін алмаған жан жоқ шығар, сірә! Білімді ұрпақ, болашақтың кепілі десек, сол ұрпақтың бойына білім нәрін сіңіретін ұстаздар қашанда құрметке лайық.
Ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде алаулаған жеткіншектер де, парасатты қоғам қайраткерлері де бір адамға қарыздар. Ол – Ұстаз! Ұстаз да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді. Осындай жандардың бірі, саналы өмірінің 39 жылын ұстаздық жолға арнап, білім саласында елеулі қызмет атқарған - Рахметжанова Любовь Канашевна.
Аяулы ұстаз 1962 жылы 19 наурызда Семей облысы, Жарма ауданы, Ильинка ауылында (Сұлусары ауылы) дүниеге келген.
Любовь Канашевна – жемісті ұстаз. Шәкірт тәрбиесін бәрінен жоғары қойды. Тәлімді шәкірттері еліміздің түкпір – түкпірінде өз саласының мақ-таулылары. Қызмет еткен жылдары аудан әкімінің, аудандық, облыстық білім бөлімінің, облыстық кәсіподақ комитетінің, Астана қаласы білім басқармасының мадақтамасымен марапатталды. Сонымен қатар, «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің жемісі – шәкірттерінің жеңісінен табылады. Шәкірттері аудандық, облыстық тарих пәні олимпиадасының, республикалық ғылыми жобалар конкурсының аудандық, облыстық кезеңі, «Зерде» зерттеу жобалар мен шығармашылық жұмыстары конкурсының аудандық кезеңінің, «Менің кіші Отаным» облыстық олимпиадасының, «Ұлы даланың жеті қыры» «Өз жеріңді танып біл» жобасы облыстық байқауының, «Абай сыйы – 2019» 11 сынып оқушылары арасындағы республикалық олимпиаданың, республикалық «Тарих ата» қашықтық олимпиадасының жеңімпаздары.
40 жылға жуық білім беру саласында қызмет еткен ардагер ұстаз әлі де еңбектен қол үзбеген, немерелерінің сабағына бас – көз болып, олар оқитын мектеппен тығыз байланыста.
Ақылмен түйсініп, талғам – танымы¬мен танылған педагог түсінген адамға тарих пәнін меңгеру оңай екенін айтады.
Халық батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді, болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де ұстаз өсіреді» деген сөзі осындай өмірден өзінің мәртебелі орнын тауып, ел қажетіне жараған, болашақтың берік қалыптасуына сүбелі үлес қосқан Любовь Канашевна сынды ұлағаты мол ұстаздарға лайық айтылған.