Оқу жылын қорытындылау

Оқу жылын қорытындылау

Білімді, дәстүрімізді, құндылықтарымызды қастерлей білетін, рухани дүниесі бай жас ұрпақ тәрбиелеу-бүгінгі күннің басты талабы.
Бұл талап-білім беру саласының негізі.
Жарма ауданы білім бөлімінің жоспарына сәйкес, ағымдағы жылдың мамыр айынан ауданның жалпы білім беру мекемелерінде 2022-2023 оқу жылында атқарылған жұмыстар бойынша мектеп директорларының есеп беру жиындары басталды.
Алғашқы жиын Ақтайлақ би атындағы орта мектебінен бастау алып, Аршалы негізгі мектебі, П.Теряев атындағы №17 орта мектептерінде жалғасын тапты.
Ұжым алдындағы есепке Жарма ауданы білім бөлімінің басшысы Қ.Р.Шаймұратов қатысты. Мектеп директорлары баяндамасында жалпы мектеп жағдайы, оның ішінде педагогикалық қызметкерлер, кадрлар, олардың сапалық құрамы, тәрбие жұмыстары, білім сапасы, ҰБТ нәтижелері, мектептегі қауіпсіздік, қауіп-қатердің алдын алу шаралары, ата-аналармен байланыс, тәрбие сағаттары, оқушыларды қосымша білім берумен, ыстық тамақпен қамту, жылдық бюджет, дарынды балалармен жұмыс, мектепішілік оқушыларды дамыту мақсатындағы түрлі іс-шаралар туралы есеп берді. Ұжым мүшелері есеп бойынша өз пікірлерін білдірді.
Жиынды білім бөлімінің басшысы Қ.Р.Шаймұратов қорытындылап, мектеп әкімшілігі тарапынан келешекте атқарылатын жұмыс бағыттарына, атап айтқанда оқу жылын жоғары көрсеткіштермен аяқтау, оқу сапасын көтеру, үздік мұғалімдерді кәсіби жағынан санаттарын жоғарылату, педагог-психологтардың жұмысын жандандыру, мектеп кітапханасын заманауи жаңғырту, «Өнер» мектебі бөлімшесіне өнерлі балаларды көбірек тарту, олармен жұмыс деңгейін арттыру, тәрбие жұмысын барлық деңгейде күшейту мәселелеріне тоқталды.
Сонымен қатар 2023-2029 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамытудың Өңірлік Жол Картасы шеңберінде жасалатын жобалармен таныстырды.