
Ұстаздар күніне арналған салтанат
Жарма ауданы білім бөлімінің жоспарына сәйкес ұстаздардың кәсіби мерекесі 2022 жылдың 3 қазан күні Қалбатау ауылындағы Георгиевка орта мектебінде салтанатты түрде аталып өтті.
Мерекелік шараның бірінші бөлімінде қатысушы мектеп директорлары мен мұғалімдерге, балабақша меңгерушілеріне психолог – педагогтар сергіту сәттерін ұйымдастырып, мерекелік көңіл – күй сыйлады.
II бөлімі «Ұстаздық қызмет – Ұлы құрмет» салтанатты жиынға ұласты.
Мерекелік шараға аудан әкімі Ж.Б.Байсабыров, аудандық мәслихат хатшысы М.М.Оспанбаев, ардагер ұстаздар, мұғалімдер, білім беру саласының мамандары, мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, кәсіподақ ұйымы қатысты.
Аудан ұстаздарының кәсіби, педагогикалық және дарынды оқушыларды тәрбиелеудегі шеберліктері нәтижесінде Жарма ауданының білім беру жүйесі облыста, республикада үздік болып табылады.
Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, тәлім – тәрбие, адамгершілік қасиеттерді бойына дарытып, рухани бағыт – бағдар беруде – ұстаздардың еңбегі зор!
Аудан әкімі Жарқынбек Борашұлы Байсабыров құттықтау сөзінде ұстаздардың осындай қоғамдағы маңызды еңбектеріне тоқтала келіп, ұзақ жылдар білім беру жүйесінде еңбек етіп, бүгінгі күні өркен жайып, өнеге алған шәкірттерінің ыстық ықыласына бөленіп жүрген ардагер ұстаздарды, «Ұстаз» деген қайталанбас есімнің абыройына ие болған үздік педагогтерді Абай облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Абай облысы білім басқармасының Құрмет грамотасымен, Аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапаттады.
Бұдан соң білім бөлімінің басшысы Қанат Рымханұлы Шаймуратов болашақ кепілі – білімді ұрпақ тәрбиелеуде жаңа, тың бастамалардың жалғасын тауып жатқанын, пән мұғалімдерінің білім сапасын көтерудегі еңбектерін атап өтіп, жеке пән мұғалімдерін «Үздік пән мұғалімі» номинациясымен марапаттады.
Мерекелік салтанатта ұстаздарының құрметіне мектеп оқушылары, «Өнер» мектебінің оқушылары өздерінің шын жүректен шыққан ыстық ықыластарын әнмен, күймен, бимен тарту етті.