
2022 жылдың 27 тамызында аудандық Мәдениет үйінде «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбында Жарма ауданы педагогикалық қызметкерлерінің тамыз конференциясы өтті.
Конференция жұмысына Жарма ауданы әкімінің орынбасары Е.А.Бексултанов, аудандық мәслихат хатшысы М.М.Оспанбаев, мекеме, ұйым, бөлім басшылары, ардагер ұстаздар, білім беру мекемелерінің директорлары, мектепке дейінгі ұйым меңгерушілері, директордың оқу – тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, кәсіподақ ұйымы, жас ұстаздар қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Е.А.Бексултанов бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруда білім беру мазмұнын жаңғырту, тәрбие жұмысын жетілдіру бағыттарындағы нәтижелі жұмыстар білім саласы қызметкерлерінің қажырлы еңбектері екенін атап өтті.
Жас ұрпақтың жан – жақты дамыған азамат болып қалыптасуы үшін ауданда тиісті бағдарламалар аясында мектептердің материалдық жағдайлары жылдан – жылға жақсарып келе жатқанын баса көрсетті.
Ауданның білім бөлімінің басшысы Қ.Шаймуратов баяндамасында «Білімді ұлт: сапалы білім беру» ұлттық жобасында білім беру мекемелерінің алдына қойылған міндеттерге, жаңа оқу жылында білім берудің тиімді жүйелерін әзірлеу – басты мақсат болу қажеттілігін атап өтті.
Конференция жұмысында ұзақ жылдар білім саласында қажырлы еңбек етіп, «Ұстаз» деген ұлағатты есімнің абыройына ие болып жүрген ардагер ұстаздарға құрмет көрсетілді.
2021 – 2022 оқу жылының нәтижелері негізінде білім саласы қызметкерлері жемісті еңбектері, шығармашылық табыстары үшін Қазақстан Республикасы оқу – ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен, Алғысымен, Абай облысы білім басқармасының Құрмет грамотасымен, Жарма ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Білім беру мекемелеріне 2021 – 2022 оқу жылының қорытындысы негізінде сапалы білім және саналы тәрбие берудегі дарынды оқушылардың зияткерлік ортасын қалыптастырудағы, балалардың сауықтырылуы мен жазғы демалысын, еңбекпен қамтылуын жоғары дәрежеде ұйымдастырғандары үшін бірнеше білім беру мекемелеріне номинациялар беріліп, I дәрежелі куәліктер, бағалы сыйлықтар табысталды.
Тамыз кеңесінің соңы ұстаздарына шәкірттерінің арнауы, құттықтаулары, ән – билеріне ұласты.