GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпарат
Қызметі
Құжаттар
Комитет туралы
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Все материалы
20 октября 2026
Орман шаруашылығы қызметкерлері кәсіби мерекеге орай марапатталды

Қазақстан Республикасы Экология жіне табиғи ресурстар министрлігінде Орман шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Жиынға министрліктің, орман шаруашылығы саласының қызметкерлері, табиғат қорғау ұйымдарының өкілдері мен ардагерлер қатысты.

Іс-шара барысында министр орман шаруашылығын дамытуға, табиғатты қорғауға және биоәртүрлілікті сақтауға үлес қосқан сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, марапаттар табыстады.

Атап айтқанда, сала қызметкерлері Министрдің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен, «Орман шаруашылығының үздігі» төсбелгілерімен және «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды.

Сондай-ақ табиғатты қорғау ісіне саналы ғұмырын арнаған сала ардагерлерінің көп жылғы еңбегі ерекше атап өтілді.

Орманшылардың күнделікті еңбегі – еліміздің табиғи байлығын сақтауға және келер ұрпаққа жеткізуге қосылған маңызды үлес.

20 октября 2026
Казахстан представил опыт использования данных о миграции животных для сохранения биоразнообразия на КС-17

2026 жылғы 19 қазанда Армения Республикасының Ереван қаласында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев Биологиялық алуантүрлілік туралы конвенция тараптарының 17-конференциясы (КС-17) аясында өткен «Сызықтық инфрақұрылымның биоалуантүрлілікке әсерін азайту үшін жануарлардың қозғалысы туралы деректерді пайдалану» атты қосымша іс-шараға қатысты.

 Іс-шараны Жабайы жануарлардың қоныс аударатын түрлерін сақтау туралы конвенцияның (CMS) Хатшылығы, UNEP-WCMC, Смитсон институты, WWF және Азия даму банкі ұйымдастырды.

 Қазақстан тарапы өз сөзінде қоныс аударатын жануарлар түрлерін сақтау, инфрақұрылымдық жобаларды жоспарлау кезінде олардың көшу бағыттарын ескеру, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды (ЕҚТА) құру және кеңейту үшін спутниктік мониторингті қолдану тәжірибесін таныстырды.

 Қар барысы мен ақбөкенді сақтау нәтижелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстанда қар барысының саны 1990 жылдардағы 80–90 дарақтан 190–200 дараққа дейін өсті. 2021 жылдан бері 16 қар барысына спутниктік қарғыбау орнатылды. Ағымдағы жылғы 19 қазанда Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде алғаш рет «Алтай» деп аталған қар барысына спутниктік қарғыбау орнатылды. Айта кетейік, ұлттық парк трансшекаралық резерваттың құрамына кіреді, ал мұнда мекендейтін қар барыстары трансшекаралық популяцияға жатады.

 Данияр Тұрғамбаев қар барысы мекендейтін аумақтың шамамен 70%-ы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқанын атап өтті. Спутниктік белгілеу деректері ЕҚТА шекараларын ғылыми негіздеу үшін пайдаланылады. Осы деректерді ескере отырып, бірқатар аумақтар кеңейтілді. Алдағы уақытта да осы мәліметтер негізінде ЕҚТА желісін одан әрі кеңейту жоспарлануда.

 2026 жылғы көктемгі әуе санағының қорытындысы бойынша ақбөкен саны 4,6 миллион дарақтан асты. Қазақстанда ақбөкендерді спутниктік белгілеу жұмыстары 2009 жылдан бері жүргізіліп келеді және жыл сайын белгіленген жануарлар саны артып отыр. Қазақстандық мамандар заман талабына сай жаңа технологияларды қолдануда. Қазіргі уақытта GPS датчиктері орнатылған құлақ сырғаларын пайдалану басталды. Соңғы екі жылда Үстірт популяциясындағы 50-ге жуық ақбөкенге осындай сырғалар тағылды. Алынған деректер миграция бағыттарын және сызықтық инфрақұрылым нысандарының әсерін талдау үшін пайдаланылады.

 Іс-шараға қатысушылар жануарларды бақылаудың заманауи технологияларын қолдану, миграциялық дәліздерді сақтау және инфрақұрылымның биоалуантүрлілікке әсерін азайту тәжірибелерімен алмасты.

 Қазақстан тарапы инфрақұрылымдық жобаларды жоспарлаудың бастапқы кезеңдерінде, оның ішінде қоршаған ортаға әсерді бағалау барысында жануарлардың қозғалысы туралы деректерді ескеруді, осы деректердің қолжетімділігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ өңірлік ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды.

 Іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстанның тәжірибесі халықаралық қауымдастыққа таныстырылып, CMS, UNEP-WCMC, Азия даму банкімен, сондай-ақ тұяқты жануарлардың миграциясы атласы мен Move BON желісін қоса алғанда, жануарлар миграциясы туралы деректерге қатысты халықаралық бастамалармен одан әрі өзара іс-қимыл бағыттары айқындалды.

 Қорытындылай келе, Данияр Тұрғамбаев инфрақұрылымды дамыту және жануарлардың миграциялық бағыттарын сақтау ғылыми негізделген шешімдер мен халықаралық ынтымақтастыққа сүйене отырып жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті.

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

20 октября 2026
Өзен кәмшаты су астында қанша уақыт бола алады?

Су астында бірнеше минут бойы демін ұстай алатын бұл жануардың тағы қандай ерекше қабілеттері бар?

Ол қалай жүзеді, немен қоректенеді және су экожүйесінде қандай рөл атқарады?

«Табиғатты таны» айдарының жаңа шығарылымында өзен кәмшаты туралы қызықты деректер жинадық.

Толығырақ карусельден оқыңыз!

19 октября 2026
Қаратау қорығының бірегей табиғаты журналистер назарында

14–15 қазанда Қаратау мемлекеттік табиғи қорығында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған пресс-тур өтті.

Қаратау — сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлардың мекені. Бұл жолы журналистер өңірдің ерекше табиғатын жақыннан көріп, оны қорғау үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанымен танысты.

 Пресс-тур барысында БАҚ өкілдеріне қорықтың биоалуантүрлілігі, сирек кездесетін түрлерді сақтау, ғылыми зерттеулер мен табиғатты қорғау жұмыстары туралы ақпарат берілді.

 Журналистер қорық мамандарының күнделікті қызметімен танысып, табиғи байлықты сақтау жолындағы еңбектерін көпшілікке жеткізуге мүмкіндік алды.

 Қаратаудың табиғаты — еліміздің баға жетпес байлығы. Оны қорғау үшін атқарылып жатқан жұмыстарды жұртшылыққа таныстыру да маңызды.

19 октября 2026
Оңтүстік Алтайда алғаш рет қар барысына спутниктік қарғыбау орнатылды

Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген қар барысына спутниктік қарғыбау орнатылды.

Оңтүстік Алтайда алғаш рет жүргізілген бұл жұмыс сәтті аяқталды. Қар барысына «Алтай» деген ат берілді.

 Спутниктік қарғыбау арқылы мамандар Алтайдың қай бағытта жүретінін, қандай аумақтарды мекендейтінін және қаншалықты алысқа қозғалатынын бақылайды. Бұл мәліметтер қар барысының тіршілігін зерттеп, оны қорғау жұмыстарын жоспарлау үшін қажет.

 Қар барысы көбіне адам бара бермейтін биік тауларда тіршілік етеді. Оны табиғи ортасында бақылау қиын болғандықтан, спутниктік құрылғы зерттеушілерге жануардың қозғалысы туралы нақты деректер алуға мүмкіндік береді.

 16 қазанда Ереванда өткен COP17 саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы қар барысының саны шамамен 190 дараққа жеткенін атап өтті. Мемлекет басшысы бұған табиғатты қорғау және ғылыми бақылау жұмыстарының нәтижесінде қол жеткізілгенін айтты.

 Қарғыбауды орнатуға Катонқарағай ұлттық паркінің қызметкерлері Е. Қасымов, Ж. Аманбаев және Зоология институтының мамандары А. Грачев, М. Беспалов, С. Беспалов, С. Сапарбаев қатысты. Аталған жұмыс Pernod Ricard Kazakhstan компаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда.

 Алдағы уақытта спутниктен алынған мәліметтер негізінде Алтайдың жүретін жолдары мен мекендейтін аумақтары зерттеледі. Бұл Оңтүстік Алтайдағы қар барысын қорғау үшін қажет ақпаратты толықтыруға көмектеседі.

19 октября 2026
«Алтын-Емел – құландар мекені»: Ұлы дала табиғаты мен мәдениеті тоғысқан фестиваль

17 қазанда Жетісу облысындағы «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде дәстүрлі күзгі «Алтын-Емел – құландар мекені» фестивалі жаңа форматта өтті.

 Биылғы шара табиғат, тарих, мәдениет және спортты бір арнаға тоғыстырды.

 Фестиваль бағдарламасында тау трейлі, этникалық музыка орындаушыларының концерті, ежелгі петроглифтерге экскурсиялар және ұлттық қолөнер бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.

 Қатысушылар үшін ең ерекше сәттердің бірі – Қазақстанның сирек кездесетін жануарларының бірі саналатын құландарды табиғи мекенінде бақылау мүмкіндігі болды.

 Фестивальдің басты мақсаты – табиғат пен тарихи-мәдени мұраның өзара байланысын көрсету, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және экологиялық туризмді дамыту.

 Шараға Алматы, Талдықорған және еліміздің өзге қалаларынан табиғат жанашырлары, сондай-ақ шетелдік қонақтар мен халықаралық БАҚ өкілдері қатысты.

 Фестивальді жаңа форматта өткізу бастамасын Qazaq National Parks және «Охотники за петроглифами» қоғамдық қоры көтерді. Ұйымдастырушылар – «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Жетісу облысының әкімдігі, Central Asian Sustainable Tourism Development Foundation және DDA креативті агенттігі.

 Мұндай бастамалар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың туристік әлеуетін арттыруға, биоалуантүрлілікті сақтаудың маңызын насихаттауға және қоғамның табиғатқа деген жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді.

 Алтын-Емел – табиғат пен тарих үндескен Ұлы даланың бірегей мекені!

19 октября 2026
Құрметті орман шаруашылығы саласының қызметкерлері! Қадірлі сала ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Орман шаруашылығы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
 
Орман – еліміздің баға жетпес табиғи байлығының бірі. Оны сақтау және молайту – орман шаруашылығы қызметкерлерінің мойнындағы үлкен жауапкершілік.
 
Орман шаруашылығы саласында еңбек ету үшін мамандық игеру ғана жеткіліксіз. Бұл жұмыс табиғатқа деген сүйіспеншілікті, төзімділікті, жауапкершілікті және күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдай білуді талап етеді. Оның нәтижесі кейде жылдар өткен соң ғана көрінеді. Бүгін отырғызылған жас көшет ертең үлкен ағашқа айналуы, ал қалпына келтірілген орман келер ұрпаққа мұра болып қалуы тиіс.  
 
Соңғы жылдары Қазақстанның орман шаруашылығы саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Мемлекет басшысының мемлекеттік орман қоры аумағында 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында бүгінгі күнге дейін 1,8 миллиардқа жуық көшет отырғызылды.
 
 Арал теңізінің құрғаған табанында 1,1 миллион гектардан астам аумақта орман-мелиорациялық жұмыстар жүргізілді. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында бұл аумақтарда тұз бен құмның таралуын тежеуге, Арал өңіріндегі экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал ететін сексеуіл алқаптары қалыптасып келеді.
 
 Ормандарды өрттен қорғау шаралары да күшейтілуде. Орман және табиғат қорғау мекемелері жаңа өртке қарсы және орман шаруашылығы техникаларымен қамтамасыз етілуде. Өрт ошақтарын дер кезінде анықтап, оларды жедел сөндіруге мүмкіндік беретін заманауи ерте анықтау жүйелері енгізілуде.
 
 Орман тұқымбақтарының желісі дамып, жабық тамыр жүйесі бар көшеттерді өсіруге арналған кешендер құрылуда. Астана қаласының айналасындағы жасыл белдеуді кеңейту, ормандарды қалпына келтіру және еліміздің орманды алқаптарын ұлғайту жұмыстары жалғасуда.
 
 Осы орайда ғалымдарымызға ерекше алғыс білдіргім келеді. Олардың ғылыми зерттеулері ормандардың жай-күйін бағалауға, орманды қалпына келтіру, көшет өсіру, өрт пен зиянкестерден қорғау әдістерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Ғылым мен орман шаруашылығының өзара ынтымақтастығы ғылыми жетістіктерді тәжірибеде тиімді қолдануға жол ашады.
 
Сонымен қатар ормандарды қалпына келтіру мен сақтауға инвестиция тартудың қосымша мүмкіндіктерін ашатын орман көміртегі жобалары сияқты жаңа бағыттар дамуда.
 
 Қазақстан ұсынған «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасы шөлейттенуге қарсы күресуге, қорғаныш орман екпелерін қалыптастыруға, шаңды және құмды дауылдардың әсерін азайтуға бағытталған.
 Осы жетістіктердің барлығының артында, ең алдымен, сіздердің қажырлы еңбектеріңіз тұр.
 
 Біз сіздердің жұмыстарыңыздың қаншалықты күрделі әрі жауапты екенін жақсы білеміз. Сіздер аптап ыстық пен қақаған аязға қарамастан, ауа райының кез келген жағдайында, кейде отбасы мен жақындарыңыздан жырақта еңбек етесіздер. Өрт қаупі жоғары кезеңде орманды қорғауға алғашқылардың бірі болып аттанып, кейде өз өмірлеріңізді қатерге тігесіздер. Әрбір өсірілген ағаштың, сақталған әрбір гектар орманның артында сіздердің маңдай терлеріңіз бен жылдар бойғы тынымсыз еңбектеріңіз жатыр.
 
️ Сала қызметкерлерінің барлығына кәсібиліктері, төзімділіктері және өз істеріне деген адалдықтары үшін шынайы алғысымды білдіремін.
 
 Қадірлі ардагерлерімізге айрықша ризашылығымды жеткізгім келеді. Сіздер саналы ғұмырларыңызды орман шаруашылығына арнап, табиғи байлығымызды сақтауға зор үлес қостыңыздар. Жинақтаған білімдеріңіз бен тәжірибелеріңізді, табиғатқа деген жанашырлықтарыңызды жас ұрпаққа жеткіздіңіздер. Сіздердің еңбектеріңіз әрдайым зор құрметке лайық.
 
 Қымбатты әріптестер! Орманды шын жүрегімен сүйетін, өз ісіне жан-тәнімен берілген сіздердей азаматтармен бірге еңбек ететінімді мақтан тұтамын.
 
Сіздерге және отбасыларыңызға зор денсаулық, бақыт пен бақ-береке тілеймін. Шаңырақтарыңыздан жылулық пен татулық кетпесін, ал еңбектеріңіз әрдайым қуаныш сыйлап, лайықты бағасын алсын! Адал еңбектеріңіз, төзімділіктеріңіз және туған жерге деген шынайы сүйіспеншіліктеріңіз үшін алғыс айтамын!
 
Мерекелеріңіз құтты болсын, құрметті орманшылар! Орман шаруашылығы қызметкерлері күні құтты болсын! Данияр Тұрғамбаев Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы
19 октября 2026
Биоалуантүрлілікті сақтауды қаржыландыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Биологиялық әртүрлілік туралы конвенция тараптарының 17-конференциясы (COP17) аясында өткен «Болашақты қаржыландыру: қаржы ағындарын табиғатқа оң әсер ететін даму мақсаттарымен үйлестіру» тақырыбындағы жоғары деңгейдегі дөңгелек үстелге қатысты.

 Дөңгелек үстелді Армения Республикасының Президенті Ваагн Хачатурян мен Танзания Біріккен Республикасының құрамындағы Занзибар Президенті, Революциялық кеңестің төрағасы Хусейн Әли Мвиньи ашты. Одан кейін бірқатар елдердің министрлері сөз сөйледі. Іс-шараға Дүниежүзілік банк тобы модераторлық етті. 

Қатысушылар биоалуантүрлілікті сақтауға қаржы ресурстарын жұмылдыру және 2030 жылға қарай осы мақсаттарға жыл сайын кемінде 200 млрд АҚШ долларын тарту жөніндегі жаһандық мақсатқа қол жеткізу мәселелерін талқылады.

 Әлібек Қуантыров бастаған Қазақстан делегациясының баяндамасы қабылдаушы тараптың өкілі – Армения Президенті Ваагн Хачатурянның қатысуымен өтті.

 Министр өз сөзінде табиғи экожүйелердің тұрақтылығы экономикалық орнықтылықтың негізі екенін атап өтіп, биоалуантүрліліктің құндылығын бюджеттік жоспарлау, кредит беру және инвестициялық шешімдер қабылдау барысында ескеру қажеттігіне тоқталды. Ол Қазақстанның экожүйелік қызметтер үшін төлем жасау тетіктерін қолдану тәжірибесі мен БҰҰ Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) бірлесіп жүзеге асырылып жатқан БИОФИН бастамасы туралы кеңінен баяндады. Сондай-ақ Іле өзенінің атырауындағы тоғайлы ормандарды қалпына келтіру жұмыстарына тоқталды. Аталған тәжірибе БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) «Әлем ормандарының жай-күйі – 2026» баяндамасына енгізілген.

 Экожүйелерді қалпына келтірудің толық кезеңін – көшет өсіретін тәлімбақтар құрудан бастап, отырғызылған ағаштарға күтім жасау мен мониторинг жүргізуге дейінгі жұмыстарды қаржыландыру қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

 

 Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сирек кездесетін түрлер мен биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық қор құру бастамасын іске асыру аясында министр халықаралық серіктестерді ынтымақтастыққа шақырды. Сонымен қатар даму банктерімен бірлесіп, «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасы аясындағы жобаларды қоса алғанда, өңірлік жобалар портфелін қалыптастыруды ұсынды.

 Әлібек Қуантыров Жаһандық экологиялық қорды (ЖЭҚ), Жасыл климат қорын және даму банктерін табиғат қорғау жобаларын қаржыландыруға қолжетімділікті жеңілдетуге шақырды. Перспективалы қаржылық құралдар ретінде гранттарды, жеңілдетілген қаржыландыруды, кепілдіктер мен жасыл облигацияларды атап өтті.

 Сөз соңында министр Қазақстанның Ереван іс-қимылға шақыру үндеуін қолдайтынын растады.

 Іс-шаралар қорытындысы бойынша Әлібек Қуантыров биоалуантүрлілікті сақтау және табиғатты қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне арналған COP17 көшбасшылар саммитінің жабылу рәсіміне де қатысты.

19 октября 2026
Қазақстан мен Өзбекстан КС-17 аясында экология саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Ереван, 2026 жылғы 16 қазан Биологиялық әртүрлілік жөніндегі БҰҰ конференциясы (КС-17) аясында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Өзбекстан Республикасы Президентінің экология мәселелері жөніндегі кеңесшісі, Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитеттің төрағасы Азиз Абдухакимовпен кездесті.  Өзбекстан тарапы Қазақстанның киік популяциясын сақтау және қалпына келтіру бағытындағы тәжірибесіне жоғары баға берді. Кездесу барысында тараптар Өзбекстан аумағына киіктерді қайта жерсіндіру мәселелері бойынша ынтымақтастықты талқылап, практикалық мәселелерді бірлесіп пысықтауды жалғастыруға уағдаласты.  Азиз Абдухакимов Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, оның аясында қабылданған бастамаларға қолдау білдірді. Өз кезегінде Әлібек Қуантыров аталған бастамаларды іске асыру бойынша нақты жұмыстар басталғанын, оның ішінде «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасы мен ормандарды қалпына келтіру бағытында тиісті шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.  Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі атмосфералық ауаның сапасын жақсарту мәселесі болды. Тараптар таза ауаның екі ел үшін де маңыздылығын атап өтіп, кәсіпорындардан шығатын зиянды шығарындыларды азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат алмасты. Сондай-ақ шекаралас өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсарту бағытында бірлескен жұмыс жүргізуге келісті.  Министрлер өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне де ерекше назар аударды. Атап айтқанда, Орталық Азия елдерінің халықаралық алаңдарда ортақ ұстаным білдіруі бағытында жұмыс жүргізу, сондай-ақ Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) қатысуымен Орталық Азияның Қызыл кітабын әзірлеу барысында өңір мамандарының күш-жігерін біріктіру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.  Бұдан бөлек, тараптар қалдықтарды басқару мәселелерін талқылап, осы саладағы тәжірибе мен озық практикалар алмасуды жалғастыруға келісті.  Кездесу қорытындысы бойынша тараптар талқыланған барлық бағыттар бойынша тығыз ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендерін растады.

19 октября 2026
Қасым-Жомарт Тоқаев COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде сөз сөйледі

Мемлекет басшысы саммитке қатысушыларға ілтипат білдіріп, қонақжайлық танытқаны және БҰҰ Биоалуантүрлілік бойынша конференциясы аясындағы көшбасшылар саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Премьер-министр Никол Пашинянға алғыс айтты. Президент табиғатты сақтау жөнінде келер ұрпақ алдында ортақ жауапкершілік пен халықаралық күш-жігерді үйлестіру қажет екенін еске салды.

– Біз табиғат тартуын болашаққа жеткізуді көздейтін халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында жиналып отырмыз. Яғни күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келуі ықтимал өскелең ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік жөнінде сөз қозғадық. Бұл – біздің өркениетіміздің аман қалуына да қатысты мәселе. Өйткені биоалуантүрлілік адамдар игілігін, экономикалық орнықтылықты және ұзақмерзімді қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өте қажет. Бүлінбеген экожүйелер азық-түлік өндірісінде, су ресурстарын қорғауда және миллиондаған адамды кіріс көзімен қамтуда маңызды рөл атқарады. Шөлейттену және су тапшылығы, басқа да экологиялық проблемалар табиғат пен адам арасындағы нәзік тепе-теңдікке орасан қауіп төндіреді. Судың жеткіліксіздігі мен жердің тозуы миллиондаған адам үшін үйреншікті жағдайға айналды. Мұның салдары тым ауыр. Себебі бұл үдерістер мемлекеттер аумағынан ары асып, орнықты дамуды тежейді әрі жаһандық тұрақтылыққа зардабын тигізеді. Мұқият ойластырылған және нақты шараларды қамтитын экологиялық күн тәртібі саяси қайшылықтарды еңсеруі қажет. Бізге шынайы серіктестікке, бөліп-жармауға негізделген, ең бастысы, нақты нәтижелерге қол жеткізуді көздейтін халықаралық ынтымақтастық керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Социальные сети
Facebook
Instagram
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы