Қызылордада браконьерліктің ірі фактісі анықталды

Қызылордада браконьерліктің ірі фактісі анықталды

2025 жылғы 6 наурызда Қызылорда қаласында ҚР ЭТРМ ОШЖДК «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторлары, Қызылорда облысы полиция департаментінің қызметкерлері және табиғат қорғау полициясы бірлесіп жүргізген рейдтік және жедел-іздестіру шаралары барысында заңсыз аң аулау, сондай-ақ жануарлардың бөлшектері мен дериваттарын сақтау фактілері анықталды.

Арнайы рейд барысында «Volkswagen Crafter» автокөлігіндегі үш күдікті тұлға ұсталды. Полицейлер оларды тоқтатуға әрекет жасаған кезде, күдіктілер заңды талаптарға бағынбай, аулалар арқылы қашуға тырысқан.

Көлікті тексеру барысында 39 бас және бөлшектелген жануар ұшасы, сыртқы белгілері бойынша ақбөкенге ұқсас екені анықталды.

Кейіннен ұсталғандардың байланыстары тексеріліп, Қызылорда қаласындағы үйлердің бірінде тінту жүргізілді. Нәтижесінде 84 ішкі мүшелері тазартылған өлі денелері, сондай-ақ терілер тәркіленді. Аталған қылмысты жасады деген күдікпен тағы үш жергілікті тұрғын ұсталды.

Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 339-бабы бойынша қылмыстық істер қозғалды.