
2025 жылғы 29 қаңтарда түнгі сағат 02:00 шамасында «Көкшетау» МҰТП мемлекеттік инспекторлары Зеренді ауданының полиция қызметкерлерімен бірлесіп, ұлттық парктің Жыланды орманшылығының қорғалатын аймағында рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында заңсыз аңшылық фактісін анықтады.
Зеренді – Қарсақ автожолы бойында ВАЗ және Toyota Camry маркалы екі автокөлік тоқтатылды.
Көліктердің жүксалғышын тексеру кезінде сібір елігінің үш өлексесі табылды. Сонымен қатар, Toyota Camry автокөлігінің салонынан ИЖ маркалы 12 калибрлі мылтық, 12 калибрлі бес оқ-дәрі және екі жарық шамы анықталды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 337-бабының 3-бөлігі («Заңсыз аңшылық») бойынша қылмыстық іс қозғалып, материалдар Зеренді ауданының полиция бөлімінде тіркелді.
Фотосурет иллюстративті сипатқа ие және нақты оқиғаға қатысы жоқ.