
2024 жылғы 3 желтоқсанда Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің басшылығы БҰҰ Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) Қазақстандағы өкілдерімен биологиялық әртүрлілік конвенциясының Тараптар конференциясының қорытындылары бойынша кеңес өткізді. Кеңес барысында БҰҰДБ-ның биоәртүрлілік бойынша бас техникалық кеңесшісі Джошуа Бранна таныстырылды, ол биоәртүрлілікті сақтау және орнықты пайдалану концепциясын әзірлеуде консультативтік қолдау көрсетіп, оның Куньмин-Монреаль жаһандық биоәртүрлілік бағдарламасына сәйкес болуын қамтамасыз етеді.
Келесі күні, 2024 жылғы 4 желтоқсанда, Астанада БҰҰДБ-ның ұйымдастыруымен биоәртүрлілік саласындағы 2024 жылғы негізгі жобалардың қорытындылары мен 2025 жылға арналған іс-шаралар жоспарлары бойынша жұмыс семинары өтті. Семинарға мемлекеттік органдардың, ғылыми, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері, оның ішінде Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ұлытау облысы әкімдігі, WWF және басқа да ұйымдар қатысты. Өз сөзінде Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Д. Тұрғамбаев орман экожүйелерін сақтау және табиғи ресурстарды басқаруды жақсарту бойынша бірлескен жобалардың сәтті жүзеге асырылғанын атап өтіп, SMART-патрульдеу жүйесін енгізу және ірі тұяқты жануарларды қайта қоныстандыру жұмыстарының нәтижелеріне тоқталды.
2024 жылғы 5 желтоқсанда биоәртүрлілікті сақтау және орнықты пайдалану концепциясын 2025-2035 жылдарға дейін талқылау бойынша дөңгелек үстел барысында Д. Тұрғамбаев Қазақстан 1993 жылдан бастап биоәртүрлілік конвенциясының қатысушысы екенін және осы салада ұлттық саясатты белсенді түрде дамыту жұмысын жалғастырып келе жатқанын айтты. Ол БҰҰДБ мен Қазақстан биоәртүрлілікті сақтау Ассоциациясының сарапшылары қатысқан концепцияның маңыздылығын атап өтіп, оны еліміздің табиғи ресурстарын қорғау және орнықты пайдалану үшін негізгі стратегиялық құжатқа айналдыру қажеттігін айтты. Комитет төрағасы серіктестеріне үйлестіру жұмысы үшін алғыс айтып, құжатты талқылау мен мақұлдаудың сәтті өтуіне үміт артты.