ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ Жануарларға жауапты қарау туралы ЗАҢЫ 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ  Жануарларға жауапты қарау туралы ЗАҢЫ 

МАЗМҰНЫ

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңмен реттелетін қатынастар

2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

3-бап. Қазақстан Республикасының жануарларға қарау саласындағы заңнамасы

4-бап. Жануарларға қараудың негізгі қағидаттары

5-бап. Жануарларды қатыгез қараудан қорғау

6-бап. Жануарларға қатыгез қарауды насихаттауға тыйым салу

 

2-тарау. ЖАНУАРЛАРҒА ЖАУАПТЫ ҚАРАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ ЖӘНЕ БАСҚАРУ

7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

8-бап. Орталық атқарушы органдардың құзыреті

9-бап. Уәкілетті органның құзыреті

10-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті

 

3-тарау. ЖАНУАРЛАРДЫ АСЫРАУҒА ЖӘНЕ ОЛАРҒА ЖАУАПТЫ ҚАРАУҒА ҚОЙЫЛАТЫН НЕГІЗГІ ТАЛАПТАР

11-бап. Жануарларды асырауға қойылатын жалпы талаптар

12-бап. Жануарларды тіркеу

13-бап. Үй жануарларын тіркеу

14-бап. Общие требования к перевозке животных

15-бап. Жануарларды өсіруге, олардың айналымына қойылатын жалпы талаптар

16-бап. Ветеринариялық қызмет көрсету кезінде жануарларға қарау ерекшеліктері

17-бап. Жануарларды жансыздандыруға қойылатын жалпы талаптар

18-бап. Жануарлардың өлекселерімен жұмыс істеуге қойылатын жалпы талаптар

 

4-тарау. ЖЕКЕ САНАТТАҒЫ ЖАНУАРЛАРҒА ҚАРАУ, ОЛАРДЫ АСЫРАУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ КЕЗІНДЕГІ ТАЛАПТАР

 

19-бап. Табиғи еркіндік жағдайында аң аулауды, балық аулауды жүргізу және жабайы жануарларды өзге де аулау кезінде жануарларға қарауға қойылатын талаптар

20-бап. Ауыл шаруашылығы жануарларына қарау кезіндегі талаптар

21-бап. Жануарларды мәдени, ойын-сауық, демонстрациялық және қызметтік мақсаттарда пайдалану кезінде оларға қарау кезіндегі талаптар

22-бап. Эксперименттік жануарларға қарау кезіндегі талаптар

23-бап. Қызметтік жануарларға қарау кезіндегі талаптар

24-бап. Үй жануарларына қарау және оларды асырау кезіндегі       талаптар

25-бап. Үй жануарларын серуендетуге қойылатын талаптар

 

5-тарау. ҚАДАҒАЛАУСЫЗ ЖӘНЕ ҚАҢҒЫБАС ЖАНУАРЛАРҒА ҚАРАУ ЖӨНІНДЕГІ ҚЫЗМЕТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

26-бап. Қадағалаусыз және қаңғыбас жануарларға қарау жөніндегі қызмет

27-бап. Қадағалаусыз жануарларға қарау жөніндегі қызметті жүзеге      асыру кезіндегі іс-шараларды ұйымдастыру

28-бап. Аулау қызметтерінің жұмысы

29-бап. Қаңғыбас жануарлардың санын реттеу

30-бап. Жануарларға арналған паналарда жануарларға қарау            ерекшеліктері

 

6-тарау.  ЖАНУАРЛАРҒА ҚАРАУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ҚАТЫНАСТАР САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМАНЫҢ САҚТАЛУЫН БАҚЫЛАУ

31-бап. Жануарларға қарауға байланысты қатынастар саласындағы заңнаманың сақталуын мемлекеттік бақылау (қадағалау)

32-бап. Жергілікті атқарушы органдардың жануарларға қарауға  байланысты қатынастар саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауы

33-бап. Жануарларға қарауға байланысты қатынастар саласындағы заңнаманың сақталуын қоғамдық бақылау

34-бап. Жануарларға қарауға байланысты қатынастар саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылық

 

7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

35-бап. Осы Заңның күшіне ену тәртібі

 

 

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

 

1-бап. Осы Заңмен реттелетін қатынастар

 

Осы Заң жануарларды қорғау, жануарларға қарау кезінде азаматтардың қауіпсіздігін, құқықтары мен өзге де заңды мүдделерін қамтамасыз ету, сондай-ақ адамгершілікті нығайту және қоғамның ізгілік қағидаттарын сақтау мақсатында жануарларға қарау саласындағы қатынастарды реттейді.

 

2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

 

Осы Заңның мақсатында мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) жануарлар – үй жануарларына, жабайы жануарларға жататын, оның ішінде еріксіз жағдайларда немесе жартылай бостандық жағдайларында ұсталатын, ауыл шаруашылығына жататын биологиялық фауна объектілері

2) қадағалаусыз жануар – ұстау орнынан тыс және жануар иесі тарапынан бақылау жоғалған жануар;

3) қаңғыбас жануарлар – иелері екі ай ішінде іздеу жолымен анықталмаған, қараусыз қалған жануарлар қатарындағы иттер мен мысықтар;

4) жабайы жануарлар – табиғи мекендеу ортасы еріксіз жағдайларда немесе жартылай бостандық жағдайларында ұсталатын жабайы табиғат болып табылатын жануарлар;

5) үй жануарлары – иесі – жеке тұлғаның асырауындағы, оның уақытша немесе тұрақты қадағалауындағы және ұстау орны хайуанаттар парктері, зообақтар, цирктер, зоотеатрлар, дельфинарийлер, океанариумдар болып табылмайтын жануарлар (асырауға тыйым салынған жануарлар тізбесіне енгізілген жануарларды қоспағанда).;

6) ауыл шаруашылығы жануарлары – жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты алу үшін адам ұстайтын және өсіретін жануарлар;

7) қызметтік жануарлар – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген іздестіру, күзет, патрульдік-бекеттік, қорғау-қарауылдық, іздестіру-құтқару және өзге де қызметтік мақсаттарда арнайы дайындалған және пайдаланылатын (қолданылатын) жануарлар;

8) мәдени-ойын-сауық іс-шараларында пайдаланылатын
жануарлар
зоопарктерде, цирктерде, жылжымалы аңдарда, спортта, азаматтардың демалысы мен ойын-сауық саласында, Жануарлар көрмелерінде және басқа да мәдени-ойын-сауық іс-шараларында пайдаланылатын жануарлар;

9) жануарлардың төбелесі – жауапты адамдар оны болдырмау немесе тоқтату жөнінде әдейі шаралар қабылдамаған кезде, оларды бір-біріне ызаландыру нәтижесінде не олардың тұқымдық сипаттамалары салдарынан туындаған екі және одан да көп жануардың айқасы;

10) жануарды серуендету – жануарды ұстау орнынан тыс жерлерге шығаруды болжайтын және жануардың қозғалыс белсенділігіне физиологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыруға, табиғи қажеттіліктерді шығаруға бағытталған жауапты тұлғаның әрекеті;

11) жануарларға қатыгездік жасау – жануардың қырылуына, мертігуіне, азаптануынақиналуына әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін қасақана әрекеттер, жануарды аштықпен, шөлмен, ұрумен, өзге де күш қолдану әрекеттерімен немесе жануардың саулығына зиян келтірген асырау қағидалары мен шарттарын бұзып қинау, жауапты тұлғаның жануарды қамқорлықсыз қалдыруы, сондай-ақ осындай мүмкіндіктің болуына қарамастан, өміріне қауіпті жағдайдағы зардап шеккен жануарға көмек көрсетпеуі;

12) ұстау орны – жануардың иесі немесе жауапты тұлға пайдаланатын ғимарат, құрылыс, құрылысжай, үй-жай немесе жануар ұсталатын аумақ;

12) жануардың иесі – жануар меншік құқығында немесе өзге де заттық құқығында тиесілі жеке немесе заңды тұлға;

13) жануарларға арналған пана – олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайда қалған үй жануарларын, сондай-ақ қадағалаусыз қалған, алып қойылған, оның ішінде тәркіленген жануарларды асырауға арналған және жабдықталған мүліктік кешен;

14) бірыңғай дерекқор – жануарлар және оның иесі туралы ақпаратты қамтитын Қазақстан Республикасы бойынша бірыңғай электрондық дерекқор;

15) экспериментальдық (зертханалық) жануарлар – ғылыми зерттеулер, биологиялық тестілеу, оқу процесін жүргізу үшін, медициналық мақсаттарда, сондай-ақ биомедициналық препараттар алу үшін адам ұстап отырған, өсіретін және пайдаланатын жануарлар;

16) жануарларды уақытша ұстау пункті – табылған, ауланған, қараусыз қалған, алып қойылған немесе өзге де түрде иеліктен шығарылған жануарларды уақытша ұстауға арнайы арналған және жабдықталған мүліктік кешен;

17) биостерилизациялау хирургиялық жолмен жануарды ұрпағын жаңғырту қабілетінен (репродуктивтік қабілетінен) айыру;

18) жануарды эвтаназиялау –жануардың жалпы анестезия (оның ішінде есірткі) препараттарын пайдалана отырып, жануардың ауыруына, азап шегуіне, қиналуына жол бермейтін ізгілік әдістермен жансыздандың арнайы техникасын қолдана отырып, ветеринариялық дәрігер жүзеге асыратын жануарды дәрі-дәрмекпен жансыздандыру.

 

3-бап. Қазақстан Республикасының жануарларға қарау саласындағы заңнамасы

 

  1. Қазақстан Республикасының жануарларға қарау саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
  2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

 

4-бап. Жануарларға қараудың негізгі қағидаттары

 

Жануарларға қарау мынадай адамгершілік қағидаттары мен ізгілік қағидаттарына негізделеді:

1) сезіне білу, оның ішінде қорқыныш пен ауырсынуды сезіну қабілеті бар нәрсеге сияқты жануарларға деген көзқарас;

2) иесінің жануардың өмірі, саулығына және әл-ауқатына дербес жауаптылық;

3) жануарларды қатыгез қараудан қорғау;

4) жануарларға қараған кезде адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау;

5) халықтың жануарларға адамгершілік және ізгілікті қарым-қатынасын тәрбиелеу.

 

5-бап. Жануарларды қатыгез қараудан қорғау

 

  1. Жануарларды қарағанда мыналарға:

1) ветеринариялық ауырсынуды басатын дәрілік препараттарды қолданбай, жануарларда ауру тудыруы мүмкін ветеринариялық және өзге де процедураларды жануарларға жүргізуге;

2) жануарларды (қызметтік және аңшылық жануарларды қоспағанда) басқа жануарларға ызаландыруға;

3) жануарлар иелерінің жануарларды асырау жөніндегі міндеттерін атқарудан, оларды жануарларға арналған паналарға белгілегенге дейін немесе өзге де заңды тәсілмен иеліктен шығарғанға дейін бас тартуына;

4) жануарлардың төбелесін ұйымдастыруға және өткізуге;

5) жануарларға жарақат беруге және мертігуге немесе жануарлардың жансыздануына әкеп соғатын ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыруға және өткізуге;

6) жануардың жарақаттануына, мертігуіне немесе өлуіне әкеп соғатын мүкәммал мен өзге де құрылғыларды пайдалануға;

7) иттер мен мысықтарды осы жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізат алу үшін өсіруге, асырауға және пайдалануға, сондай-ақ осындай өнімдердің саудасына;

8) жануар қоғамдық қауіп төндіретін, оның ішінде құтыру ауруының анық белгілері болған жағдайларды қоспағанда, кәмелетке толмаған адамдардың қатысуымен қараусыз қалған жануарларды аулауға;

9) жануардың дербес эвтаназиясына тыйым салынады.

 

6-бап. Жануарларға қатыгез қарауды насихаттауға тыйым салу

 

  1. Жануарларға қатыгез қарауды насихаттауға тыйым салынады.
  2. Жануарларға жарақат келтіруді және мертігуді, жануарлар қиналатын, оның ішінде өлер алдындағы агония болатын оларды жансызданыруды, жануарларды жансыздандыру үшін басқа жануарларды пайдалануды, жануарларды союды насихаттайтын баспа, аудиовизуальдық өнімдер мен интернет-өнімдерді пайда табу мақсатында немесе осындай мақсатсыз, өндіруге, көрсетуге, таратуға және өзге де пайдалануға, сондай-ақ жануарларды жансыздандыру арқылы олардың санын реттеу әдістері мен тәсілдерін қоса алғанда, жануарларға қатыгездікпен қарауды насихаттайтын өзге де нысандарына тыйым салынады.
  3. Жануарлар туралы көрінеу жалған теріс мәліметтерді, оның ішінде жануарлар келтіретін зиян немесе олардан келетін қауіп туралы шектен шығатын мәліметтерді таратуға тыйым салынады.

 

 

2-тарау. ЖАНУАРЛАРҒА ЖАУАПТЫ ҚАРАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ ЖӘНЕ БАСҚАРУ

 

7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі өз құзыреті шегінде:

1) жануарлар айналымына байланысты қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды;

2) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

 

8-бап. Орталық атқарушы органдардың құзыреті

 

Өз құзыреті шегінде жануарларға қарау саласындағы орталық атқарушы органдар: 

1) жануарларға қарауға байланысты қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

2) жануарларға қарауға байланысты қатынастар саласында жеке, заңды тұлғалармен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды;

3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

9-бап. Уәкілетті органның құзыреті

 

Жануарларға қарау саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:

1) жануарлағаы қарауға байланысты қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

2) осы Заңға сәйкес жануарларға қарауға байланысты саладағы қатынастарды реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді әзірлейді;

3) Қазақстан Республикасының жануарларға қарауға байланысты қатынастар саласындағы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;

4) қадағалаусыз жануарларға қараудың жалпы қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

5) Қазақстан Республикасында жануарларды тіркеу тәртібін әзірлейді және бекітеді;

6) Қазақстан Республикасында жануарларды тіркеудің дерекқорын жинақтауды және қорытуды жүзеге асырады; 

7) қызметтік жануарларға қарау тәртібін бекітеді;

8) жануарларды сою қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

9) жануарларды жансыздандыру тәртібін әзірлейді және бекітеді;

10) жануарлардың өлекселерін кәдеге жарату тәртібін әзірлейді және бекітеді;

11) жануарларды мәдени-ойын-сауық мақсаттарында пайдалануға және оларды асырауға қойылатын талаптарды белгілейді;

12) мекендеу ортасына қайтарылуы мүмкін емес, еріксіз ұстаудағы тәркіленген жабайы жануарларға қарау тәртібін белгілейді;

13) жануарларға қарауға байланысты қатынастар саласындағы заңнамада көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

10-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті

 

Жануарларға қарауға байланысты қатынастар саласындағы жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде:

1) өз құзыреті шегінде жануарларға қарауға байланысты қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қатысады:

2) жануарларды серуендетуге не жануарлармен өзге мақсатта жүруге тыйым салынған орындарды анықтайды, сондай-ақ қажет болған жағдайда жануарларды серуендетуге арналған орындарды жабдықтайды;

3) жануарларға арналған паналар салуды және оларды асырауды жүзеге асырады;

4) жануарларға арналған паналардың қызметін ақпараттық қамтамасыз етуді және жануарларды паналардан меншік иелеріне беруге, жоғалған жануарлардың меншік иелерін іздестіруге бағытталған әлеуметтік жарнаманы, үй жануарларын биостерилизациялау қажеттілігі туралы ақпарат беруді ұйымдастырады;

5) жануарлар туралы дерекқор жүргізуді ұйымдастырады;

6) жануарларға қарауға байланысты қатынастар саласындағы заңнамада көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

 

3-тарау. ЖАНУАРЛАРДЫ АСЫРАУҒА ЖӘНЕ ОЛАРҒА ЖАУАПТЫ ҚАРАУҒА ҚОЙЫЛАТЫН НЕГІЗГІ ТАЛАПТАР

 

11-бап. Жануарларды асырауға қойылатын жалпы талаптар

 

  1. Жануарларды асырау бойынша олардың иелеріне қойылатын жалпы талаптарға мыналар жатады:

1) жануарлардың биологиялық, түрлік және жеке ерекшеліктеріне сәйкес келуге, олардың тағамға, суға, ұйықтауға, қозғалыстарға, өзіне ұқсас байланыстарға, табиғи белсенділікке және басқа да қажеттіліктерге табиғи қажеттіліктерін қанағаттандыруға тиіс жануарларды асырау шарттары;

2) жануарларды ұстау орны қажетті кеңістікті, температуралық-ылғалдық режимді, табиғи жарықты, желдетуді және жануарлар үшін табиғи ортамен жанасу мүмкіндігін қамтамасыз ететіндей жабдықталуға тиіс;

3) жануарларға тиісті күтім жасауды қамтамасыз ету;

4) осы Заңның және өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес жануарларға ветеринариялық көмек көрсетуді және міндетті профилактикалық ветеринариялық іс-шараларды уақтылы жүзеге асыруды қамтамасыз ету;

5) жануарларға тексеру жүргізу кезінде жануарларға қарау саласындағы мемлекеттік қадағалау органдарының лауазымды адамдарының талап етуі бойынша оларды ұстау орны бойынша беру.

  1. Жануарлардың жекелеген санаттарын асырау осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.
  2. Жануарларды ұстау орындарындағы үй жануарларының шекті саны иесінің жануарларға ветеринариялық нормалар мен қағидаларға сәйкес келетін жағдайларды қамтамасыз ету мүмкіндігіне сүйене отырып, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормативтердің сақталуын ескере отырып анықталады.

 

12-бап. Жануарларды тіркеу

 

  1. Жануарларды тіркеу жануарлардың санын анықтауға, әрбір жануар туралы ақпарат жинауға, меншік иелері мен басқа да жауапты адамдарды анықтауға бағытталған іс-шаралар кешенін білдіреді.
  2. Жануарларды тіркеу:

1) жануарлар мен олардың меншік иелері туралы бірыңғай дерекқорды қалыптастыру;

2) жануарлардың санын реттеу, жоғалған жануарларды іздеу және оларды меншік иелеріне қайтару;

3) жануарларға жауапты иелік етуді және оларға ізгілікпен қарауды қамтамасыз ету;

4) адам мен жануарларға ортақ аса қауіпті және жұқпалы аурулардың профилактикасы мақсатында жүзеге асырылады.

  1. Жануарларды тіркеуді жергілікті атқарушы органдар немесе уәкілетті органдар жүргізеді.

 

13-бап. Үй жануарларын тіркеу

 

  1. Жеке және заңды тұлғаларға меншік құқығында тиесілі үй жануарлары Қазақстан Республикасының бірыңғай дерекқорында міндетті түрде тіркелуге және қайта тіркелуге жатады.
  2. Егер меншік иесі тіркелетін жануарды ұсынбаса, жануарларды тіркеуден бас тартылуы мүмкін.
  3. Жануарлардың меншік иелері мен басқа да жауапты тұлғалардың дербес деректерін қамтитын ақпаратпен жұмыс істеу Қазақстан Республикасының дербес деректер туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
  4. Жануарды тіркеу кезінде оған жеке нөмір беріледі және жеке сәйкестендіру құралы (бирка, электрондық радиожиілік белгісі, чип) жүргізіледі.
  5. Жануарды тіркеу фактісі жануардың иесі туралы деректердің және Қазақстан Республикасының бірыңғай дерекқорында жануарға берілген микрочиптің жеке нөмірінің бар болуымен және тіркеу кезінде берілген жеке нөмірді көрсете отырып, үй жануарының егу паспортындағы белгімен расталады.
  6. Жануарлардың иелері жануар өлген кезден бастап үш тәуліктен аспайтын мерзімде бұл туралы тіркеуші органға хабарлауға міндетті.

 

14-бап. Жануарларды тасымалдауға қойылатын жалпы талаптар

 

  1. Жануарларды тасымалдау кезінде олардың азыққа, суға, ауаға, қозғалысқа, табиғи қажеттіліктерді шығаруға деген қажеттілігі қанағаттандырылуға тиіс, сондай-ақ жануарларды олар үшін зиянды сыртқы әсерлерден қорғау қамтамасыз етілуге тиіс. Желдету және кеңістік көлемі тасымалданатын жануарлардың ерекшеліктеріне сәйкес болуға тиіс.
  2. Жануарларды тасымалдау үшін пайдаланылатын көлік құралы жануарларды тиеу, тасымалдау және түсіру кезінде олардың мертігуін, жарақаттануын немесе өлуін, сондай-ақ олардың көлік құралынан өз еркімен кетуін болдырмайтындай етіп жабдықталуға тиіс.
  3. Жануарларды тасымалдау кезінде жауапты тұлға ветеринариялық талаптардың және көлік қауіпсіздігінің сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.

 

15-бап. Жануарларды өсіруге, олардың айналымына қойылатын жалпы талаптар

 

  1. Жануарларды өсіру және олардың айналымы кезінде жануарларға қараудың негізгі қағидаттары ескерілуге тиіс.
  2. Қоршаған ортаны қорғауды, санитариялық-эпидемиологиялық және эпизоотиялық салауаттылықты, адамдардың өмірі мен денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдардың шешімімен жануарлардың жекелеген санаттарын, түрлері мен тұқымдарын өсіруге, олардың айналымына тыйым салынуы, сондай-ақ оларды өсіруге, олардың айналымына шектеу немесе рұқсат ету тәртібі белгіленуі мүмкін. Аталған тәртіпті енгізу аталған санаттардағы жануарларды, түрлер мен тұқымдарды асырау құқықтарын шектеуге әкеп соқпайды.

 

16-бап. Ветеринариялық қызмет көрсету кезінде жануарларға қарау ерекшеліктері

 

  1. Иесі жануарға уақытында ветеринариялық көмек көрсетуді қамтамасыз етуге міндетті. Жануарда ауру бар деген күдік туындаған жағдайда жауапты тұлға жануарды оқшаулап, ветеринариялық маманға көмекке жүгінуге міндетті.
  2. Жануарлармен қатты ауру тудыратын ем жүргізу кезінде ветеринариялық маман (қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда) ауырсынуды басуды қолдануға міндетті.
  3. Өмір сүруге қабілетсіз жануардың қиналуын тоқтату мақсатында оны жансыздандыру қажет болған жағдайда, егер олар өзге тәсілмен тоқтатылуы мүмкін болмаса, иесі оны жануарларды жансыздандыруға қойылатын жалпы талаптарға сәйкес қамтамасыз етуге міндетті.
  4. Жануарларды адамдардың белгісіз тобының көруі үшін ашық жерлерде жансыздандыруға тыйым салынады.
  5. Жануарда аурудың болуына күдік туындаған жағдайда, оны ұстайтын тұлға мұндай жануарды дереу оқшаулауға және ветеринариялық дәрігерге жүгінуге міндетті.
  6. Жануарларға қатысты ветеринариялық рәсімдерді тиісті кәсіптік білімі бар тұлғалар ғана жүргізе алады.

 

17-бап. Жануарларды жансыздандыруға қойылатын жалпы талаптар

 

  1. Жануарларды (рұқсат етілген аң аулау мен балық аулау кезінде жабайы жануарларды қоспағанда, үй жануарларын, ауыл шаруашылығы жануарларын, зертханалық және өзге де жануарларды) жануарлардың ауыруын, қорқынышы мен қиналуын болдырмайтын әдістерді қолданбай жансыздандыруға тыйым салынады.
  2. Жансыздандыруды орындайтын адамдар жануардың қиналуының ұзақтығы мен қарқындылығын төмендету үшін шаралар қабылдауға тиіс.

 

18-бап. Жануарлардың өлекселерімен жұмыс істеуге қойылатын жалпы талаптар

 

Жануарлардың өлекселерімен жұмыс істеу кезінде қоршаған ортаны қорғау, санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылық саласындағы нормативтік құқықтық актілер, ветеринария саласындағы заңнаманың талаптары, сондай-ақ өзге де нормативтік құқықтық актілер сақталуға тиіс.

 

 

4-тарау. ЖЕКЕ САНАТТАҒЫ ЖАНУАРЛАРҒА ҚАРАУ, ОЛАРДЫ АСЫРАУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ КЕЗІНДЕГІ ТАЛАПТАР

 

19-бап. Табиғи еркіндік жағдайында аң аулауды, балық аулауды

жүргізу және жабайы жануарларды өзге де аулау кезінде 

жануарларға қарауға қойылатын талаптар

 

  1. Табиғи еркіндік жағдайында аң аулау, балық аулау және жабайы жануарларды өзге де аулау саласындағы нормативтік құқықтық актілерде жануарларды қатыгез қараудан қорғау жөніндегі талаптар, оның ішінде жергілікті ерекшеліктер мен дәстүрлерді ескере отырып белгіленеді.
  2. Жануарларға қатыгез қарауды болғызбау қажеттілігін негізге ала отырып, табиғи еркіндік жағдайында аң аулауға, балық аулауға және жабайы жануарларды өзге де аулауға байланысты қатынастарды реттеу саласында уәкілеттік берілген мемлекеттік органдар аталған қызметке тыйым салулар мен шектеулер белгілеуге құқылы.
  3. Қалалар мен өзге де елді мекендердің аумағында аң аулауға тыйым салынады.

 

20-бап. Ауыл шаруашылығы жануарларына қарау кезіндегі талаптар

 

  1. Ауыл шаруашылығы жануарларын ұстау, тасымалдау, оның ішінде соятын жерге тасымалдау осы Заңның, сондай-ақ арнайы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
  2. Кәмелетке толмаған адамдардың көзінше жануарларды союға тыйым салынады.
  3. Жануарлардың артық азабын болғызбау туралы талапты белгілейтін жануарларды сою қағидаларын уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейді және бекітеді.
  4. Жансыздандырылмаған жануарларды мүшелеуге тыйым салынады.

 

21-бап. Жануарларды мәдени, ойын-сауық, демонстрациялық және

 қызметтік мақсаттарда пайдалану кезінде оларға қарау

 кезіндегі талаптар

 

  1. Жануарларды мәдени, ойын-сауық, демонстрациялық және қызметтік мақсаттарда пайдаланатын адам осындай пайдалану режимін әзірлеуге және сақтауға міндетті.
  2. Жануарды пайдалану режимі жануардың физикалық және психикалық жүктемелерін, демалуы мен тамақтануын бөлуді, сондай-ақ сақталуы жануарды түрлік және жеке ерекшеліктеріне сәйкес оның саулығына елеулі зиян келтірмей пайдалануға мүмкіндік беретін басқа да жағдайларды есепке алуды көздейді. Пайдалану режимі басқа жануарлар мен адамдарға зиян келтіруді болғызбау жөніндегі шаралар кешенін де көздейді.
  3. Жануар саулығының жай-күйін нашарлататын дәрілік және өзге де препараттарды оны мәдени, ойын-сауық және демонстрациялық мақсаттарда пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында қолдануға тыйым салынады.
  4. Егер жануарды нысаналы мақсаты бойынша одан әрі пайдалану мүмкін болмаса, иесі мұндай жануарды оның табиғи өліміне дейін қамтамасыз етуге немесе оны жануарларға арналған панаға, осы жануарды асырау үшін қолайлы жағдай жасауға қабілетті жеке немесе заңды тұлғаларға беруге міндетті.
  5. Жануарлардың қиналуын, оның ішінде өлер алдындағы азаптануын байқау қоса жүретін жануарларға жарақат және зақым келтіруге, оларды жансыздандыруға, жануарларды басқа жануарларды пайдалана отырып жансыздандыруға байланысты ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыруға және өткізуге, сондай-ақ осындай іс-шараларға белсенді емес қатысуға (оларда болуға) тыйым салынады.
  6. Жануарларды көрмелерде, хайуанаттар бағында көрсетуге жануарларды ұстау үшін белгіленген зоогигиеналық,
    ветеринариялық-санитариялық нормалар мен қағидалар сақталған жағдайда жол беріледі.
  7. Спорттық, ойын-сауық іс-шараларын, бейне- және фототүсірілімдерді өткізгенде жануарларға қарау кезінде оларға жарақаттар, ауырсыну келтіруге, ажарын жоюға, өлтіруге жол берілмейді.
  8. Жылжымалы айуанханаларды, жылжымалы хайуанаттар бақтарын және жабайы жануарлардың жылжымалы көрмелерін құруға және олардың қызметіне, сондай-ақ табиғи теңіз суы жоқ дельфинарийлердің қызметіне тыйым салынады.
  9. Жануарларды үйрету кезінде:

1) жануарларға сабауға, қорқытуға, азу тістерін, тырнақтарын жұлуға және сол сияқты әрекеттерге;

2) жануарларды өздерін жарақаттайтын іс-әрекеттерді орындауға мәжбүрлеуге жол берілмейді.

  1. Ойын-сауық іс-шараларында, спортта, бос уақытты ұйымдастыру кезінде еріксіз жағдайды, жабық кеңістікті, үйретуді ауыр көтеретін жануарларды пайдалануға тыйым салынады.

 

22-бап. Эксперименттік жануарларға қарау кезіндегі талаптар

 

  1. Жануарларды ғылыми зерттеулер, биологиялық тестілеу, оқу процесін жүргізу кезінде, медициналық мақсаттарда, сондай-ақ биомедициналық препараттарды алу кезінде оларға қатыгездікпен қарауды көздейтін пайдалануды уәкілетті органның рұқсаты бар адамдар ғана жүзеге асыра алады және ол осы мақсаттар үшін баламалы объектілер мен модельдер пайдаланылмайтын жағдайларда ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
  2. Жануарларға өздері өткір ауырсынуды сезінетін рәсімдерді жүргізу тіркелген және рұқсат етілген ауырсынуды басатын препараттарды қолдану арқылы ауырсынуды басу шарты сақталған кезде жүзеге асырылады.
  3. Жануардың қиналуы эксперимент процесінде және одан кейін барынша азайтылуға тиіс.
  4. Эксперименттік жануарлармен жұмыс істеу кезінде жануарларды хирургиялық жолмен дыбыстар шығару мүмкіндігінен айыруға (ветеринариялық көрсетілімдер жағдайларынан басқа), сондай-ақ жануарларды ұстау орындарынан (торлардан, бокстардан, террариумдардан, аквариумдар мен басқа да ұстау орындарынан) шығару кезінде жарақаттайтын әдістер мен тәсілдерді қолдануға жол берілмейді.
  5. Егер көрсетілетін құбылыстар неғұрлым төмен ұйымдастырылған организмдерде немесе жансыз объектілерде көрсетілуі мүмкін болса, жануарларға қатыгез қарауды көздейтін демонстрацияларды оқу мақсатында жүргізуге тыйым салынады.
  6. Егер олар жануарларға қатыгез қарауды көздесе, рефлекторлық қызметтің жақсы танымал құбылыстарының демонстрацияларын оқу мақсатында жүргізуге тыйым салынады.
  7. Эксперименттік жануарлар тиісті күтіммен, сумен, тамақтанумен, желдетілетін, жарықтандырылған, жылытылатын, уақтылы тазаланатын
    үй-жайда ұстаумен қамтамасыз етілуге тиіс.
  8. Өмір сүруге қабілетсіз эксперименттік жануар қиналуы басталғанға дейін жануарларға мейіріммен қарау талаптары сақтала отырып жансыздандырылады.
  9. Жануарды жансыздандыруды оны пайдалануға жауапты адам жүргізеді немесе ол оның тікелей бақылауымен жүргізіледі. Жануардың өмір сүруге қабілетсіздігі мен өлімін оны пайдалануға жауапты адам белгілейді.
  10. Жануардың өлексесін кәдеге жарату оның өлімі белгіленгеннен кейін ғана жүргізілуі мүмкін.
  11. Жануарларға ауыртатын тәжірибелерді негізсіз қайталауға жол берілмейді.
  12. Эксперименттік жануарлармен жұмыстар оларды жүргізу кезінде жануарлардың барынша аз саны пайдаланылатындай ұйымдастырылуға тиіс.
  13. Донор жануарлардан, биологиялық препараттарды өндіру кезінде олардың сапасын бақылау мақсатында, сондай-ақ иммундау схемаларын зерделеу кезінде пайдаланылатын жануарлардан басқа, жануарларды бір реттен артық ауыртатын рәсімдерді жүргізу үшін пайдалануға тыйым салынады.
  14. Эксперименттік жануарлармен жұмыстар жүргізу кезінде жануарға ауырсыну тітіркенуін келтіру тәуекелі жоғары болған жағдайда жануарды пайдалануға жауапты адамның болуы және оның тарапынан ауырсынуды басу әсерінің сақталуын бақылау қатаң түрде міндетті.
  15. Адамдар санитариялық қағидаларға және басқа да арнайы талаптарға сәйкес жабдықталған жануарларды ұстауға және өсіруге арналған үй-жайлары, сондай-ақ жануарларды күтуді қамтамасыз ететін қызметкерлері болған жағдайда ғана жануарларды эксперименттерде пайдалана алады.
  16. Эксперименттік жануарлармен жұмыс істеуге арнайы білімі және жануарларды осындай жұмыс үшін пайдалану құқығына арналған рұқсаты бар адамдар ғана жіберіледі.
  17. Кәмелетке толмаған адамдардың қатысуымен немесе көзінше эксперименттік жануарларға хирургиялық және өзге де ауыртатын әсер ету әдістеріне байланысты эксперименттер жүргізуге тыйым салынады.
  18. Жануарларға ауыртатын эксперименттер жүргізуге байланысты мамандықтар бойынша мамандар дайындайтын оқу орындары білім алушылардың эксперименттерде жануарларды пайдаланудың қолданыстағы әдеп-құқықтық нормалары бойынша білім алуын қамтамасыз етуге тиіс.
  19. Моральдық немесе діни қағидаттарына бұл қайшы келетін білім алушыларды жануарлардың өліміне немесе жарақаттануына алып келетін рәсімдерді орындауға мәжбүрлеуге тыйым салынады.

 

23-бап. Қызметтік жануарларға қарау кезіндегі талаптар

 

  1. Қызметтік жануарларды дайындау (үйрету) осы Заңның 7-бабында көзделген жануарларға қарау кезіндегі жалпы талаптар сақтала отырып жүргізілуге тиіс.
  2. Қызметтік жануарларды дайындауды (үйретуді) уәкілетті орган белгілеген тәртіппен осы қызметті жүзеге асыруға рұқсат алған мамандар жүзеге асырады.
  3. Қызметтік жануарларды дайындау (үйрету) аяқталғаннан кейін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен сынақтар (комиссиялық тексеру) жүргізіледі.
  4. Қызметтік жануарларды дайындау (үйрету) кезінде жануарларды жүйелі түрде жарақаттануға алып келетін әрекеттерді орындауға мәжбүрлеуге тыйым салынады.
  5. Егер жануарларды қызметтік жануарлар ретінде одан әрі пайдалану олардың нысаналы мақсаты бойынша мүмкін болмаса, жануарлардың иелері осы жануарларды осы Заңның талаптарына сәйкес ұстауды қамтамасыз етуге міндетті.

 

24-бап. Үй жануарларына қарау және оларды асырау кезіндегі

      талаптар

 

  1. Үй жануарларын асырау кезінде олардың иелері жануарларды асырауға қойылатын жалпы талаптарды сақтауы қажет.
  2. Үй жануарларының иесі:

1) зоотехникалық, зоогигиеналық, ветеринариялық-санитариялық нормалар мен қағидалардың, санитариялық нормалар мен қағидалардың, гигиеналық нормативтердің талаптарын сақтауға;

2) осы Заңның және өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес жануарларды тіркеуді жүзеге асыруға;

3) басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзбай, жануарларға жауапты қарауды жүзеге асыруға;

4) өз жануарының азаматтардың өмірі мен денсаулығына не жануарлардың өмірі мен саулығына, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне зиян келтіруін болғызбау үшін қажетті қауіпсіздік шараларын қабылдауға;

5) Қазақстан Республикасының ветеринария туралы заңнамасына сәйкес жануарға білікті ветеринариялық көмек көрсетуді және профилактикалық ветеринариялық іс-шараларды уақтылы жүргізуді қамтамасыз етуге;

6) тұрақты тұратын жері бойынша ветеринариялық қызметке жануардың жұқпалы ауруына күдік туралы, сондай-ақ жұқпалы ауру салдарынан жануардың өлімі (қырылуы) туралы дереу хабарлауға;

7) биостерилизациялау арқылы жануарлардың қажетсіз тұқымын болғызбау бойынша шаралар қабылдауға;

8) денсаулық сақтау ұйымына және тиісті ветеринариялық қызметке өз жануарларының азаматтарға дене жарақаттарын келтірген жағдайлары туралы дереу хабарлауға және жұқпалы аурудың ықтимал болуын анықтау мақсатында қажетті клиникалық және (немесе)
зертханалық-диагностикалық зерттеулер не ветеринариялық байқаулар жүргізу үшін өз жануарын ветеринариялық қызметке жеткізуге;

9) тұрғын үйлердің қосалқы үй-жайлары мен қоғамдық ғимараттар үй-жайларының жануарлармен ластануына, сондай-ақ жануарлардың қоршаған ортаға зиян келтіруіне жол бермеуге міндетті.

  1. Егер бұл тұқым стандарты бойынша міндетті болып табылса ғана, жануарлардың құлақтары мен құйрықтарын кесуге жол беріледі. Қалдық саусақтарды кесіп тастауға (егер олар тұқым стандарты бойынша міндетті болып табылмаса, жануарға ыңғайсыздық немесе ауру туғызса) жол беріледі. Жануарлармен жасалатын аталған рәсімдерді ветеринар маман ауырсынуды баса отырып жүргізуге тиіс. Дененің басқа бөліктерін кесіп тастауды ветеринар маман жануарға қажетті көмек көрсету мақсатында ғана жүргізеді.

 

25-бап. Үй жануарларын серуендетуге қойылатын талаптар

 

  1. Жануарларды серуендету адамдар мен басқа да жануарлардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілген, сондай-ақ мүлік зиян келтіруден қорғалған жағдайда жүзеге асырылуға тиіс.
  2. Жауапты адам өз бетінше және өзінің жауапкершілігімен жануарды серуендету кезіндегі қауіпсіздік шаралары мен құралдарын айқындайды.
  3. Жануарды серуендету кезінде жауапты адам:

1) автомобиль жолының жүру бөлігін кесіп өту кезінде, көппәтерлі тұрғын үйлердің жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарында, балалар және спорт алаңдарында жануарды тізгінмен жетектеуге;

2) ортақ пайдаланылатын орындар мен аумақтарда жануардың тіршілік әрекетінің өнімдерін жинауды қамтамасыз етуге;

3) жануарда (қарғыбауда, жүгенде, басқа да көрінетін жерлерде) меншік иесінің байланыс деректері көрсетілген белгінің болуын қамтамасыз етуге;

4) жергілікті атқарушы органдардың актілерімен серуендетуге тыйым салынған жерлерде жануарды серуендетуге жол бермеуге міндетті. Көрсетілген аумақ тиісті жазулармен белгіленуге тиіс;

5) иттерді пәтерлерден немесе өзге де оқшауланған үй-жайлардан, сондай-ақ оқшауланған аумақтардан қоғамдық орындарға тізгінмен,
сондай-ақ егер бұл азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет болса, тұмылдырықпен шығаруға;

6) жануарлармен өздерін тұрақты ұстау орындарынан тыс жерде болған кезде үй жануарларының тіршілік әрекетінің өнімдерін жинауға арналған құралдарды өзімен бірге алып жүруге және осы жинауды дереу жүргізуге міндетті.

  1. Жануарлардың мінез-құлқын бақылауға қабілетсіз, оның ішінде масаң күйдегі адамдардың оларды серуендетуіне тыйым салынады.

 

 

5-тарау. ҚАДАҒАЛАУСЫЗ ЖӘНЕ ҚАҢҒЫБАС ЖАНУАРЛАРҒА ҚАРАУ

                 ЖӨНІНДЕГІ ҚЫЗМЕТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА ҚОЙЫЛАТЫН

         ТАЛАПТАР

 

26-бап. Қадағалаусыз және қаңғыбас жануарларға қарау жөніндегі

     қызмет

Қадағалаусыз және қаңғыбас жануарларға қарау жөніндегі қызмет:

1) қоздырғыштарын тасымалдаушы жануарлар болуы мүмкін адам мен жануарларға ортақ жұқпалы аурулардың таралуына байланысты эпидемиялардың, эпизоотияның және (немесе) өзге де төтенше жағдайлардың пайда болуының алдын алу;

2) азаматтардың денсаулығына және (немесе) мүлкіне, заңды тұлғалардың мүлкіне зиян келтіруді болғызбау;

3) жануарлар дүниесі объектілеріне және олардың мекендеу ортасына нұқсан келтіруді болғызбау;

4) өміріне қауіпті жағдайдағы жануарларға көмек көрсету;

5) жоғалған жануарларды иелеріне қайтару;

6) қадағалаусыз және қаңғыбас жануарлардың санын реттеу мақсатында жүзеге асырылады.

 

27-бап. Қадағалаусыз жануарларға қарау жөніндегі қызметті жүзеге

     асыру кезіндегі іс-шараларды ұйымдастыру

 

Қадағалаусыз жануарларға қарау жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезіндегі іс-шаралар:

1) қадағалаусыз жануарларды аулауды, оның ішінде оларды тасымалдау мен жануарларды уақытша ұстау пунктіне беруді аулау жөніндегі қызметтер жүзеге асырады;

2) осы Заңның 11-бабының талаптарына сәйкес жануарларды уақытша ұстау пунктінде қадағалаусыз жануарларды ұстау;

3) жоғалған жануарларды иелеріне қайтару, сондай-ақ уақытша ұстау пунктіне келіп түскен қадағалаусыз жануарлардың жаңа иелерін іздеу.

 

28-бап. Аулау қызметтерінің жұмысы

 

  1. Қадағалаусыз жануарларды аулау кезінде мынадай талаптар сақталуға тиіс:

1) қарғыбауларында немесе өзге де заттарында өздерінің иелері туралы мәліметтері бар жануарлар иелеріне беріледі;

2) жануарлардың мертігуіне, жарақаттануына немесе өліміне алып келетін заттарды, дәрілік заттарды, тәсілдерді, техникалық керек-жарақтарды қолдануға тыйым салынады;

3) қадағалаусыз жануарларды аулауға, одан әрі ұстауға және оларға қызмет көрсетуге қатысатын адамдар жауапты адамдар ретінде олардың өмірі мен саулығы үшін жауапты болады;

4) қадағалаусыз жануарларды аулауды жүзеге асыратын қызметтер қадағалаусыз жануарларды аулау процесінің бейнежазбасын жүргізуге және уәкілетті органның, жергілікті атқарушы органның, өзге де мүдделі адамдардың талап етуі бойынша осы бейнежазбаның көшірмелерін ұсынуға міндетті;

5) қадағалаусыз жануарларды аулау және олардың өлекселерін іріктеу жөніндегі жұмысқа 21 жастан асқан, медициналық зерттеп-қараудан өткен, психоневрологиялық және наркологиялық мекемеде есепте тұрмайтын адамдар жіберіледі;

6) қадағалаусыз жануарларды тасымалдау жануарларға жарақаттарды немесе олардың саулығына өзге де зиян келтіруді болғызбайтын әдістермен жүргізіледі;

7) қадағалаусыз, қаңғыбас жануарлар мен иелері меншік құқығынан бас тартқан жануарларды заңды тұлғаларға осындай жануарларды зертханалық жануарлар ретінде пайдалану үшін беруге тыйым салынады;

8) иелері жоқ жануарлар қоғамдық қауіп төндіретін жағдайларды қоспағанда, қадағалаусыз жануарларды балалардың көзінше аулауға тыйым салынады.

  1. Қазақстан Республикасының қалалары мен елді мекендерінде жануарларды атуға тыйым салынады.

 

29-бап. Қаңғыбас жануарлардың санын реттеу

 

  1. Қаңғыбас жануарлардың санын реттеу – жануарларды биостерилизациялау, жайғастыру, білім беру іс-шаралары және халықпен түсіндіру жұмыстары арқылы қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын азайту үшін мемлекет қабылдайтын шаралар кешені.
  2. Уларды, өзге де дәрілік, химиялық препараттарды пайдалануды қоса алғанда, кез келген тәсілдермен жансыздандыру арқылы иттер мен мысықтардың санын реттеуге тыйым салынады.

  

30-бап. Жануарларға арналған паналарда жануарларға қарау

            ерекшеліктері

 

  1. Жануарларға арналған паналар жануарларды, оның ішінде қадағалаусыз, қаңғыбас жануарларды және иесі меншік құқығынан бас тартқан жануарларды ұстау жөніндегі қызметті жүзеге асыру мақсатында құрылады.
  2. Жануарларға арналған паналар өз қызметінде уәкілетті орган бекіткен жануарларға арналған паналар туралы ережені басшылыққа алады.
  3. Жануарларға арналған паналар мемлекеттік және жеке меншік болуы мүмкін.
  4. Жануарларға арналған паналарда үй жануарларының иелерімен келісім бойынша оларды уақытша ұстау (орналастыру) жөніндегі қызмет, сондай-ақ ветеринариялық және өзге де қызметтер көрсету жөніндегі қызмет жүзеге асырылуы мүмкін.
  5. Жануарларға арналған пана:

1) жануарларға арналған панадағы қадағалаусыз жануарлар туралы ақпаратты, оның фотосуреті мен қысқаша сипаттамасын қоса алғанда, Интернет желісінде орналастыруға;

2) меншік иесінің не оның заңды өкілінің талап етуі бойынша жануарды қайтаруға;

3) меншік иесі белгілеген тәртіппен жұмыс уақытында (санитариялық өңдеу күндерін қоспағанда) азаматтардың жануарларға арналған панаға келу мүмкіндігін қамтамасыз етуге;

4) панадағы қаңғыбас жануарлардың көбеюін болғызбау бойынша шаралар қабылдауға;

5) ауырып қалған немесе жарақаттанған жануарды емдеуді, сондай-ақ вакцинациялауды қоса алғанда, профилактикалық іс-шаралар жүргізуді қамтамасыз етуге;

6) қадағалаусыз жануарлардың меншік иелерін іздеуді және жануарлар үшін жаңа меншік иелерін іріктеуді жүргізуге;

7) жануарларды сәйкестендіруді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін олардың жеке сипаттамаларын тіркей отырып, жануарлардың панаға келіп түсуін, одан шығып кетуін құжаттамалық есепке алуды жүргізуге міндетті.

 

 

6-тарау.  ЖАНУАРЛАРҒА ҚАРАУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ҚАТЫНАСТАР

               САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМАНЫҢ САҚТАЛУЫН БАҚЫЛАУ

 

31-бап. Жануарларға қарауға байланысты қатынастар саласындағы

            заңнаманың сақталуын мемлекеттік бақылау (қадағалау)

 

  1. Жануарларға қарауға байланысты қатынастар саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) уәкілетті орган жүзеге асырады.
  2. Уәкілетті органның жануарларға қарауға байланысты қатынастар саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыратын лауазымды адамдарының:

1) мемлекеттік билік органдарынан, ұйымдар мен азаматтардан жануарларға қарауға қатысты толық және анық ақпарат алуға;

2) белгіленген тәртіппен азаматтар мен ұйымдардың жануарларға қарауға байланысты қатынастар саласындағы заңнаманы, оның ішінде жануарларды асырау және пайдалану кезінде сақтауын тексеруге;

3) тексеру нәтижелері бойынша актілер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасауға;

4) нұсқамалар беруге және олардың орындалуын тексеруге, анықталған кемшіліктерді жоюды талап етуге, берілген құқықтар шегінде нұсқаулар немесе қорытындылар беруге;

5) кінәлі адамдарды белгіленген тәртіппен әкімшілік жауаптылыққа тартуға, оларды әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы материалдарды уәкілетті органдарға жіберуге, сотқа талап қоюлар беруге құқығы бар.

 

32-бап. Жергілікті атқарушы органдардың жануарларға қарауға

   байланысты қатынастар саласындағы заңнаманың сақталуын

   бақылауы

 

Жергілікті атқарушы органдар өздері қабылдаған нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптардың сақталуын бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады.

 

33-бап. Жануарларға қарауға байланысты қатынастар саласындағы

            заңнаманың сақталуын қоғамдық бақылау

 

  1. Жануарларға қарауға байланысты қатынастар саласындағы заңнаманың сақталуын қоғамдық бақылауды азаматтар, қоғамдық бірлестіктер және өзге де коммерциялық емес ұйымдар (қоғамдық бақылауға қатысушылар) жүзеге асыруға құқылы.
  2. Жануарларға қарау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу кезінде мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қоғамдық бақылауға қатысушылардың пікірін ескереді.
  3. Уәкілетті органның лауазымды адамдарымен келісу бойынша қоғамдық бақылауға қатысушылар жануарларға қарауға байланысты қатынастар саласындағы заңнаманың сақталуына тексерулер жүргізуге қатысады.

 

34-бап. Жануарларға қарауға байланысты қатынастар саласындағы     

            заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылық

 

Жануарларға қарауға байланысты қатынастар саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылық Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.

 

7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

35-бап. Осы Заңның күшіне ену тәртібі

 

Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

 

 

 

Қазақстан Республикасының

   Президенті