
Алматыда 2024 жылғы 10-13 қыркүйек аралығында Бонн Конвенциясы аясында жабайы табиғатты қорғауға арналған екі маңызды жиын өтті. Бірінші жиын 10-11 қыркүйекте бухар бұғысы бойынша 2025-2032 жылдарға арналған Жұмыс жоспарын қайта қарауға арналды. Бұл жиында бухар бұғысының популяциясын қорғау және қалпына келтіру шараларын күшейту мәселелері талқыланды.
Екінші жиын 12-13 қыркүйекте архардың (Ovis ammon) 2024-2032 жылдарға арналған сақталу әрекеттері жоспарын қайта қарауға арналды. Қатысушылар браконьерлікпен күрестегі жетістіктерді және архарлардың миграциясына әсер ететін климаттық өзгерістер мен инфрақұрылымның даму секілді мәселелерді талқылады.
Жиындар Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қолдауымен ұйымдастырылды. Жиынға Ресей, Монголия, Тәжікстан, Өзбекстан, Үндістан, Қырғызстан және Қазақстанның өкілдері қатысты. Кездесулердің қорытындысы бойынша, трансшекаралық ынтымақтастықты және жабайы табиғатты қорғау саласындағы өзара әрекеттестікті нығайту арқылы сирек және жойылып бара жатқан түрлерді сақтау бағдарламаларының тиімділігін арттыру қажеттілігі атап өтілді. Мамандырылған және ғылыми ұйымдардың стратегиялық құжаттарды әзірлеудегі және қайта қараудағы маңыздылығы қарастырылды.