
2023 жылдың 24 қарашасында Түркістан қаласында әлемнің түкпір-түкпірінен үздік бизнес және туризм өкілдерінің басын қосқан TIF’23 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумы өтті.
Келелі басқосуға Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Ресей және Қытай елдерінің беделді саясаткерлері, ірі кәсіп иелері, сала көшбасшылары мен сарапшылары, инноваторлары қатысты. Форумда негізгі мәселелер талқыланып, шешу жолдары қарастырылды.
«Мұндай ауқымды форумдар мемлекеттік және іскерлік құрылымдардың диалогы үшін өте тиімді. Онда негізгі мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдары қарастырылады», - деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының м.а. Данияр Тұрғамбаев.
Түркістан облысы біркүндік келушілер арасындағы бағыттардың топ 3-не кіреді. Одан бөлек, сауалнама нәтижелері Түркістан – саяхатшылардың тағы да қайтып келгісі келетін жерлерінің топ-5-не енгенін көрсетті. 2022 жылғы статистикаға сәйкес, ел ішінде ең көп саяхаттайтын аймақ ретінде Түркістан өңірі көш бастаған.
Туризм индустриясын дамыту жөніндегі панельдік сессияға алыс-жақын шетелден келген спикерлер баяндама жасап, талдауларын ұсынды. Саладағы тәжірибелі тұлғалар мен сарапшылар Қазақстандағы туризмді жан-жақты ілгерілету тәсілдерін талқылады.
Сонымен қатар, форум барысында Ұлттық табиғи парктердегі экологиялық туризмнің тұрақты дамуы, Қазақстан өңірлерінің көліктік қолжетімділігі, Қазақстандағы туризм индустриясы үшін кадрлар: заманауи сын-қатерлер мен мүмкіндіктер, Түркістан облысы бойынша іс-шаралық туризмнің маңыздылығы, Қазақстанның туристік нарығын зерттеу, Silkroad платформасы аясындағы жобалар сынды өзекті тақырыптар қозғалды.