
Бүгін Президент жанындағы Қазақстанның орталық коммуникациялар қызметінде киік популяциясын реттеу мәселесіне қатысты дөңгелек үстел өтті. Оған Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Ауыл шаруашылық министрлігі, “Охотзоопром” ӨБ” РМҚК өкілдері, ғалымдар қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, 1999 жылы киік санының төмендеуіне байланысты 2024 жылға дейін оларды ғылымидан басқа мақсатта пайдалануға мораторий жарияланған болатын.
Көктемгі әуе санағына сәйкес еліміздегі киік саны 1,9 млн. басқа жетті, ал КСРО кезеңіндегі ең жоғарғы көрсеткіш 1,2 млн. басты құраған.Қазіргі таңда киіктің ең көп Орал популяциясының саны – 1,13 млн. бас (КСРО кезеңіндегі бұл популяцияның ең жоғарғы көрсеткіші 298 мыңнан аспаған). Жыл соңында киіктің төлімен қоса есептегендегі саны 2,6 миллион басты құрайды деп болжануда.
Киік санының өсуі олардың жайылымдар мен суаттар үшін ауыл шаруашылығы жануарларымен бәсекелестігін күшейтті, ақбөкендердің егінді таптауына әкеп соқты. Соңғы үш жылда Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік шиеленіс орын алды - жергілікті тұрғындар өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін тұрақты дамыту үшін киік санын азайту қажеттілігін алға тартты.
ҚР ҒЖБМ ҒК Зоология институтының биоценология және аңтану зертханасының меңгерушісі К.Плаховтың пікірінше: "Бір ересек киік күніне 7 кг-ға дейін жем жеп, шамамен 5 литр су ішеді, Яғни, Орал популяциясының 1,13 млн. бас киіктері, олардың көктемгі көбеюін ескерсек, күн сайын 8 мың тоннаға дейін жем және 6 мың тоннаға жуық су тұтынады. Әрине, бұл жағдай жайылымдар мен суаттарға айтарлықтай әсер етеді”.
ҚР АШМ ақпараты бойынша ағымдағы жылы шабындық және жайылымдық алқаптарға залал келтірілді, осыған байланысты 122 мың гектарға жуық егіс (Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, БҚО) зардап шекті, болжамды залал 12 млрд теңгеден асты.
Көтерілген мәселенің күрделілігіне байланысты киік популяциясын басқару тәсілдерін әзірлеу үшін, сондай-ақ халықаралық тәжірибеге сүйену мпқсатында, экология және табиғи ресурстар министрлігі қоныс аударатын түрлер жөніндегі Конвенцияның хатшылығымен өзара іс-қимыл жасай отырып, жануарлар дүниесін қорғау және пайдалану жөніндегі халықаралық сарапшылармен консультациялар жүргізді.Сондай-ақ, халықаралық сарапшылар тобы киіктің Орал және Бетпақдала популяцияларының мекендейтін жерлеріне барып, елді мекендерге жақын орналасқан киік табындарынөз көздерімен көріп қайтты.
Сонымен қатар, киік санының өсуіне байланысты туындаған проблемалық мәселелер жергілікті тұрғындармен талқыланды.
Қазіргі уақытта Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетінің ғалымдары киік популяциясын басқару бойынша биологиялық негіздеме әзірледі. Оған сәйкес киік популяциясын басқару бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде, жақын арада осы мәселеге қатысты шешім қабылданатын болады.