"Алтын-Емел" ұлттық паркі қызметкерлері Қызыл кітапқа енген жыланжегіш қыранның балапан басуын фототұзаққа түсірді

"Алтын-Емел" ұлттық паркі қызметкерлері Қызыл кітапқа енген жыланжегіш қыранның балапан басуын фототұзаққа түсірді

Жыланшегіш қыран – ұлттық парк аумағында кездесетін ерекше құстардың бірі, өйткені оның негізгі қорегі - жыландар. Учаске басшысы Дидар Базарбеков осы құстың балапан басуын басынан бастап аяғына дейін фототұзаққа түсіріп алды – бейнеде жыланжегіштің жалғыз жұмыртқа салуынан бастап, балапан шығарып, оның қоректенуі, ұядан ұшып шығуы көрсетілген.

Бейнекадрлардан байқағандарыңыздай, ата-анасы балапанын 2 ай бойы оқ жылан,  қарашұбар жылан сынды әр түрлі жылан түрлермен қоректендірген. Тек бір рет қана агама кесірткесін әкеп бергендіктерін байқауға болады.

Алайда аталмыш құс түрі бақалармен, ұсақ сүтқоректілермен (кеміргіштермен) және дала құстарымен де қоректенетіні белгілі.

Жыланжегіш қыранның ұясы парк аумағының жазық шөлді бөлігіндегі жалғыз Тораңғы ағашынан табылған. Бұл құс наурыз – сәуір айларында ұшып келеді, ұясын ағаштарға, жартастарға салады. Жұмыртқа салу сәуірдің ортасынан мамыр айына дейін жүрсе, ал оны басу бір айға созылады, балапаны шамамен маусым айының ортасында немесе соңында шығады, шілде-тамызда қанаты қатып, тамыз айының соңына қарай ұядан ұшып кетеді.

2022 жылы «Алтын-Емел» ұлттық паркінде жүргізілген санаққа сәйкес аумақта 12 жыланжегіш қыран бар. Айта кетейік, бұл құс ҚР Қызыл кітабына енгізілген.