
2020 жылғы 14 ақпанда ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Асхат Қайнарбековтың төрағалығымен 2019 жылдың қорытындысы мен 2020 жылға арналған міндеттер туралы кеңейтілген жиналыс өтті.
Жиналысқа облыстық аумақтық инспекциялардың, ведомствалық бағынысты ұйымдардың және облыстық әкімдіктердің табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармаларының басшылары қатысты.
Жиналыстың жұмысын аша отырып, Асхат Қайнарбеков есептік жылдың маңызды оқиғасы браконьерлік үшін жазаны қатаңдату, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспекторлардың өкілеттіктерін кеңейту, сондай-ақ инспекторларды әлеуметтік қорғау шараларын күшейтуге қатысты бірқатар заңдардың қабылданғанын еске салды.
Комитеттің мәліметіне сәйкес, 2019 жылы ормандарды молықтыру көлемі ұлғайды. Жоспарлы ағаш отырғызу кезінде көзделген 59,8 мың га орнына 63,9 мың га ағаш отырғызылды. Жылдың қорытындысы бойынша орманды қалпына келтіру шаралары толық көлемде орындалды.
Бұдан басқа, 2019 жылы мемлекеттік орман қоры аумағында орман өрттерінің ауданы 162,6 мың га-дан (2018 жылғы көрсеткіш) 73,5 мың га азайды. Оң көрсеткіштерге қарамастан, Жамбыл және Қостанай облыстарының орман шаруашылық мекемелерінде үлкен көлемде орман өрттері орын алып, мемлекеттік мекемелердің орман өрті қаупі бар кезеңіне дайындықтың нашар екенін көрсетті.
Комитеттің басқарма басшысы Мақсат Елемесов сөз сөйлеу барысында орман шаруашылығы мекемелеріне 2020 жылғы орман өрті қаупі бар кезеңіне дайындалу керектігін атап өтіп, оларға материалдық-техникалық базасын жақсартуды ұсынды. Өйткені, облыстық орман шаруашылығы мекемелерінің жарақтандырылуы нормативтің 68 %-н құрайды. Бұл ретте техниканың жартысынан астамының пайдалану мерзімі 10 жыл және одан да көп.
Сондай-ақ жиналыста заңсыз ағаш кесумен күрес туралы сөз болды. 2019 жылы Комитетке қарасты ведомствалық бағынысты ұйымдардың аумағында заңсыз ағаш кесу көлемі 730 текше метрді құрады. Негізгі ағашты заңсыз кесудің фактысы орман қоры аумағын космостық бақылау кезінде анықталды.
Сонымен қатар, жиналыста республиканың орман шаруашылығында назар аударатын бірқатар бағыттар бар екендігі атап өтілді. Бұл орман өрттері мен орман зиянкестерін алдын алу және оларға қарсы күрес ұйымдастыру, орман қорғау іс-шараларының тағайындалуын бақылау.
Комитет 2020 жылы ЕҚТА-да экологиялық туризмді дамытуға басты назар аударуды жоспарлап отыр. Ұлттық парктерді басқарудың жаңа моделін сынақтан өткізу бойынша күрделі құрылысты жүзеге асырмай ЕҚТА-да экотуризмді дамытудың Мастер-жоспарлары әзірленетін болады.
Іс-шара барысында төраға орынбасары Нариман Жүнісов аумақтық бөлімшелердің өткен жылғы бақылау-инспекциялық қызметінің көрсеткіштерін атап өтті.
Оның айтуынша, өткен жылы аумақтық инспекцияның мемлекеттік инспекторлары 9124 кешенді рейд пен табиғат пайдалану саласында 1045 тексеру жүргізді, сонымен қатар табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 8801 оқиғасын анықтады. Аталған бұзушылықтар бойынша 7150 адам әкімшілік жауапкершілікке, 57 браконьер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 95 млн. теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
«Балық аулауды реттеу бойынша 2019 жылы 51,8 мың тонна көлемінде балық аулау лимиті бекітіліп, оның ішінде жыл басынан бері 42,5 мың тонна немесе 82% ауланды», - деп атап өтті Н. Жүнісов.
Балық шаруашылығын дамыту мақсатында 2019 жылы нақты қаржы көлемі 2,7 млрд теңгені немесе жоспардың 148% - ын құрады. Табиғи мекендейтін ортаға 69,5 млн. дана бағалы балық түрлерінің шабақтары жіберілді.
АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында есептік жылы барлық балық өсіру кәсіпорындары шамамен 7,4 мың тонна тауарлық балық өсірді.
Сонымен қатар, Нариман Жүнісов бекітілген және резервтік су қоймаларында балықтардың қырылу фактілеріне назар аударды. Мәселен, өткен жылы балық қырылудың 20 фактісі тіркелді. Осы ретте инспекция басшыларына облыс әкімдіктерімен бірлесіп балық пен олардың шабақтарының қырылуына жол бермеу үшін шаралар қабылдауды және бекітілген хабарландыру жүйесіне сәйкес жұмыс істеуді тапсырды.
Жиналыс соңында ведомство 2020 жылға арналған басым міндеттердің тізімін белгіледі. Олар: «Өсімдік әлемі туралы» заң жобасын әзірлеп, оны Парламенттің қарауына енгізу; Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін сақтау және ұтымды пайдалану жөніндегі тұжырымдаманы бекіту мәселесін пысықтау; ормандарды молықтыру және орман өсіру индикаторларына қол жеткізу; бақылау-инспекциялық жұмысты және лимит пен бөлінген квоталарды игеру мониторингін күшейту.