
2-4 мамырда Үндістанның Дели қаласында қоныс аударатын құс түрлерін зерттеу және қорғау бойынша жұмысты жолға қою мақсатында, сонымен қатар, Үкіметаралық ынтымақтастықтың неғұрлым тиімді форматы бойынша келісімге келу үшін Орталық Азиядағы құстардың ұшу жолы бойындағы елдердің кездесуі өтті.Кездесуді Үндістанның Қоршаған орта, орман және климаттың өзгеруі министрлігі және жабайы жануарлардың қоныс аударатын түрлерін сақтау жөніндегі Конвенцияның (CMS) хатшылығы ұйымдастырды.
Іс-шараға Орталық Азиядағы құстардың ұшу жолының аумағын қамтитын 11 елдің өкілдері және мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдерін қоса алғанда, барлығы 73 адам қатысты. Оның ішінде көші-қон түрлерін қорғау жөніндегі қолданыстағы үкіметаралық келісімдердің (Raptor mou, AEWA) үйлестірушілері де бар. Қазақстандық делегацияны ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің жануарлар дүниесін сақтау және аңщылық шаруашылығы басқармасының сарапшысы Жанна Бейспаева және Қазақстандағы биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығының атқарушы директоры Вера Воронова таныстырды.
Кездесуді Қоршаған ортаны қорғау, орман және климаттың өзгеруі министрі Ашвини Кумар Чоби ашты. Жиынның бірінші сессиясында тарихы 2001 жылы басталған Орталық Азия ұшу жолы бойындағы елдердің ынтымақтастығына қатысты барлық кезеңдер мен қабылданған шаралардың хронологиясы ұсынылды.
Екінші сессияда әр ел негізгі институционалдық шеңберлер, зерттеу саласындағы жетістіктер және соңғы жылдардағы қоныс аударатын құстарды қорғау туралы бес минуттық баяндама ұсынды. Кездесуге қатысушылар қоныс аударатын құстардың көптеген түрлерінің саны азайып бара жатқанымен келісті. Негізгі қауіптердің қатарына браконьерлік, электр желілері мен жел электр станциялары салдарынан өлім кіреді. Сондықтан бірлескен іс-қимыл шешімдері шұғыл түрде қабылдануы керектігі айтылды.
Кездесудің нәтижесінде Орталық Азия ұшу жолы бойынша бастаманы (Central Asian Flyway Initiative CAFI) қалыптастыру қажеттілігі туралы келісімге келді. Үкіметаралық бастаманы құру елдердің ақпарат алмасудағы тиімді ынтымақтастығына, шешім қабылдаудағы заманауи тәсілдерге оң әсер етеді, сонымен қатар қоныс аударатын құстарды зерттеу және қорғау жөніндегі жұмыстарды кеңейту үшін өңірге инвестициялар тартуға ықпал ететін болады.
Бастаманың қалыптасуы мен жұмысын одан әрі үйлестірудегі жетекші рөлді Конвенцияның Хатшылығы мен Үндістан Үкіметіне жүктеу ұсынылды.Жоба жақын арада 2023 жылғы қазан айында Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтетін жабайы жануарлардың көші-қон түрлерін сақтау жөніндегі Конвенцияның (CMS) тараптары елдерінің қарауына (бекітілген рәсімдерге сәйкес) және шешіміне бағытталатын болады.