Жеке мақсатта өсімдіктер дүниесін пайдалану - тегін

Жеке мақсатта өсімдіктер дүниесін пайдалану - тегін

Бұл туралы бүгін брифинг барысында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Құтпанбаев мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 2 қаңтар күні Мемлекет басшысы "Өсімдіктер дүниесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Аталмыш Заң жабайы өсімдіктерді, олардың табиғи жағдайда өсетін әртүрлі популяцияларын, генетикалық қорды сақтау мақсатында арнайы жағдайларда ұсталатын бөліктерін, сондай-ақ жасыл желектерді қамтиды.

Айта кету керек, Заң ережелері ауылшаруашылық өсімдіктеріне, сондай-ақ жеке және қосалқы шаруашылықтарда, бақтар мен бақшаларда өсетін өсімдіктерге қолданылмайды.

Сонымен қатар, өсімдіктер дүниесін пайдалану жалпы және жеке тәртіппен жүзеге асырылады: жеке және үйде пайдалану үшін тегін, ал коммерциялық мақсатта арнайы пайдалану үшін ақылы.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi өкілетті органының шешімімен бекітілген лимиттерде жеке  тұлғалар жабайы жемістерді, жаңғақтарды, саңырауқұлақтарды, жидектерді, дәрілік шикізатты және басқа да өсімдік ресурстарын жеке шаруашылық қажеттіліктері үшін өтеусіз жинауға құқығы бар.

Жинақ мөлшерлемесі геоботаникалық және ресурстық зерттеу материалдарына, түгендеу негізінде белгіленеді (әр аймақ үшін олар әртүрлі болуы мүмкін).

Заңның негізгі жаңалығы өсімдіктер дүниесінің жекелеген түрлерінің айналымы саласында хабарлау тәртібін белгілеу болып табылады. Бұл отандық кәсіпкерлік субъектілері өсімдік әлемін фармацевтикалық, азық-түлік және техникалық өнімдерді өндіру үшін арнайы пайдалану тәртібімен өсімдік ресурстарын заңды түрде ұтымды пайдалана алады деген сөз.