
Жануарларға жауапкершілікпен қарау жөніндегі жедел желі Экология және табиғи ресурстар министрлігі қызметкерлерінің бастамасы бойынша іске қосылды. Мақсаты - жануарларға қатыгездік таныту фактілері тіркелген жағдайда, жедел түрде әрекет ету, сонымен қатар халыққа консультациялық көмек көрсету.
Алайда, жедел желіге жануарлардың иелері оларға дұрыс жағдай жасамауы, жануарлардың денсаулғына қатысты сұрақтар, сондай-ақ үй жануарлары мен жабайы жануарлардың мәйіттері анықталғаны жөнінде шағымдар түседі. Әрбір факт бойынша жауапты қызметкер дәлелді жауап береді. Айта кету керек, "қауырт желі" мамандандырылған call-орталық емес, бір маманға өтініштер ағынымен жұмыс жасау қиын, өтініштер тек жұмыс уақытында ғана емес, түнде, демалыс және мереке күндері де келіп түседі.
Қаңғыбас жануарларды аулау қызметін жергілікті атқарушы орган қалыптастыратын аулау қызметі жүзеге асырады. Жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидаларына сәйкес, иесінің қарауынсыз қоғамдық орындарда (көшелерде, аула аумақтарында, саябақтарда, скверлерде, қараусыз қалған ғимараттарда, қала шетінде, саяжай массивтерінде және басқа жерлерде) жүрген жануарлар аулауға жатады. ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңының 5-бабы 23-тарауына сәйкес, ауланған қаңғыбас жануарлар уақытша ұстау пунктеріне немесе панажайларға жіберіледі. Ал панажайлар мен уақытша ұстау пунктері қызметкерлері жануарлардың иелерін іздестіру жұмыстарын жүргізіде, қаңғыбас жануарларға ие таңдауды жүзеге асырады.
Кей уақытта қараусыз қалған жануардың иесін жедел анықтау мүмкін емес. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап үй жануарларын есепке алу міндеттеледі, бұл қараусыз қалған үй жануарларын анықтауды, сәйкесінше жануарларына дұрыс қарамаған иелеріне қатысты шаралар қабылдауды жеңілдетеді.
Айта кету керек, жануарларға қатыгездік таныту фактісі анықталған жағдайда, министрліктің қылмыстық құқық бұзушылықты анықтауға байланысты тергеу-жедел іс-шараларды жүргізу жөніндегі өкілеттігі жоқ.
Осыған байланысты, тиісті құқықтық бағалау үшін құқық қорғау органының құзыреті шеңберінде және тәртіп бұзушыларды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту үшін Министрлік Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарына жүгінеді.