
Дәл қазір "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осыдан жиырма жыл бұрын – 2003 жылғы 22 қаңтарда ҚР Үкіметі Семейдің Ертіс бойындағы ормандарына «ерекше қорғалатын табиғи аумақ» мәртебесін берген болатын.
Бұл шешім уақыттың талабына байланысты болды: 1990 жылдардың аяғынан бастап 2000 жылдардың басына дейін аймақтың қарағайлы ормандары жиі-жиі өртке оранып, ағаштары заңсыз оталып, қарағайлы орман селдіреп-ақ қалған еді.
Осыдан 20 жыл бұрын, резерватқа «ерекше қорғалатын табиғи аумақ» мәртебесі берілгеннен кейін барлық кәсіби бағыттар бойынша белсенді жұмыс жолға қойылды. Атап айтсақ, негізгі функциясы – орманды өрттен және заңсыз кесуден қорғау, соның ішінде өрттің алдын алу шараларын жүргізу, өткен жылдардағы өртенген алқаптарды тазарту, орманды қалпына келтіру, жабайы жануарлар санын арттыру, зиянды жәндіктермен, өсімдік ауруларымен күресу, халық арасында экологиялық-ағарту және насихаттық іс-шаралар жүргізіп, ғылыми зерттеулер, тәжірибелік эскперименттер жасау.
Резерват құрылғаннан бастап табиғи кешендерді қалпына келтіру бойынша айтарлықтай жұмыстар жүргізілді. Жалпы ауданы 103,45 гектар болатын сегіз орман питомнигі қалпына келтірілді. 2003-2023 жылдар аралығында барлығы 55702,3 га аумаққа ағаш өскіндері отырғызылды. Орман питомниктеріне тұқым егу 2003 жылғы 4 га-дан 2022 жылы 22,2 га-ға дейін өсті. Ағаш өскіндерін отырғызу көлемі де артып келеді. 2003 жылы 44 гектар жерге жас өскіндер егілсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш 4504,0 гектарды қамтыды.
🔹”Семей орманы” МОТР негізгі міндеттерінің бірі – орманды өрттен қорғау.
Қазіргі уақытта резерватта орман өрттерін уақтылы анықтау және сөндіру үшін 30 орман өрт сөндіру станциясы жұмыс істейді, оларда 65 өрт сөндіру машинасы, 13 шағын орман өрт сөндіру кешені, 2 су тасушы, 136 трактор және адамдарды тасымалдауға арналған 10 автокөлік қолданыста. Орман өрттерін анықтайтын 32 өрт мұнарасы бар, бұдан басқа, орманды МИ-2 тікұшақтарымен авиапатрульдеу жүзеге асырылады.
Өткен жылы 260 өрт оқиғасы уақтылы анықталып, сөндірілді. Орман заңнамасының сақталуын бақылауды мемлекеттік инспекторлар жүргізеді, осы мақсатта әрбір орманшылықта құрылған жедел топтар тәулік бойы ормандарды патрульдейді.
🔹Орманшылардың міндеттеріне жануарлар әлемін қорғау кіреді.
Биотехникалық іс-шараларды өткізудің арқасында жабайы жануарлардың саны артып келеді. Резерваттың мемлекеттік инспекторлары ормандағы тұмса табиғат өкілдеріне қыстап шығуға көмектеседі. Қарағайлы орманда бұлан, ондатра, борсық, суыр, тиін, қоян, құр, қырғауыл, шіл, үйрек сынды адамдардың қамқорлығын қажет ететін жануарлар мен құстардың ондаған түрлері бар.
Биылғы жылы орман резерватының қызметкерлері түз жануарларына 17,5 тонна шөп және 18 мыңға жуық бұтақты азық дайындады, 54 азықтандыру алаңы жабдықталып, 100 дана тұз науалары жаңартылды, 17 дана шөп салатын оттықтар мен жем науалары әзірленді, тұз жеткізіліп, 8 суат аршылды. Бүгінгі таңдағы тұяқты жануарлардың саны: 399 бұлан, 1523 елік, 254 қабан және 148 арқар. Төмендегі аң-құстардың саны артқаны байқалады: борсық (+27 бас), құр (+98 бас), шіл (+60 бас).
Бүгінде "Семей орманы" МОТР» РММ қуатты қаржылық қолдауы, материалдық-техникалық базасы бар республиканың ірі орман шаруашылығы мекемесі. Мұнда екі мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді, олардың арасында жоғары білікті мамандар көп.
Орман резерватында осы жылдар ішінде бірлігі мен берекесі жарасқан ұжым қалыптасты. Мұнда өзінің сүйікті ісіне ондаған жылдарын арнаған, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға негіз болатын ізбасарлар дайындау дәстүрін берік бекіткен білікті мамандар, жалпы еңбек өтілдері бірнеше жүздеген жылдарды қамтитын орманшылар династиялары да аз емес. Олардың барлығын ел алдындағы парыз, мамандыққа деген адалдық, туған өлкенің ұлттық байлығын сақтау және көбейту жолындағы мақсат пен ұрпақтар алдындағы жауапкершілік біріктіреді.