Ормандарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету

Ормандарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету

2022 жылғы 14 қазанда ҚР Экология, Геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ә.Л.Шалабекованың төрағалығымен Бас прокуратура, орман шаруашылығы комитеті, Ұлттық экономика, қаржы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен орман қорғау саласындағы заңдылықтың сақталуына қатысты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ұсынысын қарау бойынша және ормандарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша  кеңес өтті.

Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының 2022 жылғы 5 қыркүйектегі Қостанай облысындағы табиғи өртті жою жөніндегі жедел штаб отырысында айтылған тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Төтенше жағдайлар министрлігі мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі (Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті) бөлімшелерінің және жергілікті атқарушы органдардың (табиғат қорғау бөлімшелері)  материалдық-техникалық базасын нығайту жөнінде шаралар қабылдануда.

 Сондай-ақ, жиында орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақы мәселесі көтерілді. Айта кету керек, орманшылардың жалақысы елдегі ең төменгі ақылардың бірі болып табылады. Жағдайды жақсарту мақсатында ЭГТРМ "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйым қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына өзгерістер енгізу туралы " Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысының жобасы әзірленді.