
2022 жылғы 29 қыркүйекте ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі А.Л. Шалабекованың төрағалығымен мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, зооқорғау ұйым өкілдерінің қатысуымен жиын өтті. Онлайн кеңес барысында жергілікті өкілді органдардың нормативтік құқықтық актілерді қабылдау мәселелері және "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру бойынша ЖАО тарапынан қабылданып жатқан шаралар талқыланды.
Шара аясында ЖАО өкілдері нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау, үй жануарларын аулау және серуендету, ЖАО сайттарында Заң нормаларының іске асырылу барысы туралы жұртшылықты хабардар ету, ЖАО мен зооқорғау ұйымдары арасында жасалған меморандумдар туралы есеп берді.
Сондай-ақ, үй жануарларын есепке алуды ұйымдастыру, зарарсыздандыру және қоғамдық инспекторлардың куәлігін беру, уақытша ұстау пункттерін салу үшін учаскелерді бөлу мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, зооқорғау ұйымдарының өкілдері кейбір ЖАО қызметі бойынша ескертулер мен олардың жұмысын жақсарту бойынша ұсыныстар айтты.
Өз кезегінде, министрлік жергілікті атқарушы органдардың атқарған жұмыстарына талдау жүргізеді, заң нормаларын уақтылы және сапалы іске асыру бойынша ұсынымдар жасайды.