
5 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен (WWF) бірлесіп Владивосток қаласында өтетін Жолбарысты сақтау жөніндегі екінші Халықаралық форумға қатысады.
12 жыл бұрын Жер планетасында жыртқышты сақтау бойынша алғашқы халықаралық форум Санкт-Петербург қаласында өтті. Форум барысында Үкімет басшылары деңгейінде жолбарысты қалпына келтіруді, 2022 жылға қарай оның табиғаттағы санын екі есе арттыруды көздейтін жаһандық бағдарлама қабылданды. Дәл осы форумда Қазақстан үкіметі жыртқышты Орталық Азияға қайтаруға дайын екенін жариялады.
Жеті жылдан кейін реинтродукция (бұрын мекендеген жеріне қайтару) бағдарламасы дайындалып, 2017 жылдың қыркүйегінде Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) мен Қазақстан Үкіметі арасында елдегі жолбарыс популяциясын қалпына келтіру бағдарламасын іске асыру туралы Меморандумға қол қойылды. Келесі жылы-ақ, Іле өзені атырауының бір бөлігіндегі, Балқаш көлінің оңтүстік жағалауындағы жайылмалы, сексеуіл ормандары мен сулы-батпақты алқаптарды қамтитын ауданы 415 мың гектар «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Осы сәттен бастап жолбарыстық бағдарламаның бірінші кезеңі – аумақты дайындау басталды. Алдағы жылдары Қазақстан мен Ресей арасында Бағдарламаны іске асыруда тығыз ынтымақтастық орнату жоспарланып отыр. Жолбарысты сақтау жөніндегі екінші халықаралық форум барысында тиісті меморандумға қол қою жоспарлануда.
Жолбарысты сақтау жөніндегі II Халықаралық форумда Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі жұртшылықты бағдарламаны іске асыру кезеңдері, резерват құрылған сәттен бері атқарылған және жыртқыштың келуіне дейінгі дайындық жұмыстары туралы толығырақ хабардар етеді. Қазақстанның стендінде болашақта жолбарыстарды шығаратын жер - оңтүстік Балқаш маңы аумағының экспозициясы ұсынылады. Макет, сондай-ақ фото және бейне презентациялар жолбарыстың жаңа «үйімен» танысуға және ол туралы түсініктің кеңеюіне мүмкіндік береді.
Фотоcурет: mirplaneta.ru