
Ағымдағы жылдың 19 шілде күні Қазақстанның Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Мемлекет Басшысының 14 шілдедегі ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасының орындалу барысымен бөлісу мақсатында брифинг өтті. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С. Брекешев, вице-министр Т. Момышев, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Н.Қылышбаев жауап берді.
Экология министрлігінің алдына қойылған міндеттерінің бірі киіктердің санын басқару бойынша шаралар қабылдау болатын.
«Киік-біздің ұлттық брендіміз. Осы құнды ресурсты сауатты басқару-қазіргі уақытта біздің алдымызда тұрған міндет, оны барлық пікірлерді ескере отырып, міндетті ғылыми сүйемелдеумен жүйелі түрде шешу қажет», - деп атап өтті министр.
Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, Экология министрінің төрағалығыммен ғылыми ұйымдардың, мүдделі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ аңшылар қоғамдық бірлестіктері қауымдастықтарының қатысуымен киіктердің популяциясын басқарудың жаңа тәсілдерін қарау мәселесі бойынша кеңес өткізілді. Жиында Зоология институты мен Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының өкілдері әр популяцияның оңтайлы санын анықтау, тиімді мониторинг және тұрақты басқару үшін Қазақстандағы киік популяциясы ареалындағы экожүйелерді кешенді бағалау бойынша терең ғылыми зерттеулер жүргізу қажеттілігі туралы ұсыныс айтты.
Комитет Төрағасы Н.Қылышбаев киіктердің санын басқарудың балама тәсілдері ғылыми зерттеулер жүргізілгеннен кейін белгілі болатынын атап өтті. Зоология институты дайындық жұмыстарын бастап кеткен.
«Киікті сақтау тұрғысынан осы түрді арнайы қорғауды жалғастыра отырып, оларды орынды пайдалану кезінде оның таралымының барынша мүмкін болатын мөлшерін ұстап тұру неғұрлым орынды болады. Мұндай популяцияны басқару мұқият дайындықты қажет етеді. Бұл жұмыс басталып кетті және министрліктің, барлық мүдделі тараптардың бақылауымен және жұртшылықты хабардар етумен жүргізілетін болады»,-деп атап өтті С.Брекешев.
Брифинг қорытындысы бойынша спикерлер журналистердің сұрақтарына жауап берді.