
Заң жобасының бірінші оқылымы ҚР Парламенті Мәжілісінде өтті. Оған депутаттар, қоғам және үкімет өкілдері қатысты.
Заң жобасы 22 тараудан 71 баптан тұрады. Ол елді мекендердегі жабайы өсімдіктертер мен жасыл желектерді қамтитын болады. Мақсаты - республиканың бүкіл аумағындағы өсімдіктер дүниесін қорғау, молықтыру және ұтымды пайдалану мәселелерін реттеу.
Заң жобасының негізгі жаңалығы - отандық кәсіпкерлер өсімдік ресурстарын фармацевтикалық, азық-түлік және техникалық өнімдерді өндіру мақсатында пайдалану мүмкіндігіне ие болмақ.
Сонымен қатар, жеке тұлғалар да өсімдік ресурстарын еш өтеусіз және рұқсат беру құжаттарынсыз жинай алатын болады.
Заң жобасын әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе ескерілді. Өсімдіктер дүниесі туралы ұқсас заңдар Австралияда, Канадада, Оңтүстік Кореяда және Еуропалық Одақ елдерінде, ал жақын шет елдерде - Армения, Беларусь, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Украинада бар.
Айта кетейік, еліміздің өсімдіктер дүниесі ағаш-бұта және шөп өсімдіктерінің 6,0 мыңнан астам түрін құрайды.Оның ішінде 1,5 мыңға жуық түрі дәрілік өсімдіктер болып табылады, 390 түрі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген, 110 түрі реликті өсімдіктер, сондай - ақ 700 эндемикалық өсімдік түрлері. Қазіргі уақытта Қазақстанның экспортталатын дәрілік өсімдіктерінің тізіміне 14 түрі кіреді – бұл мия, ферула, цистанхе, Түркістан сабын тамыры және басқалары.