
Іс-сапар барысында вице-министр жолбарысты жерсіндіру орталығы мен визит-орталығының құрылыс жоспарымен танысты.
Қазіргі таңда жолбарысты реинтродукциялауға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Резерватта жыртқыш аңның қолайлы өмір сүруі үшін экожүйені қалпына келтіру жұмыстары басталып кеткен.
Мысалы, былтырғы жылы үшінші рет резерват территориясына бұхар бұғылары жіберілген. Қазір олардың саны 100-ге жетіп отыр. Жоспар бойынша бұғы санын екі есе көбейтіп, онымен қатар құланды жерсіндіру қолға алынбақ.
Сонымен қатар, резерватта тоғай ормандарын қалпына келтіру жұмыстары да қолға алынған. Орман тамшылатып суару жүйсімен жабдықталған.
«Ормандардың көлемі мен санын ұлғайту бағдарламаның басты мәселелерінің бірі – тиісті жұмыстар резерват құрылғаннан бері жүргізілуді. Өткен көктемгі егіс кезінде қорық мамандары WWF қолдауымен он мыңнан астам жиде, тал, тораңғы көшеттерін отырғызғанына қуаныштымын. Бірақ біз мұнымен тоқтай алмаймыз, белсенді жұмысты жалғастыруымыз керек», - деп атап өтті Ә.Шалабекова.
Сапар барысында Қараой ауылында резерват әкімшілігіне тағайындалған ғимарат және сол өңірдегі кордон, яғни қызметкерлердің жұмыс істейтін орыны да қаралды.
Аталмыш жұмыстар Іле өзенінің саласы мен Оңтүстік Балқаш өңірінде жолбарысты реинтродукциялау бағдарламасының аясында жүргізілуде. Ол 15 жылға негізделген, бағдарлама аңның мекен ету ортасын дайындау, жолбарысты табиғатқа жіберу және бағдарламаның жүзеге асуын бақылау шараларын қамтиды. Оны Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен (WWF) бірлесе отырып іске асырмақ.