
Бүгін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің кезекті алқа отырысы өтті. Ауқымды жиынға Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова сондай-ақ, қоғамдық кеңес пен кәсіподақтың және аңшылар қоғамдастықтарының мүшелері, аумақтық инспекциялар, облыстық басқармалар мен бағынысты ұйымдардың басшылары қатысты.
Алқа отырысында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2021 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы қаралып, 2022 жылғы жұмыс жоспары талқыланды. Комитет төрағасы Нұрлан Қылышбаев көтерілген мәселелерге байланысты нақты тапсырмалар берді.
Комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Құтпанбаевтың баяндамасынан кейін, ағаштарды заңсыз кесуге және орман өрттерінің таралуына жол бермеу жөнінде қосымша шаралар қабылдап, тексеріс нәтижелері бойынша, бірінші басшыларды қызметінен босатуға дейінгі қатаң шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының еліміздің орман қорына 2 млрд ағаш отырғызу тапсырмасын орындау барысында өңірлерге бекітілген кешенді жоспарларға сәйкес іс-шаралардың уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету керектігін жеткізді.
Ауқымды алқа отырысында Комитет төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбев Ерекше қорғалатын табиғи аймақтар мен жануарлар дүниесі бойынша есеп беріп, аталған салалар бойынша кейбір мәселелерге қатысты ұсынысын айтты.
Жиында ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды кеңейту жұмыстары, Алакөл мемлекеттік табиғи қорық аумағында жергілікті халыққа қуаншылыққа байланысты арнай белгіленген учаскелерде шөп шабуға рұқсат беру жөнінде «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» ҚР Заңына тиісті өзгерістерді енгізуді қарастыру, Ресейден амур жолбарысын Қазақстанға реинтродукциялау, Браконьерлікпен күресу шаралары талқыланды.
Қоғамдық кеңес пен кәсіподақтың және аңшылар қоғамдастықтарының мүшелері көтерілген мәселелерге қатысты пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтты.
Алқа отырысында аумақтық инспекциялар, облыстық басқармалардың басшылары да сөз сөйлеп жұмыс жоспарларымен таныстырды.
Шара соңында Комитет төрағасы Нұрлан Қылышбаев барша қатысушыларға алғысын білдіріп, қоршаған ортаны қорғау саласында аянбай қызмет етіп жүрген әйелдер қауымын келе жатқан 8-наурыз Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтады.
ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті