
2022 жылғы 16 ақпанда Батыс Қазақстан облысы «Охотзоопром» өндірістік бірлестік инспекторларына екі браконьер қарсылық көрсетіп, оқ атқан. Абырой болғанда адам шығыны мен жарақат алғандар жоқ.
Инспекторлар барлау кезінде Казталов ауданы Жұлдыз кенті аумағында «Боран» маркалы қарда жүргіш көлігінің ізіне түскен. Жедел қуып жеткен қорықшылардың пәрменіне құлақ аспаған қаскөйлер Тойота маркалы қызметтік көлікке анықталмаған мылтықтан шамамен 10 рет оқ атқан. Автомобильдің алдыңғы дөңгелектері жарылып, бампері зақымдалған. Инспекторлардың табельдік қарудан ескерту оқ атқандарына қарамастан, браконьерлер БҚО, Жаңақала ауданы, Новоказанка ауылына қарай іздерін суытқан.
Оқиға орнына Казталов аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері шақырылып, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі