2022 ЖЫЛЫ 250 МЫҢ ГА ЖЕРГЕ СЕКСЕУІЛ ТҰҚЫМЫ СЕБІЛЕДІ

2022 ЖЫЛЫ 250 МЫҢ ГА ЖЕРГЕ СЕКСЕУІЛ ТҰҚЫМЫ СЕБІЛЕДІ

Бүгін Бурабайда «Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы 2021 жылғы орман мелиорациялық жұмыстардың қорытындысы және 2022 жылғы жұмыс жоспары» бойынша халықаралық жиын өтті. Ауқымды шараға Қазақтан және Өзбекстан Республикасының орман шаруашылығы саласының сарапшылары мен ғалымдары сондай-ақ,  Дүниежүзілік банк, халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамы (GIZ), АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID), Орман секторындағы ынтымақтастық жөніндегі азиялық ұйым (AfoCO) өкілдері бас қосты.

ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ұйымдастыруымен халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамының қолдауымен өткен алқалы бас қосуда Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл тұқымын себу жұмыстары қорытындыланып, 2022 жылдың жұмыс жоспары талқыланды.

2021 жылы 100 мың га жерге сексеуіл тұқымы себіліп, Мемлекет басшысының тапсырмасы тиісті деңгейде орындалды. Жалпы фитоорманмелиорациялық жұмыстарды жүргізу кезінде 230 тонна сексеуіл тұқымы жұмсалды. Сондай-ақ, тұқым дайындауға және механикаландырылған себу жүргізу үшін маусымдық жұмысқа 1000-ға жуық адам жұмылдырылды.

Сексеуіл тұқымын себу жұмыстарын, Республикалық орман селекциялық-тұқым шаруашылығы орталығы және Қызылорда облысының әкімдігіне қарасты Арал және Қазалы орман шаруашылығы мекемелері бірлесіп жүзеге асырды.

Сонымен қатар, Арал теңізінің құрғаған табанында орманмелиоративтік жұмыстарға қатысу жөнінде халықаралық донорлармен келіссөздер жүргізілді. Келіссөздердің нәтижесінде  орманмелиорациялық жұмыстардың бір бөлігін қаржыландыруға 1,5 млрд. теңге сомасына қол жеткізілді.

Биыл Арал теңізінің құрғаған ұлтаны аумағындағы 250 мың га жерге сексеуіл тұқымын себу көзделген.

Айта кетейік, жиын барысында еліміздің қоршаған ортаны қорғау саласындағы саясатын жетілдіруге ат салысып, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде аянбай еңбек еткен қызметкерлерді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев марапаттады. Арал теңізінің табанына сексеіл тұқымын себу жұмыстарын жүргізген 5 қызметкер III дәрежелі «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгісін иеленсе 4 машинист Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Құрмет грамотасымен» мараптталды.

ҚР ЭГТРМ Орман және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі