
Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында Қазақстан Республикасының мемлекеттік орман қоры жеріне 2 млрд. ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы
Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында Қазақстан Республикасының мемлекеттік орман қоры жеріне 2 млрд. түп ағаш отырғызу жөнінде тапсырма берді. Осыған сәйкес, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Маңғыстау облысы әкімдігі Маңғыстау облысының ормандарды молықтыру және орман өсірудің 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарын келісіп, бекітті.
Алдағы 5 жыл көлемінде, Маңғыстау облысының 5850 га мемлекеттік орман қоры жеріне барлығы 1950,0 мың түп қара сексеуіл егу жоспарланды.
Маңғыстау облысы бойынша жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын Бейнеу және Сам орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелері бар. Орман қоры жерінің көлемі – 253,2 мың га құрайды. Орман қорының негізі – қара сексеуіл өсінділері.
Сам ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің жалпы ауданы – 194509,77 га, оның ішінде орманды алқап – 107828 га.
Бейнеу ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің жалпы ауданы – 58789 га, оның ішінде орманды алқап 19749 га-ны құрайды.
Ағымдағы жылы Бейнеу, Сам ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелері 300 га орман қоры жеріне себілетін 1600 кг қара сексеуіл тұқымын 2021 жылдың қазан айында өз аумақтарынан дайындады. «Республикалық орман селекциялық-тұқым орталығы» РМҚК Қостанай өкілдігінің сараптамасы бойынша дайындалған тұқым 1 сыныпқа жатқызылды. Аталған мекемелердің қара сексеуіл тұқымдарын себу жұмыстары қараша айының 8 мен 13 күндері аралығында жүргізіліп, оған Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының, «Республикалық орман селекциялық-тұқым орталығы» РМҚК Қостанай өкілдігінің және Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы өкілдерінің қатысуымен жүргізілді.
Кешендік жоспарға сәйкес, 2021 жылы 300 гектарға 1600 кг, 2022 жылы 870 гектарға 4400 кг, 2023 жылы 1260 гектарға 6300 кг, 2024 жылы 1560 гектарға 7800 кг және 2025 жылы 1860 гектарға 9300 кг қара сексеуіл тұқымы себіледі.
Сонымен қатар, Кешенді жоспарды орындау мақсатында алдағы 5 жылға жергілікті бюджеттен 133,3 млн.теңге қаржы бөлу жоспарланған.