Арал өңірінің экологияға бағдарланған өңірлік дамуы

Арал өңірінің экологияға бағдарланған өңірлік дамуы

2021 жылғы 26 қаңтарда Нүкіс қаласында (Қарақалпақстан Республикасы) Өзбекстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен онлайн және оффлайн форматында Германияның экономикалық ынтымақтастық және даму федералдық министрлігінің (BMZ) тапсырысы бойынша Герман халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғамымен (GIZ) жүзеге асырылып жатқан «Арал өңірінің экологияға бағдарланған өңірлік дамуы» атты өңірлік жобасының бастапқы семинары өтті.

Семинардың ашылуы Өзбекстан Республикасының Ауыл шаруашылығы Министрінің, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасы орынбасарының, Қарақалпақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау және экология жөніндегі комитетінің төрағасы міндетін атқарушының, Германияның Экономикалық ынтымақтастық және даму федералдық министрлігінің (BMZ) саясат мәселелері жөніндегі аға қызметкерінің, Германия Федеративтік Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісінің орынбасары және Өзбекстан мен Қазақстандағы GIZ өкілдігінің директорының сәлемдеме сөздерінен басталды.

Семинар барысында жобаны іске асырудың мақсаттары мен тетіктері ұсынылды, сондай-ақ жобаны іске асыру шеңберінде Арал теңізі өңірінде экологияға бағдарланған инвестициялық шешімдер қабылдау үшін әлеуетті дамыту мақсатында ықтимал бағыттар мен жоспарланған бірлескен іс-шаралар талқыланды.

Семинар жұмысына Өзбекстан мен Қазақстанның мемлекеттік, ғылыми, жеке және халықаралық ұйымдарының жүзден астам өкілдері қатысты.