Қазақстан мен Қырғызстанның шекара маңындағы аудандарындағы деградацияға ұшыраған орман алқаптарын пилоттық ағаш өсіру және орманды қалпына келтіру

Қазақстан мен Қырғызстанның шекара маңындағы аудандарындағы деградацияға ұшыраған орман алқаптарын пилоттық ағаш өсіру және орманды қалпына келтіру

2020 жылғы 20 қарашада онлайн режимде «Қазақстан мен Қырғызстанның шекара маңындағы аудандарындағы деградацияға ұшыраған орман алқаптарын пилоттық ағаш өсіру және орманды қалпына келтіру» өңірлік жобасы ресми іске қосылды. Жобаны Қырғыз Республикасының Үкіметі жанындағы Қоршаған ортаны қорғау және орман шаруашылығы мемлекеттік агенттігінің орман экожүйелерін дамыту департаменті (ОЭДД) және Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті (ОШЖДК) ұсынды. Жоба Германияның Экономикалық ынтымақтастық және даму министрлігінің (BMZ) тапсырмасы бойынша Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамы (GIZ) (Deutsche Gesellschaft für Internationale Zusammmenarbeit GmbH) қолдауымен іске асырылуда.

Жоба екі елдің жергілікті жағдайларына бейімделген ағаш отырғызу, орман ландшафттарын қалпына келтірудің экономикалық тиімді тұжырымдамасын жасауға бағытталған. Жобаның бастапқы кезеңінде Қырғызстан мен Қазақстанның шекара маңы аумақтарындағы орман жамылғысының өзгеруі: ормандардың деградацияға ұшырауы және/немесе жоғалуы орын алған алаңдарды айқындау үшін 40-тан 70 жылға дейінгі кезеңде жерсеріктік түсірімдерді қолдана отырып, тарихи картографиялық деректерге (historical mapping of forest cover change) талдау жүргізілетін болады. Бұдан әрі, екі елдің жергілікті жағдайлары мен ұлттық саясаттарын ескере отырып, сондай-ақ процеске мүдделі тараптардың кең ауқымын тарта отырып, ағаш отырғызу және орманды қалпына келтіру үшін пилоттық учаскелер салуға арналған жерлер ОЭДД және ОШЖДК басшылығымен айқындалатын болады. Жобаның нәтижелері бойынша барлық процестер баяндалады, ал алынған тәжірибе құжаттандырылады. Осылайша әзірленген және тестілеуден өткен орманды қалпына келтіру үшін әлеуетті алаңдарды анықтау әдістемесі Қырғызстан мен Қазақстанға жоба тәжірибесін кеңейтуге мүмкіндік береді және екі елдің үкіметтеріне Бонн шақыруы халықаралық бастамасы аясында алған міндеттемелерін орындауға көмектеседі деп күтілуде.