
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев баяндады.
Оның сөзінше, қазір заңсыз ағаш кесуге байланысты жазаны күшейту үшін Қылмыстық кодекс пен әкімшілік кодекске, тағы да басқа нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізілмек.
«Соңғы кездері елді мекендерде ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою және зақымдау фактілері орын алғаны белгілі. Осыған байланысты Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп тәртіп бұзушылықтар үшін жазаны күшейтуге бағытталған бірқатар шараларды пысықтады»,- деді М. Мырзағалиев.
Мысалы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Жасыл екпелерді күтіп-ұстау мен қорғаудың үлгілік қағидаларына толықтыру енгізген. Оған сәйкес Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген ағаштарды заңсыз кесу, жою, зақымдау кезінде компенсациялық ОТЫЗ ағаш отырғызу, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға тиесілі нысандардың іргелес аумағындағы жасыл желекті екпелерді жойғаны үшін ОН ЕСЕ мөлшерде ағаш отырғызу көзделетін болады. Бұрын бұл нормалар осы Қағидаларда жоқ еді.
«Орман заңнамасын бұзудан келтірілген зиянның мөлшерін есептеу үшін базалық ставкаларға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізілді. Үкімет қаулысының тиісті жобасы осы аптада қабылданды. Оған сәйкес Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген әрбір заңсыз кесілген ағаш үшін зиянды өтеу мөлшерін 6 айлық есептік көрсеткіштен 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды»,- деді министр.
Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге де өзгерістер енгізілуде.
«Құқық бұзушылықтардың қайталануына байланысты айыппұлдарды жеке тұлғаға 10 айлық есептік көрсеткіштен 150 айлық есептік көрсеткішке дейін, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 30 АЕК-тен 450 айлық есептік көрсеткішке дейін, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 40 АЕК-тен 600 АЕК-ке дейін және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК-тен 1500 айлық есептік көрсеткішке дейін артады»,- деп айтты М. Мырзағалиев.
Қылмыстық кодекстегі өзгерістер бойынша, заңсыз кескендер 160 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін немесе 40 күнге қамауға алынуы ықтимал.
#жолдау2020 #қазақстанэкологиясы #экологияминистрлігі #заңсызағашкесу #орманқорынсақтау #жауапкершіліктіарттыру #жаза #күшейту