Құландарды қайта жерсіндіру жұмыстары туралы
Қазақ даласында «Құлан» сөзі өте кең тараған. Оны «Құлан ауданы», «Құланды», «Құланөтпес» және осы секілді елді мекендер мен өзен-көлдердің атауынан байқауға болады. Бұған себеп, құлан жануарының еліміздің түпкір-түпкірінде тіршілік етуінде болды.
Шөлді және жартылай шөлді жерді мекендейтін құланның ареалы өткен заманда Ресейдің европалық бөлігін, Батыс Сібір мен Қазақстанды, Орталық Азия мен Тибеттің шөлдерін, Араб түбегі мен Үндістанды қамтыған.
Қазақстан аумағында құланның үш түрі болған: моңғолдық, түрікмендік және қазақстандық. Моңғолдық түр - Шығыс Қазақстанды, қазақстандық - Орталық пен Оңтүстікті, ал түрікмендік Батыс өңірді мекен етті.
Ғалымдардың айтуы бойынша, ХVIII ғасырда Қазақстанда мыңдаған құлан болған.
Құландардың күрт азаюына 1879-1880 жж. және 1891-1892 жж. жұт себеп болды. Ал жұттан аман алған тақтұяқтыны аңшылар жаппай қырды. Осы зардаптардың салдарынан ХХ ғ. басында құлан табиғатымыздан толығымен жойылып кетті.
Қазақстанда құлан «сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар» категориясына енгізіліп, Қызыл кітаптың ІІ санатына ие болды.
Сонымен қатар, Халықаралық табиғатты қорғау одағының жойылып кету қаупі бар Қызыл тізіміне, СИТЕС конвенциясының ІІ қосымшасына осы санатта енгізілді.
1953 жылы Қазақстанның табиғатына құландарды қайта жерсіндіру бойынша жұмыстар басталды. Көрші Түрікменстанның Бадхыз қорығынан Барсакелмес қорығына он шақты түрікмендік құлан әкелінді. Генетикалық зерттеудің көрсеткіші бойынша құландардың түрлерінің ұқсастығында қатты айырмашылық болмаған. Сол себепті Арал өңіріне қоныс аударылған құландар тез бейімделіп, олардың саны жылдан жылға өсе бастады. 1980 жылдары Барсакелмес қорығының аумағындағы құландардың саны 272 басқа жетті.
Құландарды тарихи мекеніне қайта жерсіндіру жұмыстары оң нәтиже көрсеткеннен кейін, 1982 жылы жалғасын тауып, Барсакелместен 27 бас құлан Алтынемел ұлттық паркінің аумағына жіберілді. Бүгінгі күні ұлттық паркте олардың саны 4000-ға жетті.
Мемлекет тарапынан биологиялық әртүрлілікті сақтау бойынша атқарылып жатқан нақты жұмыстардың оңтайлы нәтижесінде құландардың, киіктердің, қарақұйрықтардың, арқар мен басқа да жабайы аңдардың саны өсуде.
2017 жылы Норвегия табиғат қорғау институты, Франкфурттық зоологиялық қоғамы және Қазақстандық биологиялық әртүрлілікті сақтау ассоциациясымен бірлесіп, шетелдік мамандардың тартылуымен құландарды көшіру жұмыстары қайта жалғасын тапты.
2017 жылдың күзінде Алтынемел ұлттық паркінен Алтын Дала резерватына 9 бас құлан әкелініп, 2019 жылы 3 бас құланмен толықты. Торғай атырабында мекен еткен құландар тарихи ортасына қайта оралды. Бұл жоба аясында Алтын Дала резерватының аумағына қырықтан аса құланды көшіру жоспарлануда.
Өкінішке қарай, осы өңірге көшірілген құландарға браконьерлер тарапынан заңсыз іс-әрекеттер тоқтамай тұр. Өткен жылдың желтоқсанында Қостанай облысындағы «Тасты» аңшылық шаруашылығының аумағында заңсыз кесілген құланның басы табылып, ішкі істер органдарымен қылмыстық іс қозғалды. Бұл екінші рет орын алған браконьерлік факты болды. Олар аңды аяусыз ату арқылы табиғатқа үлкен зардабын әкелуде.
Еліміздің аң-құсын сақтап қорғауда тек мемлекет қана емес, жергілікті халық белсенді атсалысу керек. Өркениетті елдерде қоғамның белсенді азаматтық борышының арқасында қоршаған орта сақталынып, қорғалуда. Дәл осындай сарында біздің қоғам жұмыс атқаруы тиіс.
Кең байтақ еліміздің табиғаты ерекше көрікті. Аң-құстың, ағаштың, өсімдіктің сан алуан түрі бар. Осы табиғи байлықтарымызды келер ұрпаққа сақтап қалу, біз үшін басты міндеттердің бірі болмақ. Ал бұл жауапты міндетті, тек жұмыла қоғам болып атқара аламыз.
Барлық қазақстандықтарды табиғатымызды сақтауға шақырамыз.