Шымкент қаласында көксеркені көбейту және тауарлық мақсатта өсіру мәселелеріне арналған өңірлік семинар өтті. Іс-шараны Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) мен Орталық Азия және Кавказ балық шаруашылығы және аквамәдениет жөніндегі өңірлік комиссиясы (CACFish) ұйымдастырды.
Семинарға Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Түркия, Украина, Чехия, Венгрия және Грузиядан балық шаруашылығы саласының халықаралық сарапшылары қатысты. Қазақстан атынан іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов қатысты.
Семинар барысында мамандар көксеркені жасанды жолмен көбейту, аналық үйірді қалыптастыру және басқару, уылдырықты инкубациялау, шабақ өсіру, балықты азықтандыру, оның саулығы мен биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ суды тұйық айналымда пайдалану жүйелерін қолдану мәселелерін қарастырды.
Бұдан бөлек, көксерке өсірудің экономикалық тиімділігіне және Қазақстандағы балық өсіру шаруашылықтарына озық технологияларды енгізу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
«Қазақстан үшін аквашаруашылықты дамыту стратегиялық маңызға ие. Біздің міндетіміз – балық өсіру көлемін ұлғайтып қана қоймай, заманауи технологияларды енгізуге, өндіріс тиімділігін арттыруға және отандық балық өнімдерінің түрін көбейтуге қолайлы жағдай жасау. Көксерке өсіру бойынша халықаралық тәжірибені зерделеу саланы әртараптандыруға және бизнестің жаңа бағыттарын дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашады», – деп атап өтті Серік Сермағамбетов.
Аквашаруашылық – Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың перспективалы бағыттарының бірі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде өсірілген балық көлемі 23 мың тоннаға жетті. Ал балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың саны 700-ге жуықтады.
Саланы дамытудағы маңызды қадамдардың бірі – 2025 жылғы «Аквамәдениет туралы» Заңның қабылдануы. Аталған заң мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге, ғылыми сүйемелдеуді дамытуға және инвестиция тартуға бағытталған.
Шымкентте өткен семинар халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, озық технологиялармен тәжірибе алмасуға және Қазақстанда аквашаруашылықты тұрақты дамытуға жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға ықпал етеді.
Шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу көксеркені көбейту мен тауарлық мақсатта өсірудің тиімді тәсілдерін айқындауға, сондай-ақ оларды отандық кәсіпорындарда қолдану мүмкіндіктерін бағалауға жол ашады.
Ақмола облысында бахтақ пен бекіре тұқымдас балықтарды өсіріп, өңдеуге, сондай-ақ аквашаруашылыққа арналған арнайы жем өндіруге бағытталған ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. «Poseydon» серіктестігі қолға алған жобаның жалпы құны – 7 млрд теңге.
Осы ретте кәсіпорын аумағында Құрылтай депутаттары мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің өкілдері қатысқан көшпелі кеңес отырысы өтті.
Жобаның негізгі бағыттарының бірі елімізде балық өсіруге арналған арнайы жем өндіру. Өндірістік цех сағатына 5 тонна жем шығаруға қауқарлы. Ал жылдық өндірістік қуаты 25 мың тоннаға дейін жетеді деп жоспарланып отыр.
Отандық жем өндірісін жолға қою балық өсіру шаруашылықтарын сапалы жеммен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және саланың өндірістік әлеуетін арттыруға жол ашады.
Кешен 2027 жылы іске қосылмақ. Онда 87 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген.
Инвестициялық жобаның жүзеге асуы өнеркәсіптік балық өсіру ісін кеңейтіп, тауарлы балық өндіру көлемін арттыруға және оны терең өңдеу саласын дамытады. Сонымен қатар отандық жем өндірісінің қалыптасуы валюта бағамының құбылуы мен логистикалық шектеулердің өнімнің өзіндік құнына әсерін азайтуға септігін тигізеді.
Жалпы, жоба Қазақстандағы аквашаруашылықты дамытуға және жем өндіруден бастап балық өсіру мен оны өңдеуге дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастыруға бағытталған.
Бұл еліміздің балық шаруашылығын дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың басымдықтарын қамтитын маңызды бастама саналады.
Алматы облысында тауарлық балық өндіру көлемін арттыруға, аквашаруашылықты дамытуға және балық шаруашылығының өндірістік әлеуетін күшейтуге бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру жалғасып жатыр.
Мәселен, Іле ауданының М.Түймебаев ауылында «Бақыт» кәсіпорны пайдалануға берілді. Кәсіпорын тауарлық балық өсірумен қатар, балық шаруашылықтарында балық өсіруге арналған тор қоршама құрылымдарын өндірумен айналысады.
Инвестициялық жобаның жалпы құны – 500 млн теңге. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 400 тоннаға дейін тауарлық балық өндіруге және жыл сайын 50-ге дейін тор қоршама және тор шығаруға мүмкіндік береді. 2026 жылы 100 тонна тауарлық балық өндіру жоспарланып отыр. Кейін өндіріс көлемі кезең-кезеңімен жобалық қуатына жеткізіледі.
Бұл – Қазақстанда балық өсіруге арналған торлы қондырғыларды өндіруге бағытталған алғашқы кәсіпорын. Отандық өндірісті жолға қою балық өсіру шаруашылықтарын қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге, саланың технологиялық мүмкіндіктерін кеңейтуге және аквакультура өндірісін ұлғайтуға қосымша мүмкіндік береді.
Жобаны іске асыруға балық шаруашылығына бағытталған мемлекеттік қолдаудың пәрмені ықпал етті. 2026 жылы балық өсіру шаруашылықтарына көрсетілген мемлекеттік қолдаудың көлемі 7,7 млрд теңгеге жетті. Соңғы жылдары еліміздегі балық өсіру шаруашылықтарының саны 707 болып, екі есеге артты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша отандық балық өсіру шаруашылықтарында 23 мың тонна тауарлық балық өсірілді.
Қазақстан Республикасының «Аквашаруашылық туралы» Заңын іске асыру аясында балық шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың кешенді тетіктері қалыптастырылды. Олар инвестициялық шығындардың бір бөлігін өтеуді, балық жемі мен балық шабағын сатып алуға жұмсалатын шығындарды субсидиялауды, сондай-ақ өндірушілердің шығынын азайтып, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған басқа да қолдау шараларын қамтиды. Бірқатар басым бағыттар бойынша инвестициялық шығындардың 25 пайызы өтеледі.
Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап балық өсіру және оны қайта өңдеу жобаларын жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие арқылы қаржыландыру тетігі енгізілді. 2026–2030 жылдарға жалпы құны шамамен 60 млрд теңге болатын 41 инвестициялық жобадан тұратын топтама қалыптастырылды. Оларды іске асыру балық өсіру, оны қайта өңдеу және балық жемін өндіру көлемін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.
Аквашаруашылық саласындағы мемлекеттік саясат өндірістің тұрақты өсуіне жағдай жасауға, жеке инвестицияларды тартуға, заманауи технологияларды енгізуге және отандық өндірістік базаны дамытуға бағытталған.
Ауыл шаруашылығы министрлігі балық шаруашылығына инвестиция тарту, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру және кәсіпорындарды технологиялық жаңғыртуға жағдай жасау бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр.
Қабылданып жатқан шаралар кешені аталған сала өндірісінің көлемін одан әрі ұлғайтуға, технологиялық әлеуетін арттыруға және бәсекеге қабілетті отандық балық шаруашылығын жүйелі түрде дамытуға бағытталған.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысы ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының, департаменттер мен комитеттер басшыларының қатысуымен өтті.
Жиынды ашқан Қоғамдық кеңес төрағасы Ержан Нұрбаев мемлекеттік қолдаудың тиімділігін бағалаудағы басты өлшем нақты экономикалық нәтиже болуы тиіс екенін атап өтті.
«Бүгінде агросекторға ауқымды мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді. Сонымен бірге сала алдында жаңа сын-қатерлер де тұр. Сондықтан қаржыландыру көлемін арттырумен қатар, бөлінген қаражаттың барынша тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету маңызды. Біздің міндетіміз – жүйелі мәселелерді дер кезінде анықтап, нарыққа қатысушылардың пікірін ескеру және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен жалпы экономикаға нақты пайда әкелетін шешімдер ұсыну», – деді Ержан Нұрбаев.
Жиын барысында мемлекеттік қолдау тетіктері мен инвестициялық бағдарламалардың тиімділігі, аквашаруашылықты дамыту, жер ресурстарын пайдалану, фитосанитариялық қауіпсіздік және азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Инвестициялық саясаттың маңызды нәтижелерінің бірі – өндіріс орындарын ашуға және қолданыстағы кәсіпорындарды кеңейтуге бағытталған жылдық 2,5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру бағдарламасының іске қосылуы.
Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында АӨК-тің 16 бағыты бойынша 245 жоба қаржыландырылды. Оның 150-і қазірдің өзінде пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 1,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Ауыл шаруашылығы өндірісінде де өсім байқалады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы жалпы өнім көлемінің нақты индексі 2023 жылғы 85,1%-дан 2025 жылы 113,2%-ға жетті.
Инвестицияның едәуір бөлігі сүт және ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға жұмсалды. 2023–2025 жылдары осы бағдарлама аясында 97 тауарлы-сүт фермасын салу жобасы қаржыландырылды. Оның 71-і пайдалануға беріліп, оларда 460 мың тоннадан астам сүт өндіріледі.
Барлық жоспарланған жобалар толық жүзеге асқан жағдайда, сүт өндіру көлемі 600 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Ет өндірісі де артып келеді. Бағдарлама басталғалы бері ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға арналған жалпы құны 33,8 млрд теңге болатын 27 жоба қаржыландырылды.
Өндіріс көлемінің ұлғаюы ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу нысандарын дамыту жұмыстарымен қатар жүріп жатыр.
Осылайша, мемлекеттік қолдау жекелеген жобаларды қаржыландырумен ғана шектелмей, агроөнеркәсіптік кешендегі құрылымдық өзгерістерге серпін беретін маңызды құралға айналып келеді. Жеке инвестицияларды тарту, жаңа өндірістер ашу, мал шаруашылығы мен қайта өңдеу салаларын дамыту АӨК-тің орнықты өсуіне және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға берік негіз қалайды.
Кездесуде аквашаруашылықты дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда сала субъектілерінің 698-ін қамтитын тізілім жасақталған.
2027 жылдан бастап аквашаруашылық саласын бақылау, оның субъектілері туралы мәліметтерді жүргізу және өнімнің шығу тегі мен қозғалысын қадағалау үшін E-Fish ақпараттық жүйесіне арнайы модуль енгізу жоспарланып отыр.
АӨК-ке инвестиция тарту қарқыны да сақталуда. 2026 жылға арналған Жол картасы бойынша жалпы құны 1,3 трлн теңге болатын 161 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұдан бөлек, жалпы сомасы 3,2 млрд АҚШ долларын құрайтын 13 инвестициялық келісімге қол қойылды.
Импортты алмастыру бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Негізгі азық-түлік тауарларының басым бөлігі бойынша ішкі нарықтың отандық өніммен қамтылу деңгейі 80%-дан жоғары. Басым бағыттардың қатарында қант, құс еті және сүт өнімдерін өндіру бар.
2026 жылғы қаңтар–тамыз айларында азық-түлік өндірісінің көлемі 2,8 трлн теңгеге жетті. Нақты көлем индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 112,9%-ды құрады.
Жиын қорытындысында Ержан Нұрбаев алдағы өсім көрсеткіштерді арттырумен ғана шектелмей, мемлекеттік ресурстарды ұтымды әрі сапалы пайдалануға негізделуі тиіс екенін атап өтті.
«Салаға қойылып отырған міндет – көрсеткіштерді жай ғана арттыру емес, сапалы әрі орнықты өсімді қамтамасыз ету. Бұл үшін жүйелі шешімдер қабылдап, бюджет қаражатын тиімді жұмсау және мемлекет, бизнес пен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін нақты нәтижелерге тұрақты бақылау жүргізу қажет. Қоғамдық кеңес бұл жұмысқа бұдан әрі де үлес қосып, сындарлы пікір алмасуға жағдай жасауға дайын», – деп қорытындылады Қоғамдық кеңес төрағасы.
Жиын барысында айтылған барлық ұсыныстар мен ұсынымдар талданып, тиісті жұмыстарда ескерілетін болады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында ұйымдастырылған сенбілікке қатысты.
Сенбілік барысында қатысушылар қоғамдық орындарды тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Көшелер мен аулалар қоқыстан тазартылып, аумақтар ретке келтірілді.
«Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, экологиялық мәдениетті арттыру және табиғатқа жауапкершілікпен қарау құндылықтарын қалыптастыру.
Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы уақытта да «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы экологиялық және абаттандыру іс-шараларына белсенді қатысатын болады.
Қазақстанда «Таза Қазақстан» республикалық ауқымды экологиялық бастамасы аясында «Өзенге өмір сыйла» акциясы жалғасып жатыр.
Бүгінде акция аясында еліміздің бірқатар су айдындарына әртүрлі балық түрлерінің 300 мыңға жуық шабағы жіберілді.
Балықтандыру жұмыстары Сырдария, Нұра, Сілеті және Соколовка өзендерінде, сондай-ақ Қапшағай және Ақтөбе су қоймаларында жүргізілді.
Акцияға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, экология департаменттерінің қызметкерлері, табиғат пайдаланушылар, қоғамдық белсенділер, жоғары оқу орындарының студенттері, блогерлер мен өңір тұрғындары қатысты.
Экологиялық іс-шараларға барлығы 500-ге жуық адам қатысып, 50-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды.
Жұмыстар барысында су айдындарына тұқы, ақ амур, сазан, шортан, мөңке және дөңмаңдай сияқты балық түрлерінің 280 мыңнан астам шабағы жіберілді.
«Өзенге өмір сыйла» экологиялық акциясы су айдындарындағы балық ресурстарын сақтау және толықтыруға, су биоресурстарын қорғауға, сондай-ақ олардың санын қалпына келтіріп, көбейтуге бағытталған.
Акция жалғасуда. Алдағы уақытта еліміздің басқа да су айдындарында балықтандыру жұмыстары жүргізіледі.
Атырау облысында балық шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатты іске асыру аясында балық аулау және балық өнімдерін қайта өңдеу көлемін арттыруға, саланың тиімділігін көтеруге, экспорттық әлеуетті дамытуға және отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтуге бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде.
2026 жылғы қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша өңірде 5 530 тонна балық ауланды.
Оның едәуір бөлігі сыртқы нарықтарға шығарылуда. Есепті кезеңде 4 643 тоннаға жуық балық өнімі экспортталды. Бұл жалпы ауланған балық көлемінің 84%-ын құрайды.
Экспорттың өсуі қазақстандық балық өнімдеріне шетелдік нарықтарда сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Бұл саланы одан әрі дамытуға серпін береді.
Өңір кәсіпорындары өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында өндірістік әлеуетті жаңғыртып, өнім түрлерін кеңейтуде, балықты қайта өңдеудің заманауи технологияларын енгізіп, өткізудің жаңа нарықтарын игеруде.
Әсіресе, балықты қайта өңдеу секторын дамытуға, шикізатты өңдеу деңгейін арттыруға және өндірілетін өнімнің сыртқы нарықтардың талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл шаралар тұрақты өндірістік базаны қалыптастыруға, сондай-ақ өнімнің қосылған құнын ел ішінде арттыруға бағытталған.
Қазіргі уақытта өңірде балық өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын 8 кәсіпорын жұмыс істейді.
Балық шаруашылығын дамыту – агроөнеркәсіптік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл сала азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, елдің экспорттық мүмкіндіктерін арттыру және өңірлер экономикасының дамуына ықпал ету тұрғысынан маңызды рөл атқарады.
Балық шаруашылығын дамыту жұмыстары тұрақты бақылауда.
«Organic Fish» серіктестігі теңіз аквашаруашылығын дамыту жобасын іске асыруды жалғастыруда. Кәсіпорын Каспий теңізінің терең сулы бөлігінде заманауи торлы технологияларды қолдана отырып, бағалы албырт тұқымдас балықтарды өсіруге маманданған.
Алғашқы үш теңіз торы былтырғы жылғы қыркүйекте орнатылды. Әр тордың диаметрі 38 метрді құрайды. Оларға жалпы салмағы 20 тонна болатын 95 мың дана шабақ жіберілді. Өсіру кезеңінде балықтар теңіз жағдайына сәтті бейімделіп, олардың орташа салмағы бастапқы 200 грамнан 1,8–2,5 килограмға дейін артты.
Кәсіпорын алғашқы 150 тонна тауарлық балықты ағымдағы жылдың қыркүйегінде алуды жоспарлап отыр. Өнім ішкі нарыққа бағытталады. Бұл отандық балық өнімінің ұсынысын арттырып, ел ішінде балық өндіру мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Өндіріс қуатын кезең-кезеңімен арттыру көзделген. Болашақта кәсіпорын жылына 5 мың тонна тауарлық балық өндіру көлеміне жеткізуді жоспарлап отыр.
Ағымдағы жылы бөлінген учаскелерге тағы үш теңіз торы орнатылады. Оларды іске қосып, кейін балықтандыру жұмыстарын қыркүйек айының басына дейін аяқтау жоспарланған.
Осылайша, торлардың жалпы саны алтыға жетеді. Жыл соңына дейін оларға 470 мың дана шабақ жіберу жоспарланып отыр. Шабақтардың орташа салмағы 200–300 грамм болған кезде, жалпы биомасса 114 тоннаны құрайды.
Алдағы уақытта кәсіпорын торлардың санын және өндіріс көлемін кезең-кезеңімен арттырады. Жоспарға сәйкес, 2027 жылы тауарлық балық өндірісінің көлемі 1,3 мың тоннаны құрайды. Ал 2028 жылы өндірісті жылына 5 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
Каспий теңізінде торлы әдіспен балық өсіру саланың жаңа технологиялық құзыреттерін қалыптастырып, Қазақстанда балықты өнеркәсіптік өндіру көлемін арттыруға жағдай жасайды.
Өндірістің ұлғаюына қарай жоба өңірдегі балық шаруашылығын дамытудың жаңа бағыттарының біріне айналып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге үлес қосатын болады.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті 2026 жылғы 1 қыркүйекте сағат 10.00-де (Астана уақыты бойынша) Жетісу облысының Балқаш көлінің резервтік учаскесін бекіту бойынша конкурс өтетінін хабарлайды.
Конкурс ҚР АШМ 2025 жылғы 22 қазандағы № 393 бұйрығымен бекітілген Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін бекіту жөніндегі конкурсты өткізу қағидаларына (бұдан әрі - Қағидалар) сәйкес өткізілетін болады.
Балқаш көлінің келесі учаскелері конкурсқа қойылады:
1) Балқаш көлінің №56 Асанбайкөл балық шаруашылығы учаскесі;
2) Балқаш көлінің Шөмішкөл-Қарабас (№ 10, 11(1,2), 12(1,2), 13(1)) балық шаруашылығы учаскесі;
Конкурсқа шығарылатын учаскелер 10 жылға дейінгі мерзімге кәсіпшілік балық аулау шаруашылығын жүргізу мақсатында бекітілетін болады.
Конкурсқа қатысу үшін алдымен веб-порталда келесі ақпараттарды көрсете отырып, тіркелу қажет (https://e-qazyna.kz/):
1) жеке тұлғалар үшін: жеке сәйкестендіру нөмірі, тегі, аты және әкесінің аты (бар болса);
2) заңды тұлғалар үшін: бизнес-сәйкестендіру нөмірі, заңды тұлғаның толық атауы, Бірінші басшының тегі, аты және әкесінің аты (бар болса);
3) кепілдік жарнаны қайтару үшін екінші деңгейдегі банктегі есеп айырысу шотының деректемелері;
4) байланыс деректері (заңды мекенжайы, телефоны, e-mail).
Өтінім Қағидалардың 3-қосымшасына сәйкес толтырылады.
Сондай-ақ, қатысушы не қатысушының атынан кез келген жеке немесе заңды тұлға бірыңғай оператордың шотына конкурс өткізу туралы хабарламада көрсетілген мөлшерде және мерзімдерде кепілдік жарна енгізеді.
Кәсіпшілік балық аулауды жүзеге асыру мақсатында балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін бекіту жөніндегі конкурсқа қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптары:
3) аумақтық бөлімшелерден (бұрын балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері бекітіліп берілген конкурсқа қатысушылар үшін) алынатын балық шаруашылығы субъектілерін дамыту жоспарларына сәйкес қаржылық және басқа да міндеттемелердің орындалуы туралы мәліметтер (электрондық көшірме).
Қатысушыларды қабылдау және тіркеу 2026 жылғы 14 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында сағат 10.00-ге дейін (Астана қ. уақыты бойынша) жүзеге асырылады.
Анықтама телефондары:
8 (7172) 74-78-45, 8 (7172) 74-78-46, 8 (7277) 22-39-14.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті 2026 жылғы 18 тамызда сағат 10.00-де (Астана уақыты бойынша) Жетісу облысының Сасықкөл көлінің резервтік учаскесін бекіту бойынша конкурс өтетінін хабарлайды.
Конкурс ҚР АШМ 2025 жылғы 22 қазандағы № 393 бұйрығымен бекітілген Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін бекіту жөніндегі конкурсты өткізу қағидаларына (бұдан әрі - Қағидалар) сәйкес өткізілетін болады.
Сасықкөл көлінің келесі учаскелері конкурсқа қойылады:
1) Сасыккөл көлінің Подхоз-Шырмауык №2 (№ 3-4) балық шаруашылығы учаскесі;
2) Сасықкөл көлінің Жарсуат-Карамойын-Байбола №5 (№ 7-9) балық шаруашылығы учаскесі;
3) Сасықкөл көлінің Ширяев, Айдар, Каратентек №6 (№ 11-13) балық шаруашылығы учаскесі.
Конкурсқа шығарылатын учаскелер 10 жылға дейінгі мерзімге кәсіпшілік балық аулау шаруашылығын жүргізу мақсатында бекітілетін болады.
Конкурсқа қатысу үшін алдымен веб-порталда келесі ақпараттарды көрсете отырып, тіркелу қажет (https://e-qazyna.kz/):
1) жеке тұлғалар үшін: жеке сәйкестендіру нөмірі, тегі, аты және әкесінің аты (бар болса);
2) заңды тұлғалар үшін: бизнес-сәйкестендіру нөмірі, заңды тұлғаның толық атауы, Бірінші басшының тегі, аты және әкесінің аты (бар болса);
3) кепілдік жарнаны қайтару үшін екінші деңгейдегі банктегі есеп айырысу шотының деректемелері;
4) байланыс деректері (заңды мекенжайы, телефоны, e-mail).
Өтінім Қағидалардың 3-қосымшасына сәйкес толтырылады.
Сондай-ақ, қатысушы не қатысушының атынан кез келген жеке немесе заңды тұлға бірыңғай оператордың шотына конкурс өткізу туралы хабарламада көрсетілген мөлшерде және мерзімдерде кепілдік жарна енгізеді.
Кәсіпшілік балық аулауды жүзеге асыру мақсатында балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін бекіту жөніндегі конкурсқа қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптары:
3) аумақтық бөлімшелерден (бұрын балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері бекітіліп берілген конкурсқа қатысушылар үшін) алынатын балық шаруашылығы субъектілерін дамыту жоспарларына сәйкес қаржылық және басқа да міндеттемелердің орындалуы туралы мәліметтер (электрондық көшірме).
Қатысушыларды қабылдау және тіркеу 2026 жылғы 31 шілде мен 18 тамыз аралығында сағат 10.00-ге дейін (Астана қ. уақыты бойынша) жүзеге асырылады.
Анықтама телефондары:
8 (7172) 74-78-45, 8 (7172) 74-78-46, 8 (7277) 22-39-14.