
Ағымдағы жылдың басынан бері Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері браконьерлерден мұз астына жіберілетін «теледидарлар» немесе «экрандар» деп аталатын 47 қолдан жасалған балық аулау құралдарын тартып алды. Бұл туралы инспекцияның ресми өкілі Олег Тушканов мәлімдеді.
Инспекция балықшыларға рұқсат етілген балық аулау құралдары туралы еске салады, олардың арасында әр түрлі үлгідегі қармақтар, блесналар (жылтырауық темір қармақ), мормышкалар, жерлицалар, воблерлер және троллдар бар. Қармақтар мен ілгектер саны шектеусіз, бір шыққанда балықшыға 5 кг-ға дейін бір-бірлеп қана балық аулауға рұқсат етіледі.
Су айдындарының ихтиофаунасына зиян келтіретін электр қармақтарды, «шошыту» үшін қолдан жасалған ілмектерді, ауларды және басқа да заңсыз құралдар мен балық аулау тәсілдерін пайдалануға қатаң тыйым салынады. Бұзушылық үшін 76 640-тан 157 280 теңгеге дейін айыппұл қарастырылған.
Инспекторлар рейдтік іс-шараларды жалғастыруда және Инспекция балықшыларды балық аулаудың белгіленген ережелерін сақтауға шақырады.