Қостанай облысында балықты қырылудан құтқаруда

Қостанай облысында балықты қырылудан құтқаруда

Қостанай облысының балық шаруашылығы су айдындарында балық ресурстарының өлімін болдырмау мақсатында балықтардың қырылуына қарсы іс-шаралар жүргізілуде.

Тобыл-Торғай облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының деректері бойынша жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының тізбесіне 392 су айдыны енгізілген. Бірінші кезекте іс-шаралар балық ресурстарының қырылып қалу қаупі бар жерде өткізіледі.

Мәселен, 2025 жылғы 25 ақпанда инспекторлық құрамның, «Комаров тау-кен кәсіпорны» ЖШС мамандары мен еріктілердің қатысуымен Аят өзенінің учаскесінде жүздеген тесіктер бұрғыланды, қамыс баулары орнатылды және суды оттегімен қанықтыру мақсатында аэрация жүргізілді.

Мұндай акциялар мұз ерігенге дейін өткізіледі.

Бекітілген су айдындарында мұндай жұмыстарды балық шаруашылығы субъектілерінің өздері (пайдаланушылар) жүргізеді.

Резервтік су айдындарында балықтардың қырылып қалу құбылыстарын болдырмау мақсатында балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері жергілікті халықты бей-жай қалмауға және мүмкіндігінше жақын маңдағы су айдындарында суды оттегімен қанықтыру бойынша жұмыстар жүргізуге шақырады.

Қазақстанда балықтардың қырылу құбылыстарының түрлі себептері орын алуда. Көбінесе балықтың өлімінің себебі қыста оттегінің жетіспеушілігі немесе су айдындарының тайыздауы болып табылады.