
Каспий итбалығы – Каспий теңізінің фаунасындағы сүтқоректілердің жалғыз өкілі және эндемигі. Ол жоғарғы трофикалық байланыстың өкілі және жыртқыш болып табылады. Оның негізгі тамағы – балықтар, негізісі машабақ, бұзаубас, атерина, сондай-ақ моллюскалар мен креветкалар.
Теңіздің қазақстандық секторында Каспий итбалығының мекендейтін жерлері Солтүстік Каспий акваториясын және орта Каспийдің жағалау суларын құрайды. Солтүстікке (оңтүстікке) миграцияланған кезде итбалықтар Түркіменстандағы шекарадан бастап Қазақстан жағалауы бойындағы Жайық (Орал) өзенінің сағасына дейін «миграция коридорын» пайдаланады.
Жылы мезгілде итбалықтар бүкіл Каспий теңізінде мекендейді және ешқандай үлкен шоғырлар түзбейді. Қараша айында итбалықтардың Оңтүстік және Орта Каспийден Солтүстік Каспийге миграция аяқталады және итбалықтарды солтүстік-шығыс Каспийдің бүкіл су аймағында кездестіруге болады, олар мұз қатқанға дейін қоректенеді.
Қарашаның аяғынан желтоқсанның аяғына дейін Комсомолец шығанағынан Жайық өзенінің атырауына дейінгі теңіздің солтүстік-шығыс бөлігінің таяз аудандарын мекендейді және ол жерлерді итбалықтар көші-қонға, қоректенуге және демалуға пайдаланады.
Мұздың қалыптасу кезеңінде және мұз маусымы кезеңінде (қарашаның аяғынан наурызға дейін) итбалықтар Солтүстік Каспийдің батыс және шығыс бөлігін, оның орталық акваториясын, сондай-ақ Орал Бороздина ауданын (желтоқсаннан наурызға дейін) белсенді пайдаланады.
Каспий итбалықтарының көбеюі, қоректенуі, жұптасуы және түлеуі қаңтар-наурыз айларында Солтүстік Каспий мұздары мен аралдарында өтеді.
Қыста жыныстық жағынан жетілген аналық дарақтар күшіктеуге және күшіктерді қоректендіру мақсатында мұзға келеді. Аналық дарақ бір күшікті, сирек екеуін дүниеге әкеледі. Лактация кезеңі көп жағдайда қаңтардың екінші жартысында басталып, наурыз айының ортасында аяқталады.
Ағымдағы жылы мұз қату 2023 жылғы желтоқсанның екінші онкүндігінен басталды. Қазгидромет теңіз станциялары мен бекеттерінің ғарыштық суреттері мен жедел деректеріне сәйкес, Каспийдің солтүстік жағалауында қалыңдығы 16 см-ге дейін мұз жамылғысының пайда болуы байқалады. Ғылыми ұйымның пікірінше, мұздың бұл қалыңдығы каспий итбалықтарының көбеюіне қолайлы.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкері «НКОК» қызметкерлерімен бірлесіп Каспий итбалығын мониторинг жүргізу мақсатында 2024 жылғы 26 қаңтардан бастап кемемен теңізге шықты.
Ағымдағы жылдың 7 ақпанындағы жағдай бойынша Құлалы, Қаламқас аралында итбалықтардың күшіктері анықталды. Итбалықтардың жаппай күшіктеуі 10-25 ақпан аралығында болатынын айта кеткен жөн.
Мониторингтік зерттеулерге сәйкес (26 қаңтардан 7 ақпанға дейін) жануарлардың жағдайы қанағаттанарлық, ауру және әлсіз жануарлар байқалған жоқ.
Айта кету керек, итбалықтардың популяциясында көбею процесіне қатыспайтын итбалықтар бар (еркектер, қысыр, ауру итбалықтар), сондықтан итбалықтардың барлық дарақтары Оңтүстік Каспийден Солтүстік Каспийге миграцияланбайды.
Итбалықтардың көбею барысын бақылау жалғасуда.