2023 жылғы 15 қазан сағат 10-40-та Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасы қызметкерлері Каспий теңізінің жағалауына мониторинг жүргізу барысында Түпқараған ауданында Баутино ауылының маңында 25 өлі итбалық ұшасы мен 33 дана бекіре тұқымдас балықтарды тапты.
Айта кету керек, табылған теңіз жануарлары мен балықтардың өлекселері әр түрлі дәрежеде ыдыраған, бұл олардың өлімі әр уақытта болғанын көрсетеді.
Қолданыстағы өзара іс-қимыл схемасына сәйкес, осы факт туралы жұмыс тобының барлық мүшелері (жергілікті атқарушы органдар, мамандандырылған ғылыми ұйымдар, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы, Гидробиология және экология институты, Қазақстандық қолданбалы экология агенттігі, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы, облыстың ветеринариялық қызметі, экология және полиция департаменттері, табиғатты қорғау прокуратурасы) хабардар етілді.
Итбалық табылған жердегі жұмыс тобын Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары басқаруда. Қазіргі уақытта жұмыс тобының қалған мүшелері су, ауа, топырақ сынамаларын алу үшін және мүмкін болса, өлі жануарлар мен балықтардың тіндерінен сынамалар алу үшін келеді деп күтілуде.
Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлар түрлерінің жойылу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қосымша ақпарат түсуіне қарай ұсынылатын болады.
Анықтама: Қазақстандық қолданбалы экология агенттігінің қызметкерлері Каспий теңізінің қазақстандық және ресейлік секторларының акваториясындағы ресейлік ғылыми мекемелермен бірлесіп 2022 жылдың аяғы мен 2023 жылдың басындағы қысқы кезеңде итбалықтардың шоғырлануы кезеңінде жүргізген санау қорытындысы бойынша есептелген итбалықтардың жалпы саны 259 872 құрайды (Каспий теңізінің қазақстандық секторында - 240 168, ресейлік секторда - 19 704).